«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еңсесі түзу еңкеймес

0 340

Бұғанасы қатпаған баланың он-он бес келі рюкзакты әрең арқалап бара жатқанын жиі көреміз. Тілерсегін майыстырып, белін қайыстырған арқасындағы жүктің салмағы бала бойының түзу өсіп, орнықты дамуына кері әсерін тигізеді. Сол себепті де, уақытылы профилактикалық қаралудан өтіп, тірек-қимыл мүшелерінің, соның ішінде омыртқа жотасының дұрыс қалыптасуын анықтай білу керек. Егер жасөспірімнің тал бойындағы кінәратты алдына ала анықтай білсе, бұғананың қисық өсуіне жол берілмейді.

Омыртқалардың қисаюын (сколиоз) омыртқа діңгегінің қисаю бұрышына қарай 4 сатыға бөледі. Егер 10 градусқа дейін қисайса, оны бірінші саты деп анықтайды. 25 градусқа дейін екінші сатысы десек, 40 градусқа дейінгісі үшінші сатысына жеткені, одан әрі қарай төртінші сатысында ауру асқынып, арқасы құныс, бүкірлікке алып келеді. Алғашқы екі сатысында дене шынықтыру, суда жүзу, сылап-сипау арқылы емдеп, ауыр жүк көтертпей қалпына келтіруге болады. Үшінші сатысында дәрігерлер осы емдерге «корсет» қосады. Одан түзелмесе, хирургиялық ота жасалып, қисық өскен омыртқаны темір құрсаумен түзетеді.
Осы мәселе төңірегіндегі ойымызды өрбіте келе, «Ана мен бала» ұлттық-ғылыми орталықтың ортопедия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санаттағы ортопед-травматологы Болат Нағымановпен кездесіп, елордадағы ортопедиялық-вертебралды хирургияның дамуына қысқаша шолу жасадық.
– Статистика мәліметтеріне жүгінетін болсақ, бүгінгі таңда 18 жасқа дейінгі балалардың 35-40 пайызының еңсесі бұзылған. Соның ішінде 10-15 пайызы сколиоз деп аталатын, омыртқа жотасының қисаюымен ауырады. Оның 2 пайызға жуығы оперативтік емді қажет етеді. Яғни, ота жасап, сүйекті темірмен құрсаулап түземесе болмайды. Орта есеппен алғанда, бүкіл еліміздегі балалардың бес мыңдайы осы науқаспен ауыратыны анықталып отыр. Бұл – үлкен проблема. Алайда осы уақытқа дейін балаларды жаппай скринингтен өткізген емес. Шын мәнісінде жағдайдың қандай екенін скринингсіз нақты айту қиын.


Бұл – баланың сымбатын ғана бұзатын олқылық емес, ішкі ағзасының дұрыс дамуына кедергі келтіретін ауру. Жүрек, тыныс алу, ас қорыту органдарының жұмысы нашарлауы омыртқаның қисаюына тікелей байланысты. Бұған косметикалық дефект деп қарауға болмайды. Мұны тұтас организмнің кеселі деп қарау керек.
Айта кетсек, 2000 жылға дейін омыртқа қисаюының хирургиялық емі жоқ болды. Әлемдік тәжірибеге қарағанда, экономикасы дамыған елдерде елуінші жылдардан бастап омыртқаға ота жасай бастады. Ал біздің еліміз 2000 жылдан бері ғана осы салаға бет бұрды. Айта кету керек, алғашқы жылдар ізденумен, саланың негізін қалыптастырумен өтті. Омыртқаға ота жасауды 2013 жылы бастадық, бастапқы жылдары отыз-қырықтай ота жасалса, бүгінгі таңда жылына 150-дей ота жасаймыз. Ондағы айтайын дегенім, бұл аурулар көбейіп жатқан жоқ. Бір деңгейде тұр. Бірақ кеселді анықтау, дер кезінде маман-дәрігерге тексерілуі, халықтың ақпараттануы жоғары деңгейге көшті. Жер-жерде осы мәселемен айналысатын дәрігерлер жеткілікті, бөлімшелер де ашылып жатыр. Олар науқасқа тек хиругия­лық ем көрсетуден басқа жол жоғын анықтағанда, біздің орталыққа жіберіп отырады. Бұрындары Ресейге, басқа шетелге ота жасататын болса, қазір омыртқа жотасын өзіміз түзеп, жаңа әдістерді игеріп, саланың қызметі дами түсті.
Омыртқа қисаюын екі топқа бөлуге болады. Іштен туа біткен дамуы ақауына байланысты болса, жүре пайда болатын түрі де бар. Жүре пайда болғанының ішінде осы дертке шалдыққандардың үлкен үлесін, идопатикалық сколиоз 80 пайызын құрайды. Оның неден пайда болатыны ғылым әлі анықтаған жоқ.
Біздің орталықта алғашқы ота жасалған балалардың алды 18-ге келді. Олар үнемі диспансерлік есепте тұрып, жыл сайын тексеріліп отырады. Өйткені бұл – өте күрделі ота. Омыртқаны бекіткен темір құрсау сүйектен шығып кетуі де, морт сынуы да мүмкін, орны іріңдеп не қан жиналып, басқа да асқынуылары шығады. Әлемде отадан кейін омырт­қа 50 пайызға түзелсе, қанағаттанарлық деп бағалайды, біздің өзіміздің көрсеткішіміз бойынша 70 пайызға түзейміз» деді Болат Нағыманов.
Әр баланың даму ерекшелігі әртүрлі болады. Ал баланың еңсесі қисық өсіп бара жатқанын кигені киімі иығына шақ келмей, екі жауырыны бір сызықтың үстіне түспей, кеудесі де ассимметриялы болып көрінсе, дабыл қағу керек. Күн ұзағына тап­жылмастан отырғанда, тұрғанда белі, арқасының бұлшық еттерінің үздіксіз ауруынан секем алуға болады. Жайбарақаттыққа салынбай баланы ортопед, хирург дәрігерлерге көрсетіп, дер кезінде кеңесін алсаңыздар, ауруды асқындырмауға болады. Асқынса, пышаққа түсіп, жотасын темір білеумен құрсаулатып, баланың бейнет көретінін естен шығармаңыздар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды