«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорданы әспеттеген мүшәйра

0 36

Астана қаласы Қоғамдық даму істері басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырған жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, белгілі қаламгерлер қатысты.

Биылғы мүшәйраға «Астана – жастар жүрегінде», «Астана – жиырмадағы жас қала» және «Еркін тақырып» тақырыптары бойынша төрт жүзге жуық ақын өлеңдерің тапсырды.
«Мүшәйра жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылығын қолдау, дамыту мақсатында биыл үшінші мәрте өткізілді. Біз жыл сайын бұл жобаның деңгейін арттыруға тырысамыз. Ақындар сайысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ақындар қатысты. Сондықтан біз әрқайсысының шығармашылығын бағалау үшін 10 жүлдегерді анықтадық» деді Астана қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.
Шығыс Қазақстан облысынан келген Дәния Сәтбекқызы мүшәйра жеңімпазы болып танылды. Оған 300 мың теңге ақшалай сыйақы берілді. Екінші орынды еншілеген Оразай Жеңісұлы мен Абай Ораз 200 мың теңгені иеленді. Үшінші орынның иегерлері Ақылжан Нағашыбай, Медет Божан және Әйгерім Көкееваға 100 мың теңге тапсырылды. «Ең үздік 4 ақын» аталымының жеңімпаздары 50 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. «Мен үшін төрт жүз ақынның арасында жеңімпаз болу – үлкен бақыт. Бұл күтпеген жағдай болды. Мүшәйраға қатысатыным туралы шешімді аяқ астынан қабылдадым. Ұстазым, от ауызды, орақ тілді ақын Айбек Қалиев шақырып, осындай жарыс өтетінін айтты. Ол кезде өтінім беру мерзімінің аяқталуына екі күн қалған болатын. Өлеңдерімді екі күннің ішінде жаздым» деді байқаудың жеңімпазы Дәния Сәтбекқызы.
Мүшәйрада топ жарған ең үздік 30 ақынның өлеңдері кітап болып басылып шықты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды