«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЕҢБЕГІМЕН ЕР АТАНҒАН

0 71

IMGКеңес өкіметі ыдырағаннан кейін, біраз жұмыстар тоқырап, атқарылған көп істің құрдымға кеткені белгілі. Соғыс және еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің жайы ұмытылған кез болатын. Жер-жерде қарт адамдар өз ойларын айтып, ардагерлердің бастауыш ұйымдарын құруды қолға алды. Сөйтіп, осы бастауыш ұйымдарды бекітетін ауданаралық ардагерлер кеңесі қажет болды. Осы кеңес жанына белсенді зейнеткерлер жинала бастады. Соның бірі – атақты сауыншы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжолова.

Сағила Әбдірахманқызы он үш жасынан еңбекке араласып, анасының жанында жүріп сауыншы болып істейді. Алғашында қарамағына 15 сиыр алып, ол жұмысты өте жауапкершілікпен атқарады.

1977 жылы сырттай зооветеринарлық техникумын бітіріп, сүт фермасында бригадир болады. Еңбегі еш кетпей, Отанымыздың ең жоғары наградаларын иеленеді. Екі рет «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері атанады. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне таққан оның Қазақ ССР ауыл шаруашылығының еңбек сіңген қызметкері деген атағы да бар.

Құрметті демалысқа шыққан соң ол үйде бос қарап отыра алмады. Өзі туып-өскен Ақмола облысы Целиноград ауданының бұрынғы Киров, қазіргі Көктал кентіндегі қоғамдық жұмыстарға араласып, тұрмысы төмендерге, өзі құрған бастауыш ардагерлердің ұйымына қолдан келген көмегін аямады.

Сағила Есенжолова бүгінде республикалық ардагерлер кеңесі президиумының, Астана қалалық ардагерлер кеңесінің, Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесі пленумының мүшесі. Ол уақытының аздығына қарамастан, міне, тура 10 жыл болды Көктал-1 кентінде ардагерлердің бастауыш ұйымын басқарып келеді. Оның жұмысына ардагерлер ұйымының белсенді мүшелері Рысты Оспанова мен Людмила Назаренколар да көмектесуде.

Сағила Әбдірахманқызы қоғамдық жұмыстармен бірге немерелері мен шөберелерінің тәрбиесімен айналысып, үй шаруасындағы тірліктен де қол үзген емес.

Бетті дайындаған: Ғалия БАЛТАБАЙ,

зейнеткер-журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды