«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордаға 1 трлн теңге инвестиция тартылады

Бұл мәселе Үкімет отырысында кеңінен талқыланды

0 22

«Нұр-Сұлтан қаласына биыл 1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Біз өткен жылдардағы инвестицияларға талдау жасадық. 2019 жылға арналған болжамдық көлемдерді жинақтап, жоспар құрдық. Егер осы жоспарды орындасақ, былтырғы жылдың көрсеткішіне, яғни, инвестицияларды 1 трлн теңгеден асыруға мүмкіндік бар» деп мәлімдеді елорда әкімі Бақыт Сұлтанов кеше Үкімет отырысында.

Жол картасы әзір

Бақыт Тұрлыханұлы өткен жылы бас қалаға рекордтық көлемде инвестиция тартылғанын тілге тиек етті. Сырттан түскен қаражат тұңғыш рет 1 трлн теңгеден асыпты. Мұндай жетістікке арнайы экономикалық аймақтағы және қаладағы ірі жобаларды іске асыру нәтижесінде қол жеткізілген. Алайда биыл құрылыс жұмыстарының бәсеңдеуіне байланысты инвестиция көлемі төмендеп кеткен. Өйткен себебі, инвестиция құрылымының 70-80 пайызын құрылыс құрайды.
Қала басшысы осыған орай инвестиция тарту әдістерінің қайта қаралғанын мәлім етті. «Халықаралық қаржы орта­лығында құрыл­ған экожүйе – посткеңестік кеңістіктегі бірегей құқықтық тәртібі бар жалғыз алаң. Ол тартылған инвес­тициялардың қауіпсіздігіне барлық жа­ғынан жағдай туғызып отыр. Осы себептен, Халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, инвестиция тарту бойынша Жол картасын әзірледік. Аталған орталықпен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз» деді Бақыт Сұлтанов.

Алдағы уақытта не істеледі?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі алдағы уақытта не істелетіні туралы қысқаша баян­дады. Қазіргі кезде қалада инвесторлардың мәселелерін «бір терезе» қағидатымен шешетін «Астана Инвест» арнайы мамандандырылған мекемесі жұмыс істейді. Инвестиция тартуды жандандыру үшін Халықаралық қаржы орталығының аумағынан да «Астана Инвесттің» фронт-кеңсесі ашылады. «Бізде жалпы құны 3 трлн теңгеге жуық 200-ден аса жоба бар. Соның ішінде 45-і шетел инвесторлары мен трансұлттық корпорациялардың қатысуымен іске асырылуда. Биыл аталған жобалардан 120 млрд теңге инвестиция түседі деп болжап отырмыз» деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Ол сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың аумағын 8 мың гектарға кеңейту қажеттігіне тоқталды. Өйткені қолданыстағы аумақтың көлемі 7 мың гектарды құрайды, оның 85 пайызы (2,4 трлн теңгенің инвестициясы тартылған) игеріліп қойған. Қала басшысы осы жерлерге қаражат «құйғысы» келетін әлеуетті инвесторлардың бар екенін айтты. «Бүгінгі таңда 10 ірі компания жалпы құны 430 млрд теңгеге көп бейінді тұрғын үй кешендерінің құрылысын бастауға да­йын. Тек қана осы жобалардың өзінен биыл 100 млрд теңге инвестиция тартуымызға мүмкіндік бар» деп түсіндірді әкім.

Әуе хабынан табыс түседі

Инвестицияның иірімін молайтатын жолдың бірі – елорданың көліктік қолжетімділігін арттыру. Қала әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әуе байланысын қолжетімді ету – Нұр-Сұлтан қаласын өңірдегі алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының біріне айналдыратын негізгі фактор. Бақыт Тұрлыханұлы әлемдегі ірі-ірі қаржы орталықтарымен тұрақты тікелей рейстер ашу шетел инвесторлары мен туристердің ағылып келуіне жол ашатынын қадап айтты. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, АҚШ, Жапониямен және Еуропа, Таяу Шығыс және Азия мемлекеттерімен тұрақты тікелей әуе қатынастарын орнатуды әрі қарай жалғастыруымыз керек» деді ол.
Тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бо­йынша әуе хабын ашу нәтижесінде 2025 жылдан бастап жалпы ішкі өнімге жыл са­йын 300 млн АҚШ доллары көлемінде салық түсімдері түседі екен. Сонымен қатар, 2025 жылға қарай жыл сайынғы салық түсімдері шамамен 60 млн АҚШ долларын құрап, 25 мың тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Үйлестіру кеңесі құрылды

Үкімет отырысында жария болған жаңалықтың бірі – инвестицияларды тарту жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды. Оған Үкімет басшысы Асқар Мамин жетекшілік етеді. Инвестиция тартуға қатысты барлық деңгейдегі жауапты шешімдер Үйлестіру кеңесінің қарауына шығарылады. Кеңестің алғашқы отырысы (жиындары жүйелі түрде апта сайын өтеді) мамыр айында өтеді. Инвестжобаларды іске асыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді тез шешу үшін инвестициялық омбудсмен құрылды. Оның қызметі Премьер-министрге жүктелді. «Шетелдік инвестицияларды тарту ел экономикасының дамуына жол ашып, халық тұрмысының сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік мәселелерді тезірек шешуге мүмкіндік беретінін бәріміз түсінуіміз керек. Сол себептен әкімдер инвесторлармен жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, инвестиция тартудың жаңа алгоритміне қосылуы тиіс» деп түйіндеді Үкімет отырысын Асқар Мамин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды