«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорданы дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізілді

0 20

Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен аймақтарды дамыту бағдарламасын жетілдіру мақсатында қызметті бағалаудың мақсатты индикаторлары оңтайландырылды. Осыған және қала атауының өзгеруіне байланысты 2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында осыны мәлімдеген Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев бағдарламаға енген өзгерістермен таныстырды. Сессияға қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин қатысты.– Қаланы дамыту бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Сондықтан бұл – объективті себептерге байланысты соңғы түзету. Ұлттық экономика министрлігі көрсеткіштердің жаңа базалық тізімін қабылдады. Онда көрсеткіштер 81-ден 40-қа дейін қысқартылды. Осы индикаторлардың негізінде әкімдіктердің қызметі бағаланады. Аумақтарды дамыту бағдарламасындағы индикаторлар 121-ден 54-ке азайтылды. Бұл 54 индикатордың 10-ына түзетулер енгізілді. Оның 9-ы стратегиялық картаның индикаторлары, – деді Қ.Маңқараев.
2018 жылдың қорытындылары бойынша, елорда әкімдігі көздеген мақсаттарға жету көрсеткіші жөнінен ел өңірлері арасында ең үздік нәтижелерді көрсетіп, екінші орынды иеленді. Президент Әкімшілігі бас қала әкімдігінің қызметін 85,7 балға бағалады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 12 балға жоғары. Осыны айт­қан баяндамашы Елбасының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл бағдарлама 2021-2025 жылдарды қамтиды. Қазіргі кезде Ұлттық экономика министрлігімен бірге жаңа бағдарлама бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Сессияның алдында елорданы дамыту бағдарламасы «Nur Otan» партиясының қалалық мәслихаттағы фрак­циясының кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды. Депутаттар онда қала тіршілігіне қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Мәслихат депутаты Қарақат Абден шаһардың экономикалық өрлеуі мен салық түсімдері мәселесін қозғады. «Жалпы өңірлік өнімнің өсімін байқап отырмыз. Бірақ бұл көрсеткішті жақсартуға болады деп есептеймін. Салықтар уақытында жиналмаса, қала қазынасына түспесе, қаланың әлеуметтік саясаты ақсайды. Мұндай жағдайда әлеуметтің әлеуетін қалай көтереміз? Бұл тарапта Nur Otan партиясы мемлекеттік органдар жұмысын бақылауға алуы тиіс» деді депутат. Отырыс барысында барлық ұсыныстар ескерілетіні айтылды.
Осы күндері елордада 87 орта мектеп жұмыс істеп тұр. Оның 10-ына белгілі тұлғалардың есімдері берілген. Биыл қалалық ономастикалық комиссияға мектептерге атау беру бойынша көптеген өтініштер келіп түскен. 3 қазанда комиссия бұл өті­ніштерді қарап, 12 ұсыныс бойынша оң шешім шығарды. Сессияда бұл ұсыныстармен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев та­ныстырды.
Атап айтқанда, №10 мектеп-гимназияға – Жұмабек Тәшеновтің, №48 мектеп-лицейге – Ахмет Байтұрсынұлының, №52 мектеп-гимназияға – Бейімбет Майлиннің, №56 мектеп-лицейге – Шәкәрім Құдайбердіұлының, №57 орта мектепке – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының, №58 мектеп-гимназияға – Ілияс Жансүгіровтің, №68 мектеп-гимназияға – Міржақып Дулатұлының, №76 мектеп-лицейге – Әлихан Бөкейханұлының, №80 мектеп-гимназияға – Сәкен Сейфуллиннің, №84 мектеп-лицейге – шейх Халиф бен Заид әл-Нахаянның, №85 мектеп-лицейге – шейх Тамим бен Хамада әл-Танидың және Оқушылар сарайына – Әбу Насыр әл-Фарабидің есімдерін беру ұсынылды. Бұл ұсыныс­тарды депутаттар мақұлдады.
– Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шейх Халиф бен Заид әл-Нахаян атындағы гу­манитарлық қор №84 мектеп-­лицейінің, ал Катар мемлекетінің даму қоры №85 мектеп құрылысын қаржыландырды. Инвесторлар білім беру орындарын қажетті барлық құралдармен жабдықтады. Мектептер құрылысынан бөлек, материалды-техникалық жабдықталуын да өз мойындарына алған. Қажет болған жағдайда олардың есебінен құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оқу құралдары алынады. Шейхтердің есімдерін мектептерге беру туралы ұсыныс осы мектептердің басшыларынан келіп түскен, – дейді Т. Қышқашбаев.
С19 көшесіндегі 600-800 орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысына, бесінші кезектегі, №10 учаскедегі Есіл өзені арнасын қайта құру мен абаттандыруға, А. Иманов көшесінен бастап Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі Асан қайғы көшесін салуға, С189 және С745 көшелері қиылысындағы саябақтың құрылысына мемлекет мұқтаждығына жер телімдерін алу жобасымен Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жан Мырзағали таныстырды. Бұл ұсыныс та депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды