«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордалық цифрланған емхана

емделушілерге қолайлы жағдай туғызып отыр

0 24

Отандық медицинаға цифрлық технологиялар қарқынды түрде енгізілуде. Соның нәтижесінде елорданың емханаларында халыққа қызмет көрсету сапасы жоғарылады. Үкімет басшысы Асқар Мамин елордадағы №10 емханаға барып, медициналық қызмет түрлерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарының барысымен танысты. Бұл емхана «100 мектеп, 100 ­аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған болатын.

Асқар Мамин балаларға, үлкендерге арналған оңалту бөлімін, амбулаториялық хирургия, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту орталықтарын аралап көрді. Осы орталықтарда қанатқақты жоба ретінде денсаулық сақтау саласындағы соңғы цифрлық технологиялар енгізілген. Бұл – науқастардың келуін реттеу және бірінші кезекте шұғыл медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің интеграцияланған ақпараттық жүйесі, сондай-ақ электронды медициналық төлқұжаттар кіретін Triage-жүйесі. Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін дәрігерлердің жұмыс сапасын бағалайтын мобильді қосымша іске қосылған. Емхананың бас дәрігері Г.Алпысбекова цифрландыру жүйесін енгізу нәтижесінде науқастардың кезекке тұруы 60 пайызға азайғанын мәлім етті.


Емхананы аралап болған соң, Үкімет басшысына алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар желісін құру жобасы таныстырылды. Жалпы алғанда, шеткері аймақтардағы тұрғындар үшін медициналық көмектің жоғары қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұр-Сұлтан қаласында 11 қосымша медициналық ұйымдар ашу көзделген. Үкімет басшысымен ілесіп жүрген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлер қауымына өте жағымды жаңалықты жеткізді. «Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты әлеуметтік шараларын іске асыру аясында 2019 жылдың 1 маусымынан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысы 224 мың теңгеге дейін, орташа медициналық қызметкерлердің еңбекақысы 163 мың теңгеге дейін өседі» деді министр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды