«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Емханадағы «Өмір мектебі»

0 74

Әуелгі байлық – денсаулық. Адам бақытының оннан тоғызы денінің саулығына байланысты. Жақында Нұр-Сұлтандағы №5 қалалық емханасында ерекше жиын өтті. Ерекшелігі сол созылмалы ауруына шипа таба алмай жүрген жандардың басын қосқан «Өмір мектебі» атты клубтың 10 жылдығы атап өтілді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қант диабетіне шалдыққандардың қатары жыл санап артып бара жатқанын жиі хабарлап тұрады. Міне, емхана басшылығы осы мәліметті қаперінде ұстап, 2009 жылы ашылған клубтың негізгі қызметін осы бағытқа арнапты. Ал қазір қант диабетімен ғана шектелмеген. Ондағы ақхалаттылар науқастармен үнемі байланыста болып, денсаулығын назарда ұстайды.
– Емханамызда қазір 75 мың адам тіркеулі тұр. Аз емес. Олар­дың әрқайсысына жекелей әрі арнайы көмек көрсетуге уақытымыз жете бермейді. Сол себепті «Өмір мектебі» деген клубымыз ашылды. Оның рөлі өте үлкен. Мәселен, қант диабетіне жаңадан тап болған адам көп нәрсені түсінбей жатады. Бұрын-соңды душар болмаған соң таңсық жайт. Қарапайым ғана диетаны қалай ұстау керек екенін, дәрі-дәрмекті қай уақытта ішуге болатынынан хабарсыз, толық ақпараттандырылмаған. Оның үстіне дәрігердің айтқаны бір бөлек, ал өзіне ұқсас жұртпен кеңесіп, олармен сырласса, оның орны тіптен өзгеше. Міне, біздің ұйымның ерекшелігі осында жатыр, – деді №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина.
Қазір №5 емханада ауруларды басқару бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама аясында арнайы шартқа отырған науқастар мобильді қосымша арқылы бақылауда болады. Олардың қант көрсеткіші, қан қысымы, қажет анализдері – дәрігерлердің ұдайы назарында. Бұл да – дәрігер мен науқастың үнемі байланыста отырғанының белгісі.
Ұйымның мерейлі күніне орай ұйым­дас­тырылған іс-шараға біраз адам жиналды. Олардың дені – волонтерлер, яғни өзі күресіп жүрген созылмалы ауру туралы бәрін білетін жандар. Алдағы уақытта «Өмір мектебі» клубының қызметін кеңірек қанат жаюы үшін түрлі жұмыстар атқарылу жоспарда бар. Қазірдің өзінде қаланың екінші шетіндегі тұрғындар да осы ұйымға жүгінгенді жөн көреді екен.
– Қант диабетімен ауырып жүргеніме біраз уақыт болды. Бастапқыда диагнозым белгілі болған соң қатты қиналдым. Жазылмайтын дерттің бірі. Іштей күйзеліске де түсіп кеттім. Бұл менің ауруымды қоздырып, жағдайымды нашарлатып жіберді. Кейінірек «Өмір мектебі» клубына қосылып, өзімді бақылауда ұстау­ды үйрендім, – деген волонтер Роза Нұрмадиқызы бұл ұжымға жаңадан келгендерге тәжірибесімен жиі бөлісіп тұратынын жеткізді.
Рас, қант диабеті емделуі өте қиын аурудың бірі. Оны тұрақты ем-домның, күтімнің арқасында ғана бірқалыпта ұстап тұруға болады. Қабағын шытып, жабырқау, бірнәрсеге алаңдау, сондай-ақ дәрігер көрсеткен режімді уақытылы орындамау кері әсерін тигізеді. Ал өз кезегінде емхананың эндокринолог маманы Гүлбайра Қасымова клубта түрлі сала қыз­меткерлері жұмыс істейтінін жеткізді.
– Олардың арасында психолог, физиологиялық емдеуге жауапты тұлғалар бар. Өз басым айына бір күн клубқа келіп, нау­қастармен уақытымды өткіземін. Қажет сұрақтарына жауап беріп, тұрақты байланыс орнатамыз, – деді эндокринолог.
Иә, ақхалатты абзал жандардың бұл бас­тамасы көңіл қуантады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр жер бетінде 500 млн адам диабетпен ауыратынын хабарлаған. Сондықтан мұндай кішігірім ұйым көңілі жабырқау жандарға үлкен пайдасын тигізері анық. Игі бастама қанатын кеңге жайсын деп тілейміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды