«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорданың өнер ордасы

0 1  911

Мерейлі даталар – ерекше мерекелер ұйымдастыруға шабыт беретін шақ. 20 жыл – Қазақ ұлттық өнер университеті үшін маңызды кезең, бұл – есеп беру, қорытындылау, өткеніңе табан тіреп, болашағыңа бағдар жасау, шеберліктің жаңа сатысына көтерілу.

Қазақ ұлттық өнер университетіне, Астана қаласына – 20 жыл, Астана қаласының құрметті азаматы, отандық скрипка мектебінің әйгілі өкілі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ашылуының, елімізде мәдени өмірдің ұйымдастырылуының бастауында тұрған қайраткер, мәдениет елшісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚазҰӨУ ректоры, профессор Айман Мұсақожаеваның мерей­тойы. Мерейтойлар тоғысқан жыл, әрине, тосын сыйларға толы. Жаңа үлгідегі әлемдік білім беру жүйесімен қамтамасыз етілген руханият ордасы биыл «Айман Мұсақожаева ұсынады» концерттер сериясымен, «Alma mater тартуы» фестивалімен бастады.

Биыл Айман Қожабекқызының басшылығымен кезекті музыкалық маршрут Астана, Алматы қалаларынан бастау алып, Еуропа төріндегі Палермо, Клагенфурт (Италия), Берлин (Германия), Канн (Франция), Шығыстағы Шанхай (Қытай), Таяу Шығыс­тағы Амман, (Иордания), Каир (Египет), Валлетта (Мальта), одан әрі Будапешт (Венгрия) және Нови-Сад (Сербия), Вашингтон, Нью-Йорк (АҚШ) қалаларында жалғасып, өнер иелері классикалық музыка тыңдармандарына әуезді әуенімен тамаша сәттер мен керемет көңіл күй сыйлады.
Еліміздің музыка мектебінің мақтанышы, АҚШ, Италия, Швейцария, Ресей, Қазақстан елдерінде өнерімен танылған ҚазҰӨУ түлектері де (Владимир Де, Сергей Васильев, Анель Шакирова, Павел Романенко, Айша Досымова, Эльдар Сапараев, Анна Мещерякова, Ордабек Дүйсен, Мадина Капеу-Коханова) ұшқан ұясына тағзым етіп, классикалық музыка жауһарларымен тыңдармандарын тәнті етті. Сонымен қатар, жыл сайын Қазақ ұлттық өнер университетінің шақыруымен есімі әлемге әйгілі музыканттар шеберлік сабақтарын өткізеді, концерттер береді.
Шетел оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, меморандум аясында кадр алмасу, студенттермен, аспиранттармен тәжірибе алмасу, академиялық ақпаратпен, материалдармен алмасу, бірігіп зерттеу жұмыстарын жүргізу, жарияланымдар жариялау, конференциялар мен ғылыми отырыстарға қатысу – бұл университеттің күнделікті өмірі. Биыл екі ел арасындағы мәдениет және білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтқаны үшін Айман Қожабекқызы Италия елшілігінің ұсынысымен Италия президентінің атынан «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденінің иегері атанды.

ТМД шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің ХІІІ форумында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры Айман Мұсақожаеваға «Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығын тапсырды. Биыл Қазақстанның үздік өнер жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі нәтижесі бойынша Қазақ ұлттық өнер университеті – 1-орында.
Осындай өнер ордасында өнер шеберлерінің жаңа буынын тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздарды, профессор-оқытушылар қауымын, өнер әлеміндегі биіктерді бағындырып жүрген дарынды жастарды тиісті әдебиетпен қамтамасыз ету, қажетті ақпаратты дер кезінде тауып беру – ақпараттық кітапхана қызметінің күнделікті жұмысы.
Мерейтойлар тоғысқан шығармашылыққа толы жылда өз ке­­зегінде ақпараттық кітапхана қызметі «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы және Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығы аясында жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып-білген, рухани дүниемен сусындаған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптас­тыру мақсатында «20 жылдыққа – 20+2 кітап», «20 жылдыққа – 20 сабақ» жобалары және «Оқы. Шабыттан. Жаса» байқауы, «Мен және кітап» фотобәйгесін өткізді.
«20 жылдыққа – 20+2 кітап» жобасы бойынша оқуды қолдау, қазақ және әлем әдебиетін насихаттау, оқырманды жаңа әдебиет туралы ақпараттандыру мақсатында студенттерге оқу үшін 22 кітап ұсынылды, бұл кітаптардың құндылығы туралы белгілі тұлғалардың ой-пікірлері насихатталды, шығарма негізінде түсірілген фильмдер көрсетілді, ұсынылған кітаптарды талқылау, пікір алмасу шаралары жүйелі түрде жүргізілді.
«20 жылдыққа 20+2 кітап» жобасы аясында өскелең ұрпақты кітап оқу мәдениетін қалыптас­тыру және жастардың шығармашылық деңгейін арттыру мақсатында Әдебиет порталымен бірлескен «Оқы. Шабыттан. Жаса» байқауы 2017-2018 оқу жылында өткізілді. Байқауға 87 шығарма таңдалып алынды. Байқауға қатысушы студенттер оқыған кітабы бойынша шығарманың көтерген мәселесі туралы түрлі жанрда: поэзия, проза, драма, классикалық шығармалардан көркем сөз оқу, сценография, дәстүрлі ән, көркемөнер, компьютерлік графика, мүсін, киім дизайны номинациялары бойынша шығармашылық шеберлігін көрсетті, тақырыпты ашудағы өзгешеліктерін байқатты.
«Оқы. Шабыттан. Жаса» байқауының нәтижесі 2018 жылғы 28 сәуірде Еуразиялық халық­аралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында «Көрме» залында өтті. Байқау жеңімпаздары «Фолиант», «Күлтегін», «Этерна» баспалары, «Мың бір өнер» театр салоны (Қ.М.Құсайынова), Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы (Б.Қарағыз­ұлы), Қазақ ұлттық академиялық кітапханасы тарапынан берілген сый-кітаптарымен, Қазақ ұлттық өнер университетінің дипломымен марапатталды.
Сонымен қатар, «20 жылдыққа – 20 сабақ» жобасы бо­йынша кі­­тап­хананың мерзімді басылымдар залында ҚазҰӨУ оқытушыларымен бірлесіп түрлі тақырыпта әрбір сәрсенбі күндері қызықты сабақтар, тағылымды кездесулер өткізілді, лекторларға кітап сыйлау, келген қонақтарға университеттің сый жинағын тапсыру дәстүрге айналды.
Жыл бойы «20 жылдыққа – 20 сабақ» жобасына 1200-ден аса студент қатысты. Қазақ ұлттық өнер университеті, «Гильдия книжников» (Мәскеу), Қазақ ұлттық академиялық кітапханасы демеушілік жасады.
Қазіргі цифрлы заманда кітап­қа, кітаптың құдіретіне назар аударту үшін университеттің ақпараттық кітапхана қызметі студенттер арасында жыл са­йын Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында «Мен және кітап» фотобәйгесін өткізіп отырады. Жобаның мақсаты – студенттердің кітап оқуға қызығушылығын, олардың творчестволық белсенділігін арттыру, кітапханаға жарнама жасау, мәртебесін көтеру.
Биыл «Мен және кітап» фотобәйгесінде инстаграм форматындағы үздік фотосуреті үшін «Операторлық өнер» мамандығы бойынша 4-курс студенті Айдос Тұртаев, колледждің «Музыка теориясы» мамандығы бойынша 3-курс студенті Іңкәр Сәдуақасова жеңімпаз атанды.
Мерейтойлар тоғысқан мерейлі жылда Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығы аясында кітапханада ғылыми бағытта жұмыс жасайтын «А.Мұсақожаеваның кітап коллекциясы және сирек басылымдар» залы ашылды.
Айман Мұсақожаеваның коллекциясы – оған сыйға берілген 200-ден аса құжат, Айман Қожабекқызының өмірі мен қызметіне, шығармашылығына байланысты кітаптар, 600-ден аса ол кісі туралы мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар мен сұхбаттар және 240 е-көшірмелер, 89 бейне, дыбыс жазбалар, 1155 атау (5726 дана) ҚазҰӨУ профессор-оқытушылар құрамының ғылыми, оқулық және әдістемелік құралдары және 831 сирек кездесетін кітаптар мен ноталық басылымдардан құралды. Кітапхананың сирек қоры Ақмола музыкалық колледжінің негізінде құрылғандықтан, сирек кездесетін басылымдар сақталған және жеке адамдардың, әртүрлі қорлардың, елшіліктердің сыйға тартқан кітаптарынан жинақталды. Қорда өнерге қатысты 534 дана (1881 ж.) сирек кездесетін кітаптар және 297 дана (1888 ж.) отандық, әлемдік ноталық баспа өнімдері бар.
Бұған қоса, Айман Қожабекқызы репертуарының ноталық басылымдары, университетте өткізілетін конкурстар мен концерт бағдарламалары, күйтабақтар, университет тынысынан сыр шертетін «Руханият» газеті, «Uni Art.kz», «Шабыт» журналдары топтастырылған.
«А.Қ.Мұсақожаеваның кітап коллекциясы және сирек басылымдар қоры» ғылыми жұмыс­тармен айналысатын ғалымдар мен зерттеушілер, мамандар, докторанттар, магистранттар, студенттер үшін арнайы жұмыс залы болып табылады. Аталмыш шара шеңберінде «Қазақстан. Өнер. Тұлға» сериясымен «Айман Мұсақожаева» библиографиясының тұсауы кесілді.
Сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мәдени мұрамыз – кітапты замандастарымыз бен келешек ұрпақтың игілігіне жаратуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ҚазҰӨУ ақпараттық кітапхана қызметкерлерінің жасап жатқан еңбегінің бір парасы осындай.

Ғазиза ИСАХАН,
Қазақ ұлттық өнер
университеті ақпараттық
кітапхана қызметінің
басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды