«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорданың дәулеті мен сәулеті

0 36

Жыл өткен сайын дәулеті мен сәулеті өркендеген елордамызда құрылыс қарқыны ешқашан бәсеңдеген емес. Заман ағымына қарай қандай өзгерістер болып жатыр, бас қаланың болашақ келбетінде қандай өзгерістер болады? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткізген жиында осы тақырыпқа аса мән беріп, бірқатар тапсырмалар жүктеген еді.

«Astana» телеарнасы мен Elorda aqparat ЖШС-тің бірлескен жобасы – «Elorda Live» бағдарламасының кезекті қонағы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов елорданың құрылысы мен сәулетіне қатысты сұрақтарға жауап берді.

БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫҢ ҮЙЛЕСІМІ

– Елордамыздың құрылысы мен сәулеті – өте маңызды тақырып. Қаланың қарқынды дамуын есепке алсақ, оның маңызы одан сайын артады. Бірақ жасыратын ештеңесі жоқ, жақында Мемлекет басшысы бізде бірыңғай қала құрылысының саясаты жоқ екенін атап өтті. Көшелер мен ғимараттарды безендіру гармониялық стильден ада. Президент дизайн код әзірлеуге тапсырма берді. Дизайн код дегеніміз не? Жұмыс неден басталады?
– Дизайн код – қала өркендеуінің негізгі бөлшектерінің бірі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қаланы, қала көшелерін, орамдарды, қоғамдық аймақтарды безендірудің бірыңғай сәулеттік стилі. Бұл – әлемге тараған халықаралық практика. Біз шетелдерге барғанда көптеген дамыған қалалардың ерекше белгілерін байқаймыз. Мәселен, Барселона Дубайға ұқсамайды. Нью-Йорк – өзге шаһарлардан айрықша қала. Токионың қайталанбас тартымдылығы бар. Вена – жоғарыда аталған қалалардың бәрінен өзгеше шаһар.
Қазір елордамыздың да өзінің белгілі бір стилі бар. Мен мұны шығыс пен батыстың үйлесімі деп атар едім. Нұр-Сұлтан қаласында батыс сәулет өнерінің соңғы үлгілерін таба аламыз. Астанамызда Норман Фостер секілді әлемге әйгілі көптеген сәулетшілер жұмыс істегені белгілі. Бұл жұмысты жалғас­тыруымыз керек. Нұр-Сұлтан қаласы ең далада пайда болған жоқ. Бұрынғы Целиноград қаласының өзінің сәулеттік қолтаңбасы болды. Бұл қолтаңба өзінің уақытында өзекті болды. Бірақ өмір бір орында тұрмайды. Алға жылжуымыз керек. Дизайн код бойынша жұмыс басталды. Жақын уақытта, осы жылдың төртінші тоқсанында, келесі жылдың бірінші тоқсанында бірыңғай сәулет стилінің үшінші кезеңін қалыптастыру жұмысын аяқтаймыз.
Қарапайым тұрғын үшін оның маңызы қандай? Қаламызда тұрып, жұмыс істеп жатқан адамдарға бұл не береді? Қаланың бір бөлігінде бизнесті ұйымдастыратын адам кеңсесі қандай болуы керектігін, оның түсін, ғимаратқа кіреберісті көз алдына елестете алады. Тұрғын үй құрылысының өлшемдерін соған ұқсатуға болады. Баспана жобасын жасайтын адам да бұл үй қабаттылығы, құрылыстың тығыздығы жағынан ең алдымен детальді жоспарлау талаптарына сәйкес болуы керектігін біледі. Сол арқылы бірыңғай сәулеттік стиль аясында құрылыс салушы мен сәулетші нақты бір ауданда қандай стильді ұстану керектігін түсінеді.
– Сонда бизнесмендерге немесе қарапайым адамдарға кеңсенің, баспананың дизайн кодын әкім­дікпен келістіру керек бола ма?
– Біз оларға дайын дизайн кодтарды ұсынамыз. Оған дейін құрылыс салушы бізге дайын эскиздік жобаны әкелетін. Содан кейін сәулетшілеріміз тапсырыс берушінің сәулетшілерімен бірге жобаны толықтыратын. Енді тұтас қаланы, әр ғимаратты қандай стильде дамытатынымыз түсінікті болады.

КЕШЕНДІ ЖОСПАР НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

– Кез келген қала үшін бас жоспар үлкен маңызға ие. Қазір қалада қандай негізгі инфрақұрылымдық жобалар әзірленіп жатыр?
– Бүгіндері біз Үкіметтің тапсырмасымен бас жоспарға түзету енгізіп жатырмыз. Себебі бас жоспардың бастапқы жобасында қала халқын 800 мың адамға дейін көбейту көзделген. Біз бұл межеден асып кеттік. Яғни бұрынғы жоба өзектілігін жойды. Қазір 2030 жылды емес, 2050 жылды жоспарлап отырмыз. Жақын уақытта елорда тұрғындары 1 миллион 250 мың адамға жетеді. Соған сәйкес бас жоспарға өзгерістер енгізіледі. Бұл жоспарды толық көлемде жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы Үкімет қаулысымен қала дамуының кешенді жоспары бекітілді. Бұл – бес жылға арналған, 2023 жылға дейінгі жұмыстарды қамтитын, ірі жеті тараудан тұратын өте маңызды құжат. Бірнешеуін атап өтейін, мұнда инженерлік инфрақұрылымды, жолдарды дамыту көзделген. Биыл кешенді жоспарға Шет аймақтарды дамыту бағдарламасын қостық.
Ал кешенді жоспар дегеніміз не? Бұл жоспар қаланың белгілі бір бөлігін дамытуды көздейді. Мұны біз қала құрылысының ықшам жобасы деп атаймыз. Қазір бірінші кезекте инженерлік инфрақұрылыммен, жол инфрақұрылымымен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етілуі тиіс 13 мың гектарды анықтадық. Біз азаматтық құрылысқа қарағанда инженерлік, жол инфрақұрылымдары құрылысын бастапқы орынға қойып отыр­мыз. Себебі осы күндері тұрғын алаптар құрылысымен айналысқан кезде инженерлік инфрақұрылым мәселесі алдымыздан шығып жатады. Кешенді жоспар осы мәселені шешуге бағытталған. Болашақты біз көріп отырмыз. Жыл сайын кешенді жоспарға түзету енгіземіз. Егер негізгі бес құрылыс аймағының бірінде жұмыстар басқасына қарағанда жылдам жүріп жатса, жоспарымызды өзгертеміз. Дәл осы уақытта келесі жылдың жоспарларына түзету енгізіп жатырмыз. Бұл жағдай келесі жылы пайдалануға берілетін нысандарды инженерлік және жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бес құрылыс аймағы туралы айттым. Тарқатып айтқанда, Мыңжылдық аллеясы, Тұран даңғылы, «Тельман» тұрғын алабы және өзге осы сияқты аудандар ықшамды құрылыс аймағына кіреді. Әрине, кешенді жоспар ықшамды құрылыс аймағымен ғана шектелмейді. Ол тұтас қаланы қамтиды.

«АБУ-ДАБИ ПЛАЗА» ЖЕЛТОҚСАНДА АШЫЛАДЫ

– «Абу-Даби Плаза» қашан пайдалануға беріледі. Оның ішінде не болады?
– «Абу-Даби Плаза» Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болмақ. Қаржы құю және жұмыс орындарын құру жағынан алғанда, бұл – өте ірі, әрі маңызды жоба. Бұл қаламыздың бірегей нысандардың біріне айналады. Тұрғын үй кешені 500 мыңнан астам шаршы метрден тұрады. Салыстырмалы түрде алғанда, елордада жыл сайын 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. «Абу-Даби Плазаның» құрылысына 8 мыңнан аса адам қатысты. Инвестор бұл жобаға 1,5 миллиард доллардан астам қаржы салды. Биылғы желтоқсан айында бұл жобаның бірінші және екінші кезегін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл – «Шаратон» қонақүйі мен «Абу-Даби Молл» сауда ғимараты. Сауда нүктелерінің 70 пайызын жалға алатындар осы күндері бар. Желтоқсанда салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Тұрғын үй кешенінің қалған бөлігі келесі жылдың маусымына дейін пайдалануға беріледі. Яғни сол кезеңде кешенді толығымен іске қосуды жоспарлап қойдық.

ҚАСБЕТТІ АУЫСТЫРУҒА – ПАЙЫЗСЫЗ ҚАРЫЗ

– Елордада жел жиі тұрады. Соның салдарынан тұрғын үйлерден немесе маңызды нысандардан қаптамалар ұшып түсіп жатады. Кейде содан автөкөліктерге зиян тиеді. Қазір құрылыс кезінде климаттық ерекшелік есепке алына ма?
– Нұр-Сұлтан – жас қала. Сол себептен дамудың әртүрлі сатысынан өтті. Естеріңізде болса, бір кездері ғимараттарды алюкабондпен қаптау сәнге айналды. Кейін бұл материал отқа төзбейтінін, өрт қаупін тудыратынын байқап, керамограниттік плиткаға көштік. Бірақ оны бекіту жүйесі, жұмысты орындау сапасы көңіл толтырмады. Оны да қойдық. Қазір байқасаңыздар, әр жаңа ғимарат құрылысында, оның азаматтық, өнеркәсіптік, әлеуметтік, тұрғын үй ретінде салынуына қарамастан бұрынғы қасбеттерді қолданбаймыз.
Сайдинг, алюкабонд, керамограниттік плиткамен қапталған тұрғын үйлер бізде көп болғандықтан, бұрын салынған ғимараттармен не істейміз? Бұған қатысты нақты шешіміз бар. Біріншіден, бұл – Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы. Жыл сайын оған қаржы бөлінеді. Соның аясында нақты бір үйдің тұрғындары қасбетті ауыстыруға пайызсыз қарыз ала алады. Көпшілік мұны біле бермейді. Қала әкімінің тапсырмасымен біз әр апта сайын ПИК басшыларымен кездесіп, мұны түсіндіреміз.
8 қазанда қала әкімдігінде өткен қаланы дамыту кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отқа төзімсіз қасбеттер проблемасын атап өтті. Бұл – бұрын салынған, алюкабондпен қапталған ғимараттар. Бізге үш жыл ішінде бұл проблеманы шешуге тапсырма берілді. Яғни осы мерзімде отқа төзімсіз қасбеттерден құтылуымыз керек. Тиісті бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Үш жылда бұл міндетті орындаймыз.

ҮШ АУЫСЫМДЫҚ ОҚЫТУ 2021 ЖЫЛЫ ЖОЙЫЛАДЫ

– Қаланың құрылыс қарқыны қазір қандай? Төмендеп жатқан жоқ па? Осы уақытқа дейін не салынды?
– Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің құрылыс нарығында көшбасшы болып табылады. Жыл сайын 2 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс саласына құйылып жатқан инвестиция – 500 миллиард теңге деңгейінде. Осы жылдың тоғыз айында құрылысқа 400 миллиард теңге салынды. Яғни жыл қорытындысында жоспар 500 миллиард теңгеден асады деп болжап отырмыз. Өткен жылдары тұрғын үйге құрылыс салушылар қатты қызыққанын байқасақ, биыл жағдай шамалы өзгерді. Яғни құрылысқа салынған қаржы азайған жоқ, бірақ қаржы салудың құрылымы түрленді. Егер бұрын құрылыс салушылар ақшаны тұрғын үй құрылысына салса, қазір бизнес жобаларға, коммерциялық жобаларға қызығушылық байқалуда. Яғни бизнес, сауда орталықтары, тағы басқа осы сияқты нысандар салынып жатыр.
– Нұр-Сұлтан қаласында мектептер мен ауруханалардың тапшылығы қаншалықты болып отыр?
– Бұл – біз үшін өте маңызды мәселе. Соңғы жылдары қала тұрғындарының өсімі қатты болып, соның қарқынына ілесе алмай жатырмыз. Бір цифрды келтірейін: Целиноград қаласында 200 мыңнан астам адам тұрды. Ал қазір елордада мектеп оқушыларының өзі 200 мыңнан асады. Соған сәйкес жыл сайын бізге қарқынды сақтау үшін жаңа 10-12 білім беру нысаны қажет. Өкінішке қарай, бізге үш ауысыммен оқытатын мектептер әлі бар. Биыл 10 мектепті пайдалануға береміз. Олар оқушыларға есіктерін айқара ашты. Келесі жылы 12 мемлекеттік мектепті салуды жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, 18 жекеменшік мектеп құрылысы бойынша келіссөздерді жүргізіп жатырмыз. Соның өзінде үш ауысымды оқытуды 2021 жылы ғана жоямыз. Жыл сайын бірінші сыныпқа баратын балалар көбейіп жатыр. Бұл жағдай бізді қуантады. Сонымен қатар тиісті жоспарларға түзету енгізуге мәжбүрміз.
Денсаулық сақтау саласында ірі инвестициялық жобалар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы дамыту жөніндегі кеңесте ескі теміржол ауруханасы 60 жыл бойы жөндеу көрмегенін айтып, сын айтты. Шынымен солай. Қала әкімі Сарыарқа ауданында теміржол ауруханасының жаңа ғимаратын салу бойынша шешім шығарды. Оған бюджет қаржысы жұмсалмайды. Біз Түркияның инвесторларын тарттық. Кұрылыс салатын компания бүкіл әлемдегі 500-ден астам денсаулық сақтау нысанын басқарады. Құрылысты келесі жылы бастауды жоспарлап отырмыз. Ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жасалады.
Қазір қаланың сәулет қызметі көрсететін мемлекеттік қызметтерді цифрлы форматқа ауыстырып жатырмыз. Цифрландыру бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Қазір сәулет органдары көрсететін бұл қызметтің 50 пайызы цифрлы форматта орындалады. Бұл жұмысты толығымен келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни алдағы жылы осы қызметтің барлығы цифрлы форматта жасалады.

ДИСНЕЙЛЕНД ҚҰРЫЛЫСЫНДА КЛИМАТТЫ ЕСКЕРУ КЕРЕК

– Қалада Диснейленд салынатынын естідім. Бұл рас па? Рас болса, ол қай жерде, қашан салынады?
– Қала әкімінің атына елордада Диснейлендтің баламасын салу бойынша өтініш келіп түскені рас. Сәулет органдары деңгейінде алдын ала әңгімелесулер жүргізілді. Қазір қаланың бас жоспарын есепке алып, Диснейленд орналасуы ықтимал орындарды қарап жатырмыз. Бірнеше нұсқа бар. Бірақ интриганы сақтау үшін қазір бұл нұсқаларды айтпай-ақ қояйын. Сосын бізді климаттық жағдай толғандырып отыр. Америкада, Орландода, Парижде Диснейленд бар екенін білеміз. Дубайда оның белгілі бір баламалары бар. Бірақ климаттық жағдай әртүрлі ғой. Қазір инвесторлармен жыл бойы жұмыс істейтін жабық Диснейленд құрылысын қарап жатырмыз. Бұл жоба бізді қызықтырады. Ол салынса, жаңа жұмыс орындары пайда болып, қалаға инвестициялар құйылады. Жоба әзірленгенде қала тұрғындарына хабарлаймыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды