-->

ЕЛОРДАҒА ЕҢ КЕРЕГІ – БІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫ

bez-imengrli-1

Еліміз индустриялық-өзгерістер кезеңіне қадам басты. Заман және нарық  тала­бына сай  жұмысшы  мамандығына  деген  сұраныс  көбейді. Астана әкімдігінің «20 нақты бастама» бағдарламасының алтыншы қада­мын­да кәсіптік білім беруді дамыту мен оқытуға ерекше мән берілген.

ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР АШЫЛАДЫ

Бүгінде бас қалада кәсіптік-техникалық білім беру екі бағытта жүргізіледі. Алғашқы Тегін кәсіптік-техникалық білім жобасын енгізу жол картасы бойынша атқарылса, екіншісі 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бағдарламасы аясында іске асады.
– ҚР Білім және ғылым министрлігі тегін кәсіптік-техникалық білім моделін да­йындады. Биылдан бастап колледждерге қабылдау бірінші деңгейдегі конкурстан тыс (жұмысшы мамандықтар) және екінші деңгейдегі орта буын мамандықтары бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады. Қазір «Кәсіпқор» холдингі үш деңгейдегі мо­дульдерді қарастыратын бағ­­­дар­ламалар дайындауда. Ай­талық, электрик-механик ма­ман­дығын алу үшін алдымен электрослесарь немесе электромонтер мамандығын игеру керек. Бұл жағдайда 2 жыл 10 ай бойы студент тегін оқып, жалпы орта білім мен қосымша жұмысшы біліктілігін алады.
Орта буын мамандықтары бойынша оқуын жалғастыруға ниет білдірген студенттер мем­лекеттік тапсырыс алу конкурсына қатысады және бір жыл бойы орта буын маман­дығын алады. Мемлекеттік тапсырысты ала алмағандар ақылы негізде оқиды, – дейді Білім басқармасының Кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау бөлімінің басшысы Салтанат Басығараева.
Қазіргі таңда Астанада 34 колледж жұмыс істейді. Оның 12-сі – мемлекеттік, 22-сі же­кеменшік саналады. Онда 26 262 мың студент білім алады.
Сондай-ақ, елордада Тегін кәсіптік-техникалық білімге оқушыларды тарту мақсатында 24 мектепте 7 мамандық бо­йынша екі жыл бойы кәсіп­тік оқыту курсы өтеді. Оған 979 оқушы тартылған. Кейін оқушылар арнаулы серти­фикатқа ие болады. Салтанат Басығараеваның айтуынша, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен еңбек нарығын ескере отырып, биыл колледждерден жаңа алты кәсіптік мамандық ашылмақ. Сонымен бірге жұмысшы мамандарды 1-3 ай мерзімде дайындау және қайта даярлау бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру үшін колледждер базасында 3 ресурстық орталық ашу жоспарланған.

ДУАЛЬДІ ОҚЫТУДЫҢ ДӘСТҮРІ

Қазіргі таңда еліміздегі кә­сіптік білім беретін оқу орда­ларында дуальді оқыту жүйесі енген. Оның көптеген артық­шылықтары бар. Еуропада аталған жүйе жоғары деңгейде дамып, өз жемісін берген. Бізде де белгілі ға­лымдар осы дуальді оқытудың дұрыстығын айтуда. Жалпы, дуальді білім беру дегеніміз не? Соған тоқталайық. Қысқаша айтқанда, техникалық-кәсіп­тік оқу орындарының өндіріс және шаруашылық мекеме­лерімен серіктестік ретінде бірлесіп, жаңа иннова­ция­лық бағдарламаларды мең­геруге дайын жұмысшы ма­ман­дарды даярлау. Астана әкімі Әсет Исекешев халыққа есеп беру кездесуінде: «Бү­гінде 18 колледжде 75 әлеу­мет­тік әріптесіміз, 9 колледж­де ха­лық­аралық әріптесіміз бар. Біздің мақсатымыз – 2020жылға қарай барлық колледжді дуальді жүйемен қамту» деп айтқан болатын.
Бүгінде 18 колледжде дуаль­ді білім беру жүйесімен 21 мамандық бойынша 1048 студент оқиды. Қалалық Білім бас­қармасы оқу орындары мен кәсіпорындар арасында бірлесіп жұмыс істеу және түлектерді кәсіптік тәжі­ри­беден өткізу бойынша елі­міздегі ұлттық компаниялармен 79 келісімшарт пен 18 меморандумға қол қойған. Студенттер дуальді оқыту жү­йе­­сімен құрылыс, теміржол, сер­вис және қызмет көрсету, коммуналдық шаруашылық, энергиямен қамтамасыз ету секілді мамандықтар бойынша тәжірибеден өтеді. Бүгінге дейін кәсіпорындардың базасында 40 оқу кабинеті ашылып, онда 900 студент тәжірибе жинақтаған.
Оған нақты мысал да бар. Айталық, елордадағы Көлік және коммуникация колледжі – дуальді білім беру жүйесіне көшкен алғашқы оқу ордалары­ның бірі. 2012 жылдан бастап аталған колледжге енген. Сол кезде ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Қазақстан темір­жолы» ұлттық компаниясы және колледж бірігіп, келісім шартқа отырған. Қазір оқу орнында студенттер теміржол саласының төрт мамандығы бойынша дуальді жүйесімен оқиды. Электровоз құрастыру зауытында тәжірибеден өтеді. Онда олар электровоз құраудың барлық жолда­рын көзбен көріп, қолмен ұс­тайды. Сондағы білікті мамандардан дәріс алады. Кейін түлектер оқуды аяқтаған соң да өндіріске барғанда жаңа ортаны жатырқамай, тез бейімделеді.

ЖАСТАРДА ҚҰЛШЫНЫС БАР

Бір кездері гуманитарлық ма­мандыққа деген сұраныс күшті болды. Ауылдағы ағайын баласы орта мектепті бітір­геннен кейін заңгер, прокурор, бухгалтер, мұғалім ма­ман­дығында оқыса қатардан қалмайды деп ойлады. Соның нәтижесінде гу­манитарлық мамандықтардың саны өсті. Оны бітіргендердің бәрі жұ­мысқа орналаса алмай, әр істің басын шалып жүрді. Қазіргі еңбек нарығында ин­женер-құрылысшы, энергетик, меха­ник, жобалаушы, геолог, смет­чик, жоғары дәрежелі дәне­керлеуші, жол жөндеу жұмыс­тарына қажетті машинистер, бетоншы, ағаш ұстасы секілді құрылыс мамандары өте тапшы. Енді көпшіліктің көңілі осы бағытқа ауды. Мемлекет те кәсіптік мамандыққа айрықша назар аударып отыр.
– Біздің колледждің сту­денттері алты мамандық бо­йынша білім алады. Оның бәрі де сұранысқа сай кәсіп деп айтуға болады. Мәселен, «Орман шаруашылығы, бақ-саябақты және ландшафты құрылыс» атты маман иелерін қала бойынша біз ғана дайындаймыз. Бізде де дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Колледж территориясынан жылыжай аштық. Онда түлектеріміз жаңа технологиялармен жұ­мыс істейді. Тәжірибе жинақ­тайды. Биыл тағы да көгалдан­дыру, тамақтандыру саласы мен қонақ үй әкімшісі секілді жаңа мамандық ашуды көздеп отырмыз. Бізге тек елордадан ғана емес, республиканың бар­лық өңірінен жастар келіп оқиды. Өткен жылы алты ма­мандық бойынша 225 мем­ле­кеттік тапсырыс алдық. Бәрі де конкурстық негізде болды. Бір орынға 3 баладан таласты. Тағы бір ерекше айтарымыз, түлектеріміздің 89 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілді, – дейді Астанадағы Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінің директоры Қа­йырғали Ахметов.
Тұжырып айтқанда, хал­қы­мыз «Етікші болсаң да, өз ісіңнің шебері бол» деп бекер айтпаған. Бүгінгідей қым-қуыт кезеңде бір кәсіпті жақсы меңгеріп, кәсіби маман болып шықсаңыз далада қалмайсыз. Өйткені кәсіптік білімнің келешегі кемел.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*