«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЕЛОРДАҒА ҚАЙ ПӘНДЕРДІҢ МҰҒАЛІМІ ҚАЖЕТ?

0 22

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы оқу орындарына 200-ге жуық оқытушы маман керек. Соның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері, жаратылыстану-математикалық бағыт пен ағылшын тілі ұстаздарына сұраныс жоғары болып тұр.
Мәселен, дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебіне физика мен химияны ағылшын тілінде оқытатын мамандармен қатар математика, орыс тілі, технология, көркем еңбек пәні мұғалімдері қажет.

– Бізде қазіргі уақытта 44 мұғалім жұмыс істейді. Оның 28-і – жоғары санатты мамандар. Алдағы жаңа оқу жылында үш тілде білім беру бағдарламасын жүргізу мақсатында физика, химия пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер керек. Негізгі бағытымыз – физика мен математиканы тереңдетіп оқыту. Математика ұстаздары да қажет. Осы жәрмеңкеге сәйкес мамандарды іздеп келіп отырмыз, – дейді аталмыш мектептің кадр маманы Гүлшат Темірханқызы.

№71 мектеп-лицей орыс және қазақ тілдерінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдерін, қазақ тілінде білім беретін ағылшын тілі маманын, орыс тілінде математиканы ұғындыратын маманмен қатар дене шынықтыру пәні мұғалімін іздеп отыр. Осы мектеп өкілдеріне Жасұлан Әділбаев есімді маман түйіндемесін тапсырды.

– Биылғы сәуір айында елордаға Түркістан облысынан көшіп келдім. Мамандығым – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Көкшетау мемлекеттік университетін бітірдім. Еңбек өтілім – 10 жыл. Бәйдібек ауданының Жаңаталап ауылында жұмыс істедім. Осы жәрмеңкеде жұмыс табам ба деп үміттеніп ­отырмын, – дейді ол.

Бір байқағанымыз, осы жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген мамандар осы жылы өңірлерден елордаға көшіп келген немесе жоғары оқу орындарын жақын жылдары ғана бітірген.

«Биыл Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын бітірдім. Математика пәнінің мұғалімімін. Студент кезімде дуальді білім беру бойынша Арқалық қаласындағы А.Макаренко атындағы мектепте жұмыс істедім. Жас мамандарға жұмыс табылады деген үміттемін» дейді Эльмира Мерекеқызы.

Бір-екі ай бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан бас қалаға қоныс аударған Есмағзұм Тілегенұлы – мамандығы бойынша кәсіптік оқыту шебері. Ол индустриалды инженерлік-экономикалық колледж өкілдерімен әңгімелесіп, түйіндемесін тапсырды.

«Жамбыл ауданы Қайранкөл ауылының мектебінде сызу, технология, алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ бердім. Балаларым елордада тұрғаннан кейін солардың қасына көшіп келдім. Кезінде жоғары партия мектебін, техникум кезінде индустриалды-педагогикалық колледжді және Омбы автокөлік институтын бітірдім. Ауылда мектепте жұмыс істедім. Елордада колледжде еңбектенсем деп отырмын» дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында елордадан өңірге мамандарды тарту мақсатында осы жәрмеңкеге қатысты.

– «Еңбек» бағдарламасы бо­йынша ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ниетті мамандарды іздеп келіп отырмыз. Ауданымызға механизаторлар, көлік жүргізушілері сынды ауыл шаруашылығы мамандарымен қатар дәрігерлер мен мұғалімдер керек. Бізде біраз бос жұмыс орны бар. Ауданымызда келетін мамандарға арналып 40-тан астам үй салынып жатыр. Оларды осы жылы пайдалануға береміз. Оған кіретін маман ай сайын 7-9 мың көлемінде жалға алу құнын төлеп, бес жыл өткен соң үйді жекешелендіре алады. Бір шарт – ауданымызға келетін маман елордада кем дегенде бір жыл тіркеуде тұрған болуы керек, – дейді Ғабит Мүсірепов ауданы Жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Баян Шиебаев.

Осы жәрмеңкеге жұмыс іздеп қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері көптеп келгенін байқадық. Мәселен, бір ай бұрын Қытайдан елордаға қоныс аударған, 23 жылдық еңбек өтілі бар Тоқтархан Әрмия мен жас маман Дамира Жармағамбетті сөзге тартқанымызда сол пән мұғалімдері екенін айтты.

Жалпы, аталмыш жәрмеңкеде 2 мыңнан астам бос орын ұсынылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды