«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордалықтар қалай дауыс береді?

0 42

Кеше Оқушылар сарайында «Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 9 маусымдағы кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу» деген тақырыпта сайлауды ұйымдастырушылар мен елордадағы дауыс беру процесіне қатысушыларға арналған семинар өтті. Семинарға аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, сот, төтенше жағдай жөніндегі басқарма өкілдері қатысты. Сайлаушылар тізімін құру бойынша атқарушы органдардың жұмысы және сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов баяндама жасады. Қалалық сайлау комиссиясының кеңесшісі Вера Пытьева учаскелік сайлау комиссияларының сайлауға дайындығы қызметін ұйымдастыру және өткізу жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Мүгедектердің құқықтарына көңіл бөлінеді

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов сайлау учаскелерін материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы толыққанды ақпарат берді. Оның айтуынша, елорда әкімдігі сайлауға жан-жақты дайындық жүргізуде. Қала әкімі әрбір сайлау учаскесіне жауапты мемлекеттік органдарды бекіткен. Әрбір мемлекеттік органға, әкімдіктің құрылымдық мекемелеріне жеке-жеке сайлау учаскелері бекітілген. Олар сол учаскелерге толық жауапты. Сайлауға дайындық жөніндегі қалалық штаб жұмыс істейді. Штаб қалалық сайлау комиссиясымен келісе отырып, сайлау учаскелерін безендірудің бірыңғай тұжырымдамасын бекітіпті.
– Әрбір ашық учаскеде дауыс беруге арналған 4 стандарт кабина және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 1 кабина орнатылған. Жабық сайлау учаскелері 2 стандартты кабинамен және қажетіне қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кабиналармен жабдықталады. Сондықтан жабық сайлау учаскелеріндегі комиссия төрағаларынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кабинаға сұраныс жолдауларыңызды сұраймын, – деп түсіндірді Ерлан Ермекұлы.
Оның айтуынша, учаскелердің талаптарға сәйкестігіне қатысты жүргізілген мониторинг барысында 81 ескі үлгідегі Мемлекеттік Елтаңбаның бары, 49 Мемлекеттік Тудың жағдайы сын көтермейтіні анықталды. Бұл мәселені шешуді әкімдік өз мойнына алған. Алдағы күндері жетпейтін учаскелер бо­йынша Тулар мен Елтаңбалар аудан әкімдіктеріне беріледі. Олар өз кезегінде учаскелерге тарататын болады.
Учаскелердегі арнайы стендтерде Президенттікке үміткерлердің суреттері және ақпараттық материалдар ілінеді. Кейбір учаскелерге қойылатын үшінші стендтерге сайлау учаскесіндегі іс-қимыл ережелері, халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдеріне арналған мәліметтер жазылады. Әр сайлау учаскесінде телефон, ғаламтор және Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) үшін мобильді байланыс операторларының жеке желісі сияқты байланыс құралдары орнатылады.
Бұл жолғы сайлаудағы жаңалықтың бірі – 204 сайлау учаскесінде халыққа мекенжайлық анықтамалар беретін мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚО) ашылады. Сайлаушылардың белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын мобильді ХҚО 2019 жылдың 1 маусымында тестілеу тәртібінде іске қосылады. Барлық учаскелерді толық материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру жұмыстары 20 мамырға дейін аяқталады. Әр учаске Орталық сайлау комиссиясы бекіткен талаптарға сәйкес жабдықталады.
Еліміздің сайлау заңнамасында мүгедектердің құқықтарын қорғау­ға қатысты жаңа түзетулер енгізілгені мәлім. «Жұмыс барысында 238 учаскеде 17 пандустың жоқ екендігін анықтадық. Бұл кемшіліктерді жою үшін арнайы мамандандырылған компанияны тарттық. Бұл жерде біз қайырымдылық іс емес, мүгедектердің қоғамның толыққанды мүшесі ретіндегі заңды құқықтарын қорғау­ды қамтамасыз етеміз. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қолайлы ортаны құруда елорда өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс» деп мәлімдеді Ерлан Қаналимов.

Сайлаушылардың тізімі нақтыланды

Баяндамашы өз сөзінде «ҚР сайлау туралы» заңның басты өзгерісі – «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры негізінде сайлаушылардың тізімін қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды. Әкімдік уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры тізіміндегі проблемалық сайлаушыларды іріктеу жұмысын жүргізген. Соның ішінде сайлаушылар тізімін анықтау және нақтылау жұмыстары бірнеше бағыттарға жүргізілген. Осы шаралардың нәтижесінде елордада бұрын тіркеліп, қазір тіркеуден шыққан 60240 адам тізімнен сызылған. Оның ішінде бұзылған үйлерде тіркелген 12 мың адам бар. Жеке тұлғалар базасынан алынған проблемалық сайлаушылардың мәліметтері бірыңғай есептеу орталығы, денсаулық сақтау, білім беру, салық, сәулет, азаматтарға арналған Үкімет сияқты баламалы қалалық базалар арқылы тексерілген. Соның нәтижесінде сайлаушылар жөніндегі теріс мәліметтер 150-ден 43 мыңға де­йін азайыпты.
Сайлаушылардың тізімін нақтылаудағы тағы бір шара – жер үйлер мен пәтерлерді аралау. 15 сәуір мен 6 мамыр аралығында аудан әкімдіктері барлығы 2741 көпқабатты тұрғын үйді, 269784 пәтерді, 32872 жеке сектордағы үйді аралаған. Осы жұмыстың нәтижесінде 241288 сайлаушы тізімге қайта қосылды. Сондай-ақ, бас қаладағы 57 мың жоғары оқу орны студенті сайлаушылар тізіміне қосылыпты.

Ел жүрегі – астана дауыс береді!

Қала тұрғындарына қолайлылық туғызу үшін әкімдік алғашқылардың бірі болып сайлаушылар тізімін іздеу қызметін іске қосыпты. Бүгінге дейін осы қызмет түрі бойынша 22316 сайлаушы өзі туралы мәліметті тексерген. «10 санат бойынша тұрғындардың әлеуметтік жағынан осал топтарының тізімі тексерілді. Бұл санатта 146 мың адам болса, соның ішінде 20 мыңы – мүгедектер, олардың бәріне арнайы шақыру жіберіледі» деді Ерлан Қаналимов.
Оның айтуынша, елордада биыл 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беретін 34366 адам бар екен. «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан дауыс береді!» атты шараның шеңберінде оларға арнайы логотипі бар жейде, қалпақ, саптыаяқ және өзге де сыйлықтар табысталады. Сайлау­шылардың саяси додаға деген белсенділігін арттыру мақсатында өткізілетін имидждік жоба, негізінен, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде (Elorda Live атты арнайы тақырыптық парақшалар ашылған) белсенді насихатталады.
Халықтың сайлауға деген қызығушылығын арттыру мақсатында әкімдік бірқатар іс-шараларды қолға алыпты. Соның бірі – бас қаладағы 18 LED-экранда көрсетіліп жатқан бейнероликтер. Мұндай бейнероликтер елорданың барлық кинотеатрларында («Арман», «Кинопарк», «Еуразия», «Чаплин» және т.б.) қойылуда. Сайлауды насихаттайтын плакаттар ілінген 50 автобус қала көшелерімен жүйткіп жүр. Аялдама кешендеріне 100 баннер ілінген. «Хан Шатыр», «Сарыарқа», «Керуен Сити» және «Mega Silk Way» сияқты ең ірі сауда, ойын-сауық орталықтарында аудио және бейнероликтер көрсетілуде. Сондай-ақ, еріктілердің қатысуымен промоакция басталғаны мәлім болды.
Сөз соңында Ерлан Қаналимов қаладағы әрбір сайлау учаскесінің өзгелерге үлгі болуы тиістігін атап айтты. «Елорданың мәртебесі мен оның ел өміріндегі алатын орнына байланысты халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ-тар ең алдымен бас қалаға назар аударатыны сөзсіз. Сондықтан бәріміз бірігіп, еліміз үшін аса маңызды шараны жоғары деңгейде ұйымдас­тырып, өткізуіміз қажет» деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды