«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорданың энергиясын сезін

0 80

Елімізде алғаш рет смартфондар мен планшеттерге арналған стратегиялық ойын пайда болды. Кеше жоба жетекшілері журналистердің басын қосып, «Қала бұрыштары» деп аталатын ойын ережесімен таныс­тырды. 

Астана қаласының әкімдігі және «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компа­ния­сының қолдауымен Қазақстан Гёте-Инс­титутының базасында жасалған бұл жоба төрткүл дүние көз тігіп отырған ЭКСПО көрмесінің құрметіне арналыпты.
Жобаның мақсаты – Астана қаласын­дағы оқушылар мен студенттерге «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін ойын түрінде жеткізу. Ойын барысындағы тапсырмалар жастарға қоршаған ортаны қорғауға және оған құрметпен қарауға итермелейді. Ойыншылар ойын барысында сиқырлы өзенге қайтадан өмір сыйлауға ұмтылады. Осы мақсатта сиқырлы энергия бөлшектерін іздеуі тиіс. Бұл кез келген адамды бір сәтке болса да табиғатпен үндестіре алады» дейді «Қала бұрыштары» жобасының жетекшісі Ирина Хеч.
Ойын желісі бойынша Хан тәңірінің баурайында тұратын ата-әжелеріне кезекті демалысқа барған ағайынды Талғат пен Дина есімді екі бала бес түрлі нышан таңбаланған бір тас тауып алады. Бұл заттың мәнін сұраған немерелеріне атасы мен әжесі сиқырлы өзен мен оның қарауылдары туралы хикаяны баяндап береді. Олардың айтуы бойынша, Астана шаһарының орнында бұрындары От, Су, Жел, Жер және Уақыт пен Болашақ атты бес түрлі энергиядан тұратын бір сиқырлы өзен болған екен. Ол энергиялардың әрқайсысы белгілі бір қарауылдар тобының қамқорлығында болатын. Бірде белгісіз бір себептен қарауылдар ғайып болады. Тепе-теңді­гінен айырылған өзен суы тартылып, құрғап қалыпты. Өзенді қайта қалпына келтіру үшін қарауылдарды табу керек екен. Осы әңгіме қатты әсер еткен Талғат пен Дина жолға шығады. Ойыншылар ойын барысында екеуіне қарауылдарды табуға көмектеседі.
Осы жылдың қыркүйек айының соңы­нан бастап іске қосылатын бұл ойынды Google Play және iTunes қосымшасынан қазақ, неміс, ағылшын, және орыс тілдерінде ақысыз жүктеп алуға болады.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды