«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Эпостарды сөйлеткен суретші

0 35

Бүгінде елордадағы Әскери-тарихи музейінде белгілі суретші, қазақтың қару-жарақ этнографиясын зерттеуші, тарихшы-ғалым Қалиолла Ахметжанның «Миф. Эпос. Тарих» атты жеке көр­месі өтуде. Айта кетейік, бұл көрменің тақырыбы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған өзекті ойлармен сабақ­тасып жатыр.

Көрмеге автордың әр жылдары түрлі жанрларда салған еңбектері – картиналар, кітап иллюстрациялары, мультфильм эскиздері, музей экспозициясының жобалары қойылған. Қылқалам шеберінің туындыларында көне мифтер, эпостар және ертегілердегі кейіпкерлер мен ұлы тұлғалар бейнелері айшықты бедерленген. Әсіресе, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу эпосының кейіпкерлері картинадан ерекше көз тартады. Бір ерекшелігі, суретші эпикалық кейіпкерлер мен өткен дәуірдегі қазақ жауынгерлерінің киімдері мен қару-жарағын этнографиялық тұрғыда тарихи дәлдікпен суреттейді.
Қалиолла ағамыздың көп жыл­дардан бері ұлттық қару-жарақты індете зерттеп жүргенін білеміз. Соның нәтижесінде шебер байырғы бабаларымыз ұс­таған қару-жарақтың ғылыми-графикалық суреттерін жасады. Көрмеге қойылған осындай графикалық жобалар мен сақ, түркі және қазақ жауынгерлерінің тарихи заттық реконструкциясы ешкімді бей-жай қалдырмайды. Тарихтың тылсым сырлары көп екендігін түсінесіз.
«Кеңес өкіметі кезінде көшпен­ділердің ешқандай ұлттық қару-жарағы болмады деп жазды. Бірақ мен архивте отырып зерттеу жүргізгенімде, бабаларымыз қолданған қару-жарақтың біраз екендігін білдім. Сол кезеңде Худяков, Соловьев секілді орыс ғалымдары археологиялық зерттеу жұмыстарында орта ғасырда өмір сүрген көшпелі жұрт ұстаған қару-жарақ түрлерінің көптігін дәлелдеді. Мен өз еңбектерімде орта ғасырдағы шығыстық миниатюраларды, балбалдарды қолданамын» деді автор.
Сондай-ақ, көрмеге қылқалам шеберінің мерзімді баспасөзде жарияланған ғылыми мақа­ла­­лары, музей қорларындағы қару-жарақты зерттеген қол­жазбалары, жазған кітаптары да ұсынылған.
Бүгінде Қалиолла Ахмет­жан­ның есімін жалпақ қазақ даласы ғана емес, алыс-жақын шетел жұртшылығы да жақсы біледі. Азия пен Еуропаның бірқатар елдерінде жеке көрмесі өткен. Сонымен қатар суретшінің жұ­мыстары АҚШ, Швеция, Пәкістан, Жапония, Германия, Иран, Қытай, Түркия секілді мемлекеттердегі жеке коллекцияларда сақтаулы. Айтпақшы, көрме 25 наурызға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды