«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордалық еріктілер

0 63

Әлеуметтік желілерден «Астанада жоғалып кеткен студентті іздеуге еріктілер тобы жиналып жатыр» немесе «Аязды күндері еріктілер тоңған астаналықтарға ыстық шай берді» деген игілігі мол ақпараттарды жиі оқып жатамыз. Осыдан ке­йін барып көпшілікті волонтер жастар туралы мәлімет қызықтырары анық. Жақында мұндай қайырымды жандардың басы-қасында жүрген елорда әкімдігінің «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Эльвира Есмұхановамен байланысқанымызда, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген топ туралы біраз жайтқа қанық болдық.

Төтенше жағдайларда көмектеседі

Астана әкімдігіне қарасты «Астана жастары» КММ еріктілер қозғалысын дамытуға арналған арнайы бөлім жұмыс істейді. Бұл бөлімнің құрылғанына бес жылға тақау уақыт болған, яғни 2014 жылдан бері жастар event-волонтерлік, әлеуметтік волонтерлік, eco-волонтерлік және спорттық іс-шараларға арналған волонтерлік болып төрт бағытта жұмылдырады екен. Дәлірек айтқанда, event бағыты халықаралық деңгейдегі жиындарға арналса, кейінгісінде жастар әлеуметтік маңызы бар бастамаларда қызмет етеді. Ал eco бөлімінің еріктілеріне табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау міндеті тапсырылар болса, соңғы спорттық іс-шараларда допингтік бақылау жұмысы қоса берілген көрінеді.
«Жақында бес баласынан бір түнде айырылған ананың жағдайы бүкіл елді жылатты. Осындай қайғылы оқиғаға байланысты биылдан бастап қосымша төтенше жағдайларға арналған волонтерлік бағыты қосылғалы тұр» деп Эльвира Есмұханова алдағы жоспар туралы ой бөлісті.

Волонтерлер жасына шек қойылмайды

Қазіргі уақытта еріктілер базасында 2500 адамның мәліметі тіркелсе, оның 300-і тұрақты байланыста екен. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласу үшін әдетте 14-17 жас аралығындағы жастар ниет білдіретін көрінеді. Себебі бұл – олардың білуге, көруге, жаңа ортамен араласып, бос уақытты тиімді пайдалануға ұмтылатын кезеңі. Еріктілердің жас шамасына ешқандай шектеу болмайды. Сол сияқты бос уақыттарында орталыққа келіп, түрлі мәселелер талқыланатын көрінеді. Волонтер жастардың жеке өмірі, сабағы, кейде уақытының тығыз болатыны белгілі. Сондықтан қандай да бір іс-шара өткізілмес бұрын бәрінің келісімімен ыңғайлы уақыт таңдалады.
«Жастарға бұл қызметтің қыр-сырын үйрететін, тәрбие­леп, оқытатын мекеме бар ма?» деген сұрағымызға қазір «Волонтерлер мектебі» жұмыс істеп тұрғанын айтты. Мұнда түрлі саланың мамандары шақырылып, конфликтология, психология сабақтарын оқытып, қаланың көрікті жерлерінің тарихы туралы, өзге елдердің азаматтарының менталитетін зерттеу бойынша дәрістер өтіп қана қоймай, алғашқы медициналық көмек көрсетудің жолдарына дейін үйретеді екен. Мұның бәрі волонтерлік кезіндегі қиындықтардың алдын алуға ықпал етеді.

 

Өзге тілдің бәрін біл…

Астана жаһандық жиындардың ордасына айналып келе жатқаны жасырын емес. Бас қаламызда әлем назары ауған ЭКСПО көрмесі, Сирия бойынша бірнеше келіссөз, өзге де іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Міне, осындай жаһан халқы бас қосқан салтанатты кездесулерде шет тілдерін білетін жастардың көмегі зор. Келген жұртты тіркеу­ден өткізіп, оларға жөн сілтеп отыру, сұрақтарына жауап беру еріктілердің мойнына артылады.
«Шыны керек, мұндай кездесулерде шет тілін меңгерген еріктілердің көмегі көп тиіп жатады. Ұйымдастырушылар аудармашы жалдап әуре болмайды. Өз кезегінде жастар шетелдіктермен араласып, жаңа таныс тауып қана қоймай, меңгерген тілдерін жетілдіре түседі» деді мекеме қыз­меткері.

Қарттарға – қамқорлық

Ал бос уақытта «Қамқорлық мекенжайы» атты әлеуметтік жобасы іске асырылады. Бұл жоба аясында еріктілер жалғыз тұратын зейнеткерлерді, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мерекемен құттықтап, көңіл күйлерін көтеруге ұмтылады. Егер жер үйде тұрса, ауласын қыста қардан, жазда күл-қоқыстан тазарту да назардан тыс қалмайды. Бұған қоса жазда эко шаралар ұйым­дас­тырылып, өзендердің жағасын ретке келтіру, ағаш отыр­ғызу жұмысы жүргізіледі екен.

Көмек қолын созады

Эльвира Есмұхановамен ал­ғаш хабарласқанымызда еріктілермен бірге аязды күні жұртшылыққа ыстық шай таратып жүргенін айтып, кейінірек сұхбаттасуымызды өтінген еді. Әңгіменің ыңғайы келгенде осы сұрағымызды қойған едік, қыстың қаһары күшті аязын бір сәт ұмыту үшін осындай іс-шаралар жиі ұйым­дастырылатынын айтты. Оған ұйымға мүше еріктілерден бөлек, «А35» деп аталатын колледж студенттерінен құралған топ көмектеседі екен.
«Волонтерлік жеткіншектердің бойындағы жалқаулықтан арылуға көмектеседі, өзгелерге көмек көрсетуден азаматтың адамгершілік сезімдері оянады. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Жастар жылы аясында еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп отыр. Бұл – ұйымымызға мүше жандардың еңбегінің еленгені. Олар тегін жұмыс істесе де, қоғамның дамуына әсер етіп отыр» дейді «Астана жастары» КММ бөлім басшысы.

Жастар сарайы еріктілер орталығына айналады

Елордада қайырымдылықпен айналысатын жастар жеткілікті. Олардың бірі жан-жануарларға арналған тұрақтарда жұмыс істесе, енді бірі, жоғарыда айтылғандай, жоғалған жандарды іздеуге жәрдемдеседі. Тағы бірі медициналық мекемелер мен қарттар үйінде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елімізде ұлттық волонтерлік желі де жүзеге асырылып жатыр. «Мұндай ауқымы кең ұйымның ғимараты бар ма?» дегенімізде бөлім басшысы: «Астана жастары» КММ қазіргі уақытта Сарыарқа ауданы әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Дегенмен жуық арада Жастар сарайы жастар жиналатын орталыққа айналып, еріктілер ұйымының қарамағына беріледі» деді.
Бұл мекеме мемлекеттік секторлармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, 2017 жылы бүкіл әлем көз тіккен ЭКСПО көрмесінде 1500 ерікті қызмет көрсетіпті. Небәрі үш айдың ішінде елордадағы ауруханалардан бастап, театр, полиция бөлімшелерімен бірге жұмыс істеп, 90-нан аса нысан волонтерлердің қарамағында болған. Бұл да жөн деген ойда қалдық. Себебі көрме кезінде шетелдіктер павильондарды екі-үш сағат қана араласа, әрі қарай қаланың өзге де көрікті тұстарын тамашалау­ға кететіні анық. Міне, осылайша ЭКСПО-ның жоғары деңгейде өтуіне, келген туристердің, еліміздің әр аймағынан келген жұрттың Астананы барынша жақсы жағынан көруіне жастардың қосқан үлесі зор болғанын білдік. ЭКСПО-дан бөлек, Art Fest-2016, G-Global-2018, МузТВ сыйлығы, Гравитация-2015, Триатлон-2018 секілді ауқымды шаралардың жоғары деңгейде өтуіне еріктілер қозғалысы ұйытқы болған.
Әңгіменің орайы келгенде айта кетерлігі, осыдан 8 жыл бұрын Астанада өткен Азиада ойындары кезінде шетелдіктерге лайықты қызмет көрсетерлік ұйымдардың жоқтығы айтарлықтай сезіліп, соның салдарынан еріктілерді мектеп оқушылары арасынан іріктеуге тура келген. Сол тұста бір ғана №48 мектеп-лицейінен 50-ге жуық оқушы шетелдік қонақтарға қызмет көрсеткені әлі есімізде.
Қорыта айтар болсақ, Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты қолдау мақсатында 2019 жылды Жастар жылы етіп жариялады. Еліміздің болашағы жігерлі, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақтың қолында екені, келешекте ел тізгінін ұстайтын азаматтар бүгінгі жастар болатыны анық. Ал «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстанның гүлденуіне, оның ішінде күні кеше ғана арқа төріне қоныс аударған бас қаламызға дүние жүзінің назар салуына өзіндік үлесін қосып жатқанын ерекше айтып өткенді жөн көрдік.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды