«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ем-домы бөлек емдеу мекемесі

0 145

Еліміздің болашағы жарқын болуы үшін жұртшылықтың денсаулығы алғашқы орында екені анық. Бұл тұрғыда алғысы көп мамандық иелері – ақ халатты абзал жандардың жұмыс барысымен танысу мақсатында елордадағы №1 қалалық ауруханаға ат басын бұрған болатынбыз.

transpech3

АУРУХАНАНЫҢ АЯҚ АЛЫСЫ
Марат Әбуов басшылық ететін бас қаладағы №1 қалалық аурухананың 90 жылдық тарихы бар. Мұнда 28 клиникалық бөлім мен 34 бөлімше және 12 ота жасайтын зал бар екен. Айта кету керек, елордадағы №1 қалалық аурухана – еліміз бойынша Алматы қаласындағы 1000 төсекті орыны бар №6 қалалық ауруханадан кейінгі ең ірі медициналық мекеме. Ал мұнда 600 төсекті орын қарастырылған. Жоспарлы ауруханаға жатқызудан басқа, бұл жерде жедел медициналық көмек те көрсетіледі. Жансақтау бөлімі 25 кереуетке есептеліпті. Бүгінде аурухана барлық халықаралық стандарттарға сай, қазіргі заманғы техникалармен жабдықталған. Аурухана Р.Қошқарбаев көшесінің бойындағы жалпы ауданы 64 200 шаршы метрлік жаңадан салынған осы ғимаратқа 2011 жылы көшіріліпті. Қазіргі таңда аурухананың штатында 1600-ге жуық білікті маман қызмет
етуде, олардың 350-ге жуығы дәрігер болса, қалғаны меди­циналық персонал.

ҚАЛАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ТРАНСПЛАНТАЦИЯ
Аурухананың трансплантология және гепатобилиарлы хирургия бөлімшесіне қарай беттедік. Бұл бөлімшеде барлығы 30-ға жуық маман еңбек етеді. Оның 7-уі дәрігер болса, 13-і медбике. Біз барған кезде бөлімше меңгерушісі Абылай Донбай күн жоспарындағы кезекті ота жасауға кеткен екен. Отадан шыққаннан соң, Абылай Әбдужаппарұлын бірден сұхбатқа тарттық.
– Ота сәтті аяқталса, бойың жеңілдеп қалады. Алға қойған мақсатыңа жеткендей жақсы сезімде боласың. Күнделікті жоспарлы түрде 2-3 немесе кей кездері 4 адамға ота жасаймыз. Жалпы, жоспар бойынша жылына 1500-дей науқастың өт жолына ота жасалады. Мысалы, жаңа ғана мен өт қапшығын алу отасын жасадым, – дейді бөлімше меңгерушісі сөзінің басында.
Абылай Әбдужаппарұлының айтуынша, өт қапшығын алу отасын бұрынғы тәсіл, яғни пышақпен тіліп жасаудан гөрі эндоскопиялық құрылғылардың көмегімен лапароскопиялық әдіспен (халық арасында «лазерьмен жасау» деп аталады) жасау тиімдірек екен.
Емханалардың жолдамасымен келген науқастарға ота жасау тегін, ал шетелдік азаматтарға қызмет көрсету ақылы екенін айтып өткен бөлімше меңгерушісі:
– 2013 жылдан бастап бауыр трансплантациясымен айналысуды бастадық. Ондай ота Қазақстан бойынша тұңғыш рет осы ауруханада жасалғанын айта кету керек. 2014 жылдан бастап біздің бөлімше ашылды. Бөлімше ашылғаннан бері 21 бауыр және 13 бүйрек трансплантациясы
жасалды. Жалпы, елімізде өт жолы мен бауыры ауыратын науқастар көп болғанмен, донор жеткіліксіз. Ал Еуропа елдерінде және басқа да дамыған мемлекеттерде донор мәйіттерден алынады. Ал біздің елде мәйіттерден донор алу әбестік боп көрінеді. Көп жағдайда қайтыс болған адамның дене мүшесін донорлыққа алуға туыстары да қарсы болады. Жалпы, біздегі науқас адам өмірден өткен жағдайда, оның бас миы жұмыс істемегенімен, арнайы аппараттардың көмегімен жүрегі соғып, қашан аппаратты алып тастамайынша, басқа да ішкі органдары жұмыс істеп тұрады. Негізінен, басқа адамдардың жанын аман алып қалу үшін діні­мізде де бақилық болған адамның дене мүшелерін пайдалануға рұқ­сат етіледі. Мысалы, Беларусь елінде 6 айдың ішінде шамамен 80-ге жуық бауыр трансплантациясы жасалатын көрінеді. Бізде донор жетіспеушілік үлкен сұрақ. Мысалы, бір адамның донорынан жеті адамды құтқаруға болады. Бұл елімізде енді-енді дамып келеді, – дейді ол.

ОТАДАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢ
Абылай Әбдужаппарұлымен сұхбаттасқаннан соң трансплантология және гепатобилиарлы хирургия бөлімшесінің жұмысымен танысып, кезекші дәрігер, хирург Сәбит Досанбаевпен бірге палаталарға да бас сұғып, ондағы науқастармен тілдесудің де сәті түсті. Айта кету керек, аталмыш бөлімшеде 20 палата бар болса, оның екеуі ақылы түрде қызмет көрсететін палата екен. Бір палата, негізінен, 2-3 науқасқа арналған. Алайда жоспардан тыс, яғни емханалар мен амбулаториялық пункттердің жолдамасынсыз, жедел жәрдеммен қатты ауырып келіп түсетін адамдар санына байланысты кейде бір палатаға 4-5 науқасқа дейін жатқызылады екен. Мысалы, біз кірген палатада 4 ер адамға отадан кейінгі ем-домдар қызметі көрсетілуде. Оның екеуі – Арсен Сәрсеков пен Александр Гниненко. Екеуі де ауруханаға жедел жәрдеммен келіп түскен, екеуіне де бөлімше меңгерушісі Абылай Донбай ота жасаған.
Арсен Сәрсеков – 20-25 жас шамасындағы жас жігіт. Оған лапароскопиялық холестемия отасы жасалыпты. Бүгін – нау­қастың отадан кейінгі төртінші тәулігі. Қазір өзін жақсы сезі­не­тінін айтады. Жақында ауруханадан шығуға дайындалып жүр екен. Енді ол бірнеше айға майлы, қуырылған тағамдар мен газдалған сусындардан шектетіледі. Қолына толық нұсқау беріліп, сол бойынша диета сақтайтын болады.
Ал Александр Гниненко – 60-ты алқымдаған қария жасындағы адам. Құсу, аузы құрғау, әлсіреу сияқты ауру белгілері ырық бермегендіктен, жедел жәрдем шақыртыпты. Дәрігерлердің анықтауынша, өт қапшығында шіру пайда болған. Содан жағдайының жақсармауына байланысты ертесіне жедел эндоскопиялық өт қапшығын алып тастау отасы жасалған. Бүгін – отадан кейінгі үшінші тәулік. Қазір өзін жақсы сезінетін Александр Григорьевичтің тәбеті де жаман емес көрінеді.
– Бұрыннан ауыратынмын. Өт жолымда тастың да бар екенін дәрігерлерден білгенмін. Бірақ бұл аурудың осыншалықты ауыр халге әкеп соғатынын бұрын-соңды ойламаппын. Адам жа­нының арашашысы – ақ халатты абзал жандарға ағалық алғысымды айтқым келеді. Ең­бектеріне жеміс тілеймін, – деді Александр Гниненко.

ДӘРІГЕР СӨЗІ ДӘРУМЕН

Әрбір бес жыл сайын аурухана басшылығы қызметкерлерді Ресей, Израиль, Корея, Америка сияқты шет елдерге оқуға жібереді екен. Қазіргі уақытта аурухана Корея және Финляндия мемлекеттерімен тәжірибе алмасу бойынша меморандум жасасқан. Ал шетелдерде тәжірибеден өтіп, жалпы біліктілігін арттыру үшін мамандар мұндағы инновация және медициналық білім беру бөліміне жүгінеді. Бұл бөлімнің басшысы Айдын Әшімхановпен де тілдесудің реті келді.
– 2013 жылы кезекшілік атқарып жүрген күндердің бі­рінде пышақ жарақатын алған 7 науқас бір мезгілде жедел жәрдеммен келіп түсті. Олардың әрқайсысының да жағдайы өте ауыр еді. Барлығына да жедел ота жасау керек. Ал кезекшілікте 4 хирург қана. Онымен қоса, ота жасайтын тек 5 үстел ғана болатын. Дегенмен «көз – қорқақ, қол – батыр», тәуекел деп іске кірісіп кеттік. Бағымызға орай, барлық ота сәтті аяқталды. Сол кез әлі күнге дейін есімнен кеткен жоқ, – дейді Айдын Әшімханов.
Айдын Нұртасұлының ка­бинетінен шыққан соң дәлізде жолай жолыққан жас маман, шұғыл көмек көрсету бөлімшесінің хирург-дәрігері Әйгерім Бейсенбаевамен де әңгімелесіп үлгердік. Әйгерім Ерланқызының айтуынша, бір тәуліктің ішінде ауруханаға орта есеппен 500-ден аса адам келіп түседі екен. Еңбек жолын бастағанына үш жыл болған Әйгерім қиындығы мен қызығы қатар жүретін дәрігер мамандығын таңдағанына ешқашан өкінбейтінін, қайта қуанатынын айтады.
– Негізінен, дәрігер болуды армандаған емеспін. Бірақ кішкентай сіңлімнің бақилық болуы маған өте ауыр тиіп, сол кезден бастап дәрігер болуды мақсат тұттым. Басқа да жандардың өмірін арашалап қалуға өзімнің аз да болса үлесімді қоссам, қуанамын, – дейді Ә.Бейсенбаева.
«Науқас үшін ең алдымен дәрігердің сөзі ем» дейді жұртшылық. Расымен де, нау­қастарды сөздерімен сабасына түсіріп, жандарын аман алып қалатын ақ халатты абзал жандардың еңбегіне жеміс тілейміз.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды