«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордаға жақын, өркениеттен алыс

0 21

Жуырда елорда басшысы Алтай Көлгінов қаланың шеткі аймақтарын аралап, тұрғындармен кездесті. Халық әкімге бірқатар өзекті мәселелерді шешу қажеттігін айтты. Алғашқы ат басын тіреген жер – «Қырқыншы» стансасындағы жабық әскери қалашық. Оның аумағында 470 пәтерлік 6 үй, 36 бөлмесі бар жатақхана орналасқан. Жалпы алғанда, бұл жерде 432 отбасы тұрады. Қалашық тұрғындары дәріхана, медициналық бекет, балабақша және мектептердің жоқтығын айтып, шағымданды.

«Балаларды «Қырқыншы» стансасындағы мектепке апарамыз. Бұл жерде аялдама да жоқ, көптеген бағыттық автобустар тас жолдың нашарлығынан қалашыққа кірмейді. Ал орталықта жалғыз №15 бағыттағы автобус жүреді, бірақ оны өте ұзақ күтуге тура келеді» деген мұң-зарын жеткізді тұрғындар.
Алтай Көлгінов ахуалды зерделеп, мәселелерді рет-ретімен шешу жолдарын қарастыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық іс-әрекеттер жасалатынына уәде етті. «Біз әскери қызметкерлердің еңбегін бағалаймыз. Өйткені олар бізді, Отанды қорғайды. Барлық тұрғындардың сапалы өмір сүруге қақысы бар. Сондықтан әкімдік алдағы уақытта қалашық тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуды зерттеп, бір қорытынды шығарады» деді қала басшысы.
Сондай-ақ Алтай Сейдірұлы «Интернациональный» кентінің тұрғындарымен де жүздесті. Олар жергілікті жердегі емхананың санитарлық талаптарға сай келмейтінін жеткізді. Бұл жерде 351 үй бар, 7 мыңнан аса халық тұрады. Кент тұрғындары орталық жылу, су бұру және нөсер сулары ағатын канализацияның жоқтығын тілге тиек етті. 26 көшенің 12-сіне ғана асфальт төселіпті. «Біздің емханамыз санитарлық және техникалық нормаларға сай келмейді. Мектепке балалар сыймайды, сондықтан жаңасын салу керек. Автобустар бұрылатын алаңқайды қайта жөндеп, көбірек аялдамалар салынса дейміз. Елордаға жақын болсақ та, өрекениеттен алыспыз» деген өтініштерін жеткізді тұрғындар. Қала басшылығы шеткі аймақ тұрғындарының барлық мәселелерін егжей-тегжейлі зерттеп, қарастырмақшы. Айтпақшы, Үкімет басшысы Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласының шеткі аймақтарын дамытуға арналған 9 жобаны іске асыруға Үкімет 22,5 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды