«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елтану қашан қолға алынады?

0 59

Менің бір әдетім бар, ара-тұра еліміздің картасын көзіммен шарлаймын. Өйткені, жер шарының 2 пайызын құрайтын, көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынға ие, аумағы бо­йынша бүкіл Батыс Еуропадан асып түскен, Франциядан 5 есе, Италиядан 9 есе, Англия­дан 11 есе үлкен елді аралаудың басқа амалы аз. Тіпті, жер ортасы жасқа келгенде еліміздің ірі орталық қалаларына барып-келудің сәті түспепті.

Жалғыз мен емес, туған жері­­міздің теріскейіндегілер оңтүс­тікке, ондағылар батысқа, не арқадағы қазақтардың жолы шығысқа жиі түсе бермейді. Мұн­­дайда қыз өріс дейтіні рас. Қыздар тұрмысқа шығып, ұлдар келін алып келіп жатса, құдалық­тың есебінен барыс-келіс көбе­йеді. Десе де, бармасаң, келмесең жат боласың деп айтатын қазақ үшін бұл қиянат емес пе?! Неге өз жеріміз бен өз елімізді еркін аралауға мүмкіндік аз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған кие­лі орындарды жүйелі, жоспарлы түрде аралауды неге қолға алмаймыз?
Осы ретте келмеске кетсе де кеңестер заманындағы үрдістер еске түседі. Шекараны шандып байлап қойған соң ба, мектептен бастап Одақты аралауға бар жағдай жасайтын. Ауылдың балалары демалыс кездерінде өздері тұратын облыс орталықтарына экскурсиямен бару міндетті еді. Сол кездегі «ел жүрегі» Мәс­кеу­ге, Ленинградқа бару жеңіл болатын. Осы желеумен Украинаның ірі қаларында көбіміз болдық. Одан бөлек, арнайы құрам шығарып, тақырыптық саяхаттарды тұрақты өткізіп тұратын. Егер ондай жағдай одақтың ең шалғайында жатқан біздерге де жетсе, онда аса қатты мән берілген ғой. Жеке басым қазіргі Ресейдің біраз жерінде, Өзбекстанның көне, тарихи орталықтарын осы пойызбен жүріп өтіппін. Ал «Лениннің ізімен» деген тақырыптық маршруттар да үздіктердің үздігіне бұйыратын. Одан бөлек Алматы, Ашхабад, Душанбе сияқ­ты бауырлас республикалар орталықтарына жіберетін. Бүгінде бұл мемлекеттер егемендігін алып, бөлек дамып жатыр. туристерге олар да зәру. Осы үрдісті өзіміздің елімізді тануға бағыттап неге жүзеге асырмасқа? Таңдай білсек, тақырып аз ба?! Пойыз жолдың үстімен жүріп өтіп, еліміздің астаналарын аралап келуге болады ма? Осы жерлерде Алаш арыстарының іздері жатыр, арғы тарихты алсақ, Абылай ханнан қалған қасиетті жерлерден жұрдай ма едік? Батыстың Сарайшығы, Хан ордасы, Исатай-Махамбеттің тұлпарларының ізі қалған топырақ қасиетті емей немене? Мен сансыз әулиелері мен пір Бекеттің жер асты мешіттерін айтып отырғаным жоқ. Ол бөлек әңгіме, оған мектеп оқушылары емес жоғары оқу орындарының студенттерін тарт­са болады. Егер болашақ ислам танушылар исламның туын тіккен Таластың бойындағы Атлах шайқасы өткен жерлерді, ислам аша келген Бабтардың жатқан жерін, Түркістандағы Қожахмет, оның ұстазы Арыстанбаб, Яссауидің ізбасары – Орын Қойлақының жатқан жерін білмесе, онда дәстүрлі дініміз бен сенімімізді қалай бойына сіңіреді? Көне Тараз, Сайрам, Түркістан, Отырарды қалай айналып өтесің?
Жаратқанның қос қолдап бере салған бір қазынасы – әсем табиғатымыз. Асқақ Алтай тау­ларына көбіміздің табанымыз тимеді, Алатаудың айналасындағы көрікті жерлері мен нулы ормандары мен сулы көлдері, Шарын, Мыңжылқы, Шалкөде жайлаулары да тарихымыздан да, әдебиетімізден де орын алған қастерлі жер еді. Оны кім түгендеп жатыр? Арқаның жерінде еліміздің қалың тарихы жазулы. Баян тауларын бетке алып түссеңіз, жолай Қаныштың, Мәшһүр Жүсіптің, Әлкейдің, Мырза Мұсаның, Шәкен Аймановтың және тағы басқа да алаштың ардақты ұлдарының кіндік қаны тамған жерлердің үстімен өтеміз. Ботақарадағы Бұқар жырау киелі тұлғамыз емес пе? Шет жағалап барсақ, шертпе күйдің киесін түсінер едік. Осында жатқан Шортанбай жыраудың өткен жерлері рухымызды тазарта түсер еді. Абай, Шәкәрім мұрасы Семей жерінде сезінгеннің өзі ғанибет емес пе? Осылайша орайластырып, саяхатшының талғамы мен өресіне лайықтап сайлап турис­тік маршрутты да топтастыруға болады. Бұл – әрине, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолға алатын жоба. Мүмкін қыруар қаражат та қажет шығар, қолайлы көлікті сайлап, мамандарды да дайындау керек болар. Бірақ бұл істердің артында әрбір қазақ баласын туған жеріне, туған еліне деген патриоттық сезімін оятатын, бабаларынан қалған ұлан ғайыр жердің иесі екенін сезіндіретін үлкен күші барын естен шығармаған жөн. Оның үстіне ішкі туризмге де жан бітер еді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды