«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордадан – Ертіске

0 281

Қазіргі уақытта құрылыс қарқыны мен қосымша инвес­тиция есебінен тұрғын үй саласындағы жағдай айтарлықтай жақсаруда. Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласында жалпы ауданы 141,8 мың шаршы метр 1,9 мың пәтерден астам жеті көппәтерлі тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланған.

Алайда демографиялық процестер мен көші-қон ағындарының үдерісінен тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны ұлғаюда. Бүгінгі таңда елордада баспана кезегінде тұрғандар саны – 46 193 адам. Оның ішінде 3221 көпбалалы ана мемлекеттен тұрғын үй алуға кезекте тұр.
Өздері астанаға көшіп келгенге дейін тұрған алыс ауылдар мен шалғай мекендерде жұмыс пен тұрғын жайы болмай, жоқшылық қысқандардың көбінің елордасын бетке алуын түсінуге болады. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан келген көпбалалы аналардың да бас шаһарымызға осындай үлкен үмітпен жеткені белгілі. Олардың мұң-мұқтажын ескерген қала әкімдігі барлық мүмкіндікті аналардың мәселесін шешуге бағыттауда.
Соның бірі көпбалалы аналардың көшін Павлодар облысына бастайтын «Nurly Ertis» тұрғын үй бағдарламасы деп айтуға болады. Жаңа бағдарлама қалалық коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебінде кезекке тұрғандарға арналады. «Көпбалалы отбасы» санатындағы аналардың өтініші алдымен қаралып, жаңа жерге қоныстануына жол ашты.

Өте тартымды әлеуметтік жоба Нұр-­Сұлтан қаласынан 300 шақырымда орналасқан, теп-тегіс жаңа жолмен жетуге болатын, 143 мың тұрғыны бар, өнеркәсібі дамыған Екібастұз қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асады. Мұнда жаңадан тұрғызылған көппәтерлі тұрғын үйден әрқайсысы 78-80 шаршы метрлік үш бөлмелі 122 пәтер бөлініп отыр. Ай сайынғы жалға алу төлемі аса көп емес, 7722 теңгеден 8000 теңгеге дейін бекітілген. Екі қолға бір күрек деп жұмыс іздеп жүргенге айына 120 мың теңгеден кем емес жалақысы бар жұмысқа орналасады, балаларын балабақшаға тегін қабылдап, мектеп киімі мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Мектеп жасындағы 11-сыныпқа дейінгі балаларға тегін тамақ беріледі. Отбасындағы ересектердің біріне көліктік жол билеттері тағы ұсынылады. Осы қалада тұрақты тіркеліп, алған пәтерін бес жылдан кейін бас­тап­қы жарнасыз-ақ жекешелендіру қарастырылған. Осыдан бірнеше күн бұрын, мамыр айының басында 17 көпбалалы отбасы Екібастұз қаласына көшіп те кетті. Қала әкімдігі арнайы көлік бөліп, дүние мүлкін жеткізуге де көмектесті.
Екібастұз қаласында да жаңа жерге қоныстануға келгендерді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов қарсы алып, жаңа пәтердің кілтін табыстады.
Бұл, әрине, Нұр-Сұлтан қаласында мемлекет есебінен тұрғын үй алудың кезегін біраз жеңілдетсе, екінші жағынан солтүстіктегі шағын қалалардың демографиялық ахуалын жақсартады. Және бұл бағдарламаға қатысушылардың арасынан кәсіби біліктілігі жоғары мамандар іріктеліп отыр. Демек, жаңа жерге барғандар өз жағдайын жақсартумен қатар, Екібастұз қаласының экономикасын дамытуға үлес қосатынына сенімді. Мұндай бастама уақыт өте келе жалғасын тауып, оңтүстік аудандарда тұратын халықтың теріскейге көшуіне серпін беретін мемлекеттік бағдарламалардың жандануына ықпал етеді. «Елге ел қосылса – құт» дейді халық даналығы. Егер көштің жандануына жергілікті атқарушы органдар құлшына кірісіп, бірігіп әрекет етсе, онда қордаланып қалған қандай да бір әлеуметтік мәселенің түйіні жеңіл шешілетін болады.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қорымен» байланысып, Екібастұзға жиналып жатқандардың кезекті легі туралы білмек болдық. Олар тағы да көпбалалы 26 отбасының жаңа жерде, жақсы қоныста, балаларына жайлы жағдайда өмір сүруге ниетті болып, Екібастұзды бетке алғанын хабарлады.
Елордадан Ертіске көш жалғаса береді, ол үшін әкімдікпен байланысып, ой таразыға салып, салмақтаңыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды