-->

ЕҢБЕК АДАМЫНА – ҚОЛДАУ МЕН ҚАМҚОРЛЫҚ

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні мерекесі болып белгіленді. Төртінші рет аталып өтілгелі отырған мейрам биыл 24 қыркүйекке келіп отыр. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтық қоғам құрудағы еңбек адамының орны мен рөлі, басқа да мәселелер төңірегінде біздің тілшіміз Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәрсенбай Мыңбаевты әңгімеге тартқан еді.

– Сәрсенбай Бердалыұлы, Қазақ­станда еңбек адамының құқықтары мен мүдделері қалай қорғалуда?
– Қазақстанда еңбек адамын қолдауда салиқалы жүргізілуде. Елбасының халыққа арнаған дәстүрлі Жолдаулары мен мақалаларында, баяндамаларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа техникалар мен технологияны игеруде, бәсекеге қабілеттілік тауарлар шығаруда, қоғамдық келісімді сақтауда еңбек адамының рөлі туралы жан-жақты айтылған.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда халықаралық талаптарға сәйкес, іс- тәжірибелерге, нарықтық экономикаға негізделген заңдар қабылданып, олар еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында, елімізде ратифика­цияланған Халықаралық еңбек ұйымы­ның Конвенцияларында, қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақтар туралы заңдарда еңбек адамдарының билік пен бизнестің әлеуметтік әріптесі болуға бағытталған құқықтары мен мүдделері көзделген.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлы мақаласында қазақстандықтарды тарихқа үңіліп, ұлттық сананы көте­ріп, еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарында болуына атсалысуға шақырды. Қазақстандағы стратегиялық бағдарларды орындауда еңбек адамының орны – нақты және олар қоғамды жаңғыртуға жұмылдырылған бірден-бір негізгі күш.
Қазақстанда жұмысшылардың еңбегін бағалауға бағытталған біршама іс-шаралар атқарылуда. Мысалы, «Еңбек даңқы» орденімен «Еңбек ардагері» медалімен өз салаларында үздік еңбек етіп, қоғамдық-саяси жұмыстарда белсенділік көрсеткен азаматтар марапатталады. Сондай-ақ, көптеген салалық медальдар, құрметті төсбелгілер мен басқа да марапаттар көзделген.
– Еңбекшілдерді қорғауға бағыт­талған заң нормалары туралы не айтасыз?
– Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастықта өзінің нақты орнының болуына, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына енуге талпынып отырғанын жақсы білеміз. Сондықтан әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған заңдар қабылдануда. Солардың бірегейі ретінде былтыр қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін атап айтуға болады. Аталған заң нарық қатынастарын жетілдіруге, өндірістің тиімділігін арттыруға, сонымен қатар жұмыс беруші мен жұмыскерлердің мүдделерінің тепе-теңдікте болуын көздейді. Бұл талаптар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Соңғы кезеңде елімізде көптеген нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен қосымшалар енгізілді. Олар әлеуметтік әріптестікті әрі қарай жетілдіруге, жұмыс берушінің еңбек заңнамасының талаптарын мүлтіксіз орындауға, еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін уақтылы да нақты шешуге, жұмыскерлерге қолдау мен қамқорлық жасауға бағытталған.
Кәсіподақтар туралы жаңа заңның қабылданғанын да атап айта кетейін. Кәсіподақтар – еңбекшілердің құқық­тары мен мүдделерін қорғаудағы бірден-бір ұйым. Жаңа заң кәсіподақтардың белсенділігін арттыруға, еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін іс жүзінде қорғауға бастайды. Сондай-ақ, кәсіп­одақтарға жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, ұжымдық еңбек дауларын уақтылы шешуге мүмкіндік береді. Тағы бір жаңалық – әрбір еңбек ұжымдарында өндірістік кеңес құрылып, еңбекті қорғау жолында, қауіпсіз еңбек етуге бағытталған іс-шаралар жүргізуге жол ашылды. Еңбек кодексіндегі 204-баптың 52-сі мекемелер мен өнеркәсіптерде еңбек қатынастарын реттеуді ұжымдық шарттар арқылы реттеуге бағыттайды. Бұл жерде жұмыс беруші мен еңбекшілердің өкілдері кәсіподақтары келіссөздер мен келісімдер арқылы еңбек адамына қолдау көрсете алады.
– Ұжымдық шарттар туралы кеңірек айтсаңыз?
– Соңғы кезеңде еңбек қатынастарын реттеу, еңбек адамының құқықтарын қорғау, оларға қолдау көрсету еңбек ұжымдарының деңгейінде жүргізуге көп көңіл бөлінуде. Жоғарыда атап айтқанымдай, бұл мәселелерді шешуде ұжымдық шарттардың рөлі артуда.
Бұл бағытта Астанада да біршама жұмыстар істелді. Мысалы, жаңа Еңбек кодексі өмірге енгенге дейін қала мекемелерінде 2 мыңның шамасында ғана ұжымдық шарттар қабылданған болатын. Ал соңғы екі жылдың ішінде бұл көрсеткіш екі еселеніп, олардың саны 2,5 мыңға жетті. Бұл жерде қалалық үш жақты комиссияның ықпалы ерекше болды. Қалалық әкімдік, кәсіподақтар орталығы мен кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып көптеген мәселелерді нақты шешуде.
Атқарылған жұмыстар негізінде «Астана Энергия», «Астана Зеленстрой», «Астана Тазалық», «Астана су арнасы» еңбек ұжымдарында, теміржол кәсіпорындарында, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жұмыс беруші мен кәсіподақтар еңбек адамының құқықтарын қорғап, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған ұжымдық шарттар қабылдады.
Қалалық әкімшілік, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер экономикалық дағдарыстың лебін бәсеңсіту мақсатында, еңбек адамының құқықтарын қорғауды көздейтін 19 мыңның шамасында меморандум жасады. Меморандумдар негізінде жүздеген адамдар жұмыс орнын сақтап қалды, жаңа жұмыс орындарына ауыстырылды, сондықтан жұмыскерлер анау айтқандай зардап шеккен жоқ.
– Үшжақты әлеуметтік әріптестік тұрғысында қандай мәселелер алаң­датады?
– Қалалық әкімдік, Кәсіподақтар орталығы және кәсіпкерлер палатасы үш жақты комиссия отырыстарында көкейтесті мәселелерді қарап келеді. Жылына 6-7 отырыс өткізіліп 25-30 нақты оң шешім шығарылады. Сонда да болса бүгінгі таңдағы алаңдатар мәселе – ол еңбек қауіпсіздігі. Өкінішке қарай, еңбекшілердің жұмыс орындарында жарақат алуы әлі де болса орын алып отыр, әсіресе, құрылыс мекемелерінде.
Өндірістік жарақаттың алдын алу, жұмыскерлердің арасында түсіндірмелік-ақпараттық жұмыс жүргізу мақсатында Әкімдік, Кәсіподақтар орталығы мен кәсіпкерлер палатасы үш жақты комиссия отырысында 2017- 2019 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» атты кешенді бағдарлама қабылдап, соның шеңберінде бірлесіп атқарған оңтайлы істерге қол жетуде. Олардың көпшілігі жұмыс беруші мен жұмыскерлердің заң талаптарын түсіндіруге бағытталған. Себебі кейбір жұмыс берушілер мен жұмыскерлермен еңбек қатынастарын реттеуде заң қағидаларын бұзатыны әлі де болса кездеседі.
– Осы жерде жұмыс берушілер мен бизнес өкілдеріне не айтар едіңіз?
– Астана қаласында көптеген жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер өз жұмыс­тарын заң шеңберінде атқарып, еңбек ұжымдарында қызмет етіп жүргендер азаматтарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасайды. Сондықтан олар басшылық жасап отырған мекемелерде өндіріс дамып, тұрақты еңбек ұжымы қалыптасып, сапалы тауарлар шығарылып, еңбек дау-дамайларына жол берілмейді.
Өкінішке қарай, кейбір басшылар өзімбілдікке салынып, еңбек заң­дылықтарын бұзатындығы, жұмыс­керлерге тиісті жағдай жасамай­тындығы кездеседі. Оларға айтарым, әрбір азамат Конституция нормаларымен, еңбек заңнамаларымен қорғалған, сондықтан әрбір жұмысшыға толыққанды жағдай жасап, қамқорлыққа алулары қажет-ақ. Тағы айтарым, кейбір жұмыскерлердің де заң талаптарына мойынсұнбайтынын атап айта кеткен жөн.
Атақты қолбасшы, халық қаhарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай, «заңға бағынған құл болмайды». Заң талаптарын орындау – әрбір басшының, әрбір азаматтың, әрбір еңбек адамының міндеті.
Кәсіподақ қызметкерлері мен белсен­ділері күнделікті жұмысшылардың арасында болып, олардың мұң-мұқтаждарын жақсы біледі. Сондықтан жұмыс беруші өз мекемелерінде әлеуметтік әріптес кәсіподақтың болғанын қолдаса деген ұсынысым бар. Осы жерде бір беделді жұмыс берушінің айтқаны есіме түсуде. Оның айтуынша, әр аптада кемінде бір сағат кәсіподақ комитетінің төрағасымен сұхбаттасады екен. Әңгіме барысында әрбір цехта, әрбір ауысымда, әрбір жұмыс орнында қандай өзекті мәселелер туындағаны туралы біліп, оларды шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Ол басқарған мекеме – елордадағы алдыңғы қатарлы еңбек ұжымы. Жұмыс берушілер кәсіподақпен бірлесе отырып қаламызда еңбек адамдарына осындай жағдай туғызуды үлгі етсе игі.
Жұмыскерлерге де айтарым бар, олар да еңбекке қатысты заң нормаларын жақсы білуі тиіс, өздерінің құқықтарымен қатар заң алдындағы жауапкершіліктерін де сезінулері қажет.
Еңбек адамдарының мұң-мұқтаждарын білу мақсатында және оларды дер кезінде шешу үшін Кәсіподақтар Орталығының жанынан қоғамдық қабылдау ашылды. Оның жұмысына қалалық мәслихаттың депутаттары, атқарушы органдардың басшылары, қалалық прокуратураның өкілдері, мемлекеттік еңбек инспекторлары қатысады. Көптеген мәселелер уақтылы да нақты шешімдерін тапты.
– Астанада Еңбек күніне байланысты қандай іс-шаралар өткізілуде?
– Аталған мерекені тиянақты өткізу мақсатында қалалық Әкімшілік, Кәсіп­одақтар Орталығы мен кәсіпкерлер Палатасы бірлесе отырып кешенді жұмыс жоспарын әзірледі. Үстіміздегі жылдың 22 қыркүйегінде Кәсіподақтар Үйінде қалалық еңбек Форумы өткізіледі. Аталған Форумда «Еңбек жолы» қалалық байқауының «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталады.
Осыдан екі күн бұрын 20 қыркүйекте кәсіподақтардың қалалық жиналысында отыздан астам тәлімгерлерге, маман­дарға, өз ісінің үздіктеріне «Еңбек ардагері» медальдары, қалалық әкім­шіліктің және Кәсіподақтар орталығының Алғыс хаттары, арнайы сыйлықтар тапсырылды. Осындай іс-шаралар қаладағы көптеген еңбек ұжымдарында өткізіліп, еңбек адамына деген құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалуда.
Шын мәнінде еңбек адамы – мемлекет тірегі, себебі олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бағдарламаларды орындаушы, жаңа техника мен технологияны игеруші, сая­саткерлер, өкілетті және атқарушы билік өкілдері, жұмыс берушілер еңбек адамына әр уақытта қолдау көрсетіп, қамқорлық жасауы қажет.

 

Сұхбаттасқан
Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*