«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорданың ең көне ғимараты

0 35

Бүгінгі күні Елбасының атымен Нұр-Сұлтан қаласы атанған астана шаһарының тарихы мыңжылдықтардың қойнауына баратыны тарихшылар үшін құпия емес. Кезінде Бозоқ қалашығына археологиялық қазбалар жүргізіп, елге танытқан Кемел Ақышев ағамыз негізінде қала осы астананың астында қалды, ал Бозоқ ғұрыптық ескерткіш деуші еді. Мен де осы пікірге қосыламын.

ХІХ ғасырда қазақтың орталық аймағын, соның ішінде көне керуен және көш жолдарын зерттеген Ю.Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Есілден өтетін негізгі өткел Қараөткел туралы «Карауткульский брод. Шириною 35 сажен (1 сажын-2,1336 м-Ж.А.), глубиною по спаде воды 1 аршин (1 аршын-71,12 см), дно твердое» деп сипаттама жасайды (с.128). Бұл сипаттама – сауда керуендері үшін ең басты қажеттілік, себебі бірнеше мың түйемен сапар шегетін саудагерлерге табаны берік өткел, керуендегі жүк көлігі жайылатын шұрайлы алқап керек. Оның екеуі де Қараөткелде бар. Қараөткел маңындағы ерте түрік көшпелі және отырықшы елдерінің толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары көп болған. Сонымен қатар Қараөткел – ертеде қазақ қазақ болмай тұрған заманында Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған жер. Әрине, бұл жерде егер салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе керуен сарайлар мен егінші, қолөнерші, сау­дагер қауымдардың отырықшы қоныс­тары табылатыны сөзсіз. Біз тым әріге бармай-ақ ХІХ ғасырдың басындағы жазба деректерді қарас­тырып көрейік. Оның үстіне бірталай уақыт бұрын өлкетанушылар Есілге жақын маңайдан кәріз жүйе­сіне тән қыштан жасалған құбырдың сынықтарын тауып алғаны да есте жүрген ақпарат. Ал дәл қазіргі күні көне астанадан Нұр-Сұлтанда қандай ескерткіш сақталды деген сұрақ болса мен ескі қаланың дәл ортасындағы, Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысындағы «Сине Темпорені» айтар едім. Неге деген сауал болатыны заңды, әрине.


ХІХ ғасырдың басында Ресей қазақ даласына сұғына кіре бастады, алдымен көздегені саяси орталықтарға, стратегиялық маңызды биіктерге бекіну болды. Осылайша алдымен Көкшетау мен Қарқаралыда, одан кейін Қараөткелде бекініс салуға дайындық жүрді. Осы мақсатпен қазақ жеріне ішінде ғалым адамдары бар әскер экспедициялар аттанды, солардың бірін басқарған подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830-шы жылы рапорт жазған.
Подполковник Шубин орыс бекінісін алдымен Қараөткелге салмақ болды. Филип Назаров сияқты елшілердің деректеріне қарап ХІХ ғасырдың басында Қараөткел маңында Құдайменді сұлтан, кейіннен оның ұлы Қоңырқұлжа сұлтан сияқты Шыңғыс тұқымының өкілдері жайлағанын білеміз. Қазақтың ауызша айтылатын шежіре аңыздары бұл кезең туралы тамаша мәліметтерді сақтаған. Ол кезде қазақ төрелерінің мықты әулеттері, соның ішінде Сәмеке хан ұрпақтары, әлі де Түркістанмен байланысын үзбеген. Белгілі дәрежеде Мәуреннахр мен Түркістан-Ташкент аймақтарынан Қараөткел арқылы солтүстікке өтетін сауда керуендері де Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың ұрпақтарының бақылауында және қамқорлығында болуы керек. Біздің есебімізше, подполковник Шубиннің ұсынысына қарамастан Қараөткелдің орнына Ақмоланы округ орталығына, яғни бұйрыққа (приказ), қазақтың бұрынғы ұғымымен айтсақ, дуанға (диван) арнап таңдаған Сәмеке ханның тұқымы – Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы. Негізгі себеп қазақтың Сарыарқа аймағына шеңгелін сала бастаған орыстарды меридианалдық саудаға араластырмау, Қараөткелден түсетін пайдаға ортақтастырмау болуы тиіс.


Бірақ екі жыл өтпей-ақ Ресейлік командирлер дуан орталығын Ақмоладан Қараөткелге көшірді, бірақ ол туралы әңгіме кейінірек. Астана тарихын білеміз дейтін зерттеушілердің көпшілігі осы көшу-қонуларды дұрыс айыра алмайды. Қараөткелде дуан орталығына арнап үйлер салына бастады, дуан хатшысы Чириковтың ағаш үйі де сол 1834 жылы салынды. 1835 жылы округтік дуанда тілмаш болып қызмет істейтін князь А.Чанышев өзіне үй салып алды. Өзге де қызметкерлердің ішінде ағаштан қиып үй сала бастау осы кезеңде басталады. Үй салуға қажетті құрылысқа жарамды ағашты үй саламын деген ақмолалықтар Көшектен тасып отырды. Барлығына бірдей ағаш үй салу мүмкін болмағандықтан, алғашқы қоныстанушылардың көпшілігі жер үйлерде тұрды. Әскерлер мекендеген казарма да біршама уақыт жер үй сияқты жартылай жерден қазып салынған ұзын барақта орналасты. Ресей отаршылдық жүйесі қай жерде болмасын абақтыны (гауптвахта) бірінші салатыны белгілі дерек. Қараөткелде де алғашқы үш бөлмелі абақты 1835 жылы, яғни қаланың алғашқы құрылыстарымен бірге көтерілді. Маңайдағы қазақтың өзі орыс билігімен осы абақтыдан бастап танысты деп айтуға да болады.
1840-шы жылдары Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әкімшілігі Ақмоланың халқын өз жақтастары есебінен көбейту мақсатында 2-ші Сібір линиялық батальоны солдаттарын осында жіберді. Солдат отбасылары бекіністен батысқа қарай қоныстанып, кейін ол қоныс «Солдатская слободка» атанып кетті. Казачья слабодка қазіргі «Самал» мөлтек ауданы жақ, кейін келе қаланың өз ішіне қосылды. 1846 жылы «Сібір казак-орыс әскері туралы» жаңа ереженің қабылдануына байланысты отаршылдық әкімшілік казак-орыс отбасыларын күштеп қоныс аударуға мүмкіндік алды. Осылайша Горькая линиядан (Солтүстік Қазақстан өңіріндегі тұзды көлдер) казак-орыстың 100-ден аса отбасысы Ақмолаға келді. Бекініс ішіндегі жер шамалы болғандықтан жаңа қоныстанушылар бекіністің маңынан, Есілді бойлай орын алды. 1847 жылы біз деректерден «Солдат слободкасымен» қатар «Казачья станица» дегенді көретініміз осы себепті.
Ақмола бекінісінде «Солдат слободкасымен» бірге іргесі көтеріле бастаған слабодканың бірі – «Татар слободкасы». Оның бастауында 1838 жылы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының бастамасымен бекіністің қас бетіне жақын, қазіргі Иманов көшесіне қарай салынған екі қабатты мешіт үйі тұр. Иманов көшесі патша заманында Мешіт көшесі аталатын себебі осы алғашқы мешіттің салынуына байланысты. Осы көшеден шығысқа және солтүстікке қарай салынған қазақ және татар үйлерінің негізінде кейін қала пайда болды. Ақмоланың алғашқы аға сұлтаны дін ісін жүргізуге арнайы Бурабай деген молда шақырады. Бұл кезең қазақтың бүкіл далалық өңірінде аға сұлтандардың бастамасымен мешіт құрылыстарының жүре бастағаны белгілі.
Осы құрылыстардың барлығы да ерте заманнан бері осы жерде тұрған ескі үй-жайлардың орнына көтерілді. Себебі неде? Себебі Есілден өткен керуендер ертеден-ақ өздерінің көштерін қазіргі Кенесары көшесі бойында доғарып, саудасын жасай бастайтын. Жағдайы бар саудагерлердің ортасынан қаржы жинап салған Керуен сарайы бір жағынан қонақ үй, екінші жағынан сауда орны, үшінші жағынан қойма қызметін атқарды. Қараөткелдің алғашқы көшесі Ресей патшалығы заманында Үлкен Базар көшесі атанды. Патша үкіметі құлаған соң 1922 жылы Үлкен Базар көшесін Қараөткелдің зиялы қауымы Кенесары-Наурызбай көшесі деп атағанын біз бұрын жаздық, бірақ Кеңес өкіметі күшіне кірген соң большевиктер ол көшені Кенесарыдан тартып алып, Карл Маркске берді. Қазақстан тәуелсіздігін алып, астана Қараөткелге келген соң бұл көшенің бағы жанып, Кенесары өз атауын қайтарып алды. Қарап отырсаңыз, тарих деген ғажап бір құбылыс, шыр айналған замана көші Архимедтің спиралі сияқты, дәл орнына келмегенімен қайталап өзінің ізін шиырлап отырады.
Қараөткел тарихында өзіндік тарихы бар екінші көше – Кіші Базар алаңы. Бұл алаң Үлкен Базар көшесіне қанаттас алаң десек те болады. Қазіргі күні де бір жағынан Бейбітшілік көшесі кесіп өтетін өте әдемі алаңдардың бірі осы – Кіші Базар. Егер құрылыс есебімен айтсақ, Конгресс-холдан бастап ескі Парламент үйіне, қазір Қазақстанның мемлекеттік басқару академия­сы, спорт және туризм агенттігі т.б. орналасқан ғимаратқа дейінгі жер. Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Кіші Базар алаңын Луначарский атына беріп, сол жерден басталатын көшені «Пролетарская», кейін бір уақыт «Мир» деп атады, қазіргі уақытта бұл көше «Бейбітшілік» көшесі деп аталады. Астананың үлкен көшелерінің бірі осы – Бейбітшілік.
1890 жылы Қараөткелдің тура ортасындағы заманнан заман өтіп, әбден тозығы жеткен Керуен сарай қазына қаржысына қайта жөнделді де, орысша «Гостиный двор» атала бастады. Бір қабатты екі ­ құралған сауда ғимараты әп- әдемі болып қалаға көрік беріп тұрды. Егер салыс­тыра қарасақ, елге әсері қазіргі «Хан шатыры» сияқты болса керек. Керуен сарайда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда лавкалары ашылды, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы 1,5 миллион рубльге жеткен еді. Керуен сарайдың алдында аттар мен түйелерді байлайтын керме орнатылды. Шойын бағаналарға сүйенген күнқағарлар, кириллица мен араб жазуымен жазылған дүкен атаулары, жарнамалар Керуен сарайдың кіреберісіне көрік беріп тұрды. Керуен сарай алдындағы жарнамалардың ішінде Қосшығұлов аты ерекше көзге шалынады, себебі осы құрылысты жөндеудің де инициаторы қазақтың ішінен шыққан осы кәсіпкер әулет еді.
Кейін орыс большевиктері билікке келді, Қосшығұлов сияқты қазақ кәсіпкерлерінен бір адам да қалмады. Сонымен Керуен сарайдың тарихы да ұмытыла бастады. Кеңес заманында бұл ғимарат ЦУМ аталды, қазір тәуелсіздік кезеңінде «Сине Темпоре» деп аталады.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды