«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еңбекке баулуды неге ұмыттық?

0 78

Бірде мектебімізде сенбілік болды. Шығып, балалардың арасына барып едім, көңілім түсіп кетті. Он алты-он жеті жастағы ересек ұл­дарымыздың өзі қолдарына күрек ұстауды білмей­ді екен. Дәл осы күні біз­дің ұлтқа ұлды нағыз жігітше тәр­­биелейтін бір мінез жетіспей жат­қанын ұқтым.

Тағы бір жолы мектепте балалар өз парта, орындықтарын тазалап, сенбілік жасаған екен. Артынша кабинетіме бір жас ана келді. Өзі ашулы. «Сіздер баламызды қинап жұмысқа салады екенсіздер» дейді. «Қалай? Ол мүмкін емес» дедім. Сөйтсем, әлгі ана баласының қолына шүберек ұстатып, парта сүрткізгенімізді айтып отыр. «Менің балам үйде ешнәрсе істемейді. Қолына шүберек ұстап көрме­ген. Сіздер оны қара жұмыс істеуге мәж­бүрлей алмайсыздар!» деді ашуланып…
Міне, бізде осындай ата-аналар бар. Олар баланың киімін бүтіндеп, тамағын тоқ қылсақ жеткілікті деп ойлайтын шығар. Бірақ «тәрбиесіз берілген білім адамзатқа қауіпті» демей ме Әл-Фараби. Менің ойымша, біз балаларымызды еңбекке де тәрбиелеуіміз керек. Ол баланың болашағына қажет болары сөзсіз. Еңбекке үйренген бала сабырға, шыдамдылыққа үйренеді. Еңбекке үйрену арқылы олардың танымы кеңейеді, өмірдің мәнін түсінеді. Өмір деген бір орында тұрмайды. Алда кімді не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Кезінде еңбек сабағында ұл балалар шыбық отырғызып, ағаштан орындық, құстың ұясы секілді түрлі бұйымдар жасап, қыздар жағы тамақ, салат дайындап, тігін тігіп үйренуші еді. Олар жаман болды ма? Тіпті, мектеп оқушылары ауылда жалғызілікті адам болса, сол кісінің үйіне барып, отын-суын тасып, қыздар үйін тазалап көмектесетін. Батасын алатын. Қайырымдылық қасиеттерін бойына сіңіретін. Оның несі артық?!
Бір жолы кабинетіме ақсақал келді. Өмір көрген үлкен кісі ғой, сәлемдескен соң: «Осы мектепте оқитын немерем бар. Қыз бала. Сол үйде кешке дейін телефонға үңіліп, отыра береді. Тоғыз-оныншы сыныпқа келсе де, шәй қойып, дастархан жасауды білмейді. Үйде қолына сыпырғы ұстамайды. Сіздер мектепте не үйретесіздер?» деді. Түсінгенім, үйде өзінің анасы мен әкесі де еркелетіп, түк істетпейді екен. Ақсақал соны көріп, жаны ауырып келіп тұр ғой. «Қыздың болашағы не болады? Ең болмаса, мектепте еңбек сабағында бірдеңе үйренсе екен, мұғалімдері еңбек туралы көбіне айтса екен» дегені ғой… Бірақ, өкінішке қарай, мұндай ата-ана аз.
Біз, шынымен балаларымызды еңбекке баулуды ұмытқан сияқтымыз. Еңбек сабақтарын дұрыстап ұйымдастырып, ұлдарға ер-азаматқа тән жұмыстарды, қыздарға да болашағына қажет шаруаларды атқаруды үйрету керек пе деп қалдым.
Қытай, Жапония жастары неге еңбекқор келеді? Өйткені ол жақта мектепте балаларды еңбекке баулиды. Мысалы, Жапонияда болғанда өз көзіммен көрдім, ол жақта мектепте еден жуып, кабинеттерді тазалайтын мамандар жоқ. Ол жұмыстың бәрін балалар өздері жасайды. Сабақ кезінде бәрі бірдей сабақ оқып, сабақтан соң бәрі бірге кабинетін тазалап кетеді. Ұйымшыл, еңбекқор және ешқайсысында тәкаппарлық жоқ, бәрі бір-бірін тең көреді.
Егер маған ерік берсе, осындай тәжірибені мен де мектепке енгізер едім.

Айтжан ШАЯХМЕТОВА,
№66 мектеп-лицейінің директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды