«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордадан Екібастұзға көшті

0 47

  Бас қаламызда он мыңнан аса көпбалалы отбасы тұрады. Олардың жайы назардан ешқашан тыс қалған емес. Жақында Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар облысы, Екібастұз қаласы әкімдіктері бірлесіп, «Нұр Ертіс» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ортақ келісімге келді. Мәміле бойынша жұмыс күші жеткіліксіз Екібастұз қаласына елордамыздағы әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларды көшіру қарастырылған еді. 5 мамыр күні көштің алғашқы легі аттанып, 17 отбасы қоныс аударған. Ал бірер күн бұрын кезекте тұрған тағы 18 жанұя Екібастұз қаласына жеткізіліп, үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. Осы қуанышты өз көзімізбен көрмек үшін біз де бірге аттанған едік.

– Бүгін арнайы жалданған екі автобуста 18 отбасы Екібастұзға көшу үшін дайындалып отыр. Олар – Нұр-Сұлтан қаласында баспана кезегінде тұрған жандар. Біз, «Тұрғын үй қоры» арнайы хабарлама жасап, оларға Екібастұзға қоныс аудару туралы ұсыныс жасадық. Ал ол жақта «Нұр Ертіс» бағдарламасы бойынша пәтерақысы айына 8 мың теңгеден аспайтын үш бөлмелі жаңа баспанамен, тұрақты жұмыспен, тегін балабақшамен, мектепке қажет заттармен қамтамасыз етуіміз керек. Ал Екібастұз әкімдігі олардың жалақысы 120 мың теңгеден кем болмайды деген уәде беріп отыр, – деді «Тұрғын үй қорының» директоры Нұрсұлу Қожахметова.
Ұйымдастырушылар бәріміздің басымызды Мағжан Жұмабаев пен Рақымжан Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында қосты. Көпшіліктің көзінде сенімнен күдік басымырақ. Бірақ табысы пәтерақысынан артылмайтынын ескеріп, тәуекелге бел буғаны жүздерінен көрініп тұр.
– Нұр-Сұлтанда бiр бөлмелi жатақхана үшін айына 40 мың теңге төлеп тұрдық. Жалақым небәрі 60 мың теңге болатын. Енді Екібастұзға жағдайымыз жақсарады деген үмітпен кетіп барамыз. Өзiм осы қалада туып, осында өскендiктен болар, қазiр iштей қуанып тұрсам да астанамыздан қимастықпен аттанып барамын, – дейді төрт баласы бар Қаламқас Темірғалиева.


Өндірісті аймаққа мамандар қажет

Жол бойы Екібастұз қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Шабековамен бірге келгендіктен, елордалықтарды қандай жағдай күтіп тұрғанын, олардың көшіп барғанынан Екібастұзға қандай пайда барын білмек болып сөзге тартқан едік.

– Бұл жоба «Нұр Ертіс» бағдарламасы бойынша жүзеге асып отыр ғой. Жалпы Павлодар облысы өндiрiстiк аймақ болған соң жұмыс күшiн көбiрек қажет етедi. Яғни, жұмыс көп болғанмен, оны iстейтiн жұмысшылар жеткiлiксiз. Соның iшiнде, əсiресе, Екiбастұз қаласында қажет салалардың қыз­меткерлерi əлдеқайда аз. Мұнда тұрғындар саны 160 мыңның айналасында. Өндірісті аймақ үшін бұл аздық етеді. Ал аталған бағдарлама бұл олқылықтың орнын толтырып, мамандар тартуға септігін тигізеді, – деді Айгүл.
Орталық қызметкерінің бұл жауабы мамандығы жоқ отбасылар «Нұр Ертіс» бойынша көшіп бара алмайды деген ойды меңзеп тұрғандай болды.
– Шыны керек, мамандығы жоқ жұрт бізде де жетерлік. Сондықтан бiз Нұр-Сұлтаннан көпбалалы отбасыларды көшiрерде мына бiр мəселеге көбiрек мəн бердiк. Отбасындағы кемiнде бiр адам жұмысқа жарамды, қандай да бiр оқу орнын бiтiрген әрі көпбалалы деген мəртебесi болуы тиiс. Ал егер дипломы бола тұра өз саласында жұмыс iстемеген болса, арнайы тəжiрибеден өтiп барып жұмысқа қабылданады, – деді Айгүл Шабекова.
Жоғарыда айтылған келісім бойынша үш бөлмелі пәтер үшін айына небәрі 8 мың теңге төлеп тұрса əрi бiр үйден екi адам бiрдей жұмыс iстесе, сондай-ақ балалары үшiн балабақшасы, мектебiндегi ас-суы, киiмi, қажет заттары тегiн болса, бұл табысы пәтерақысынан артылмайтын жандар үшін өте қолайлы болуы тиiс.
Содан не керек, артынып-тартынып жолға шығамыз дегенше сағат 12 болып қалған еді. Екібастұзға күн екінтіге қарай ауғанда жеттік. Рас, бәрі айтылғандай. Келген жұртты Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов жаңадан салынған бес қабатты үйдің ауласында қарсы алды. Уақыт созбай бірден әрқайсысына пәтер кілтін салтанатты түрде табыс еткенде жүздеріндегі күдік пен үрей сейіліп, қуанышқа ұласты. Кейбірі өз көзіне өзі сенбей, қолындағы кілтке қайта-қайта қарағаны жиылған жұртты еріксіз күлдіріп.
Салтанатты рəсiмде Асхат Оралов қоныс иелерiн құттықтай отырып, отбасыларына береке тiледi.
– Баспаналы болдыңыздар. Ендi тек жұмыс iстеу керек. Мұндай бақыт кез келген адамға бұйыра бермейдi. Біз қолымыздан келген жағдайдың бəрiн жасаймыз. Тегiн балабақша, тұрақты жұмыспен қамту басты назарда тұр. Ал сіздер ерінбей, Екiбастұздың өркендеп, гүлденуi үшiн аянбай еңбек етулерiңiз керек, – дедi өңiр əкiмiнiң орынбасары.
Ал Екібастұз әкімі жаңа үй жаңа бағдарлама бойынша салынғанын қозғай отырып, елордалықтардың мейлінше тезірек сіңісіп кетуі үшін баспана қаланың орталық тұсынан берілгенін ерекше атап өтті.

«8 баламмен бір бөлмеде қиналып жүр едім…»

Пəтер кiлтi салтанатты түрде тапсырылғаннан кейiн облыс әкімінің орынбасары əр үйге жеке-жеке кiрiп, қоныс иелерiн құттықтап шықты. «Бейне бiр ұйықтап жатқандаймын. Бiр апта бұрын ғана бiр бөлмеде тұрып, үй иесiнiң қас-қабағына қарайтын едiк. Тапқан табысымыздың да берекесі болмайтын. Өткен сәрсенбі күні осы бағдарламаны естігенде «Тұрғын үй қорына» құстай ұшып жеттім. Арада екі күн өтпей, Екібастұзға көшетініміз туралы хабар келді. Ендi, мiне, 80 шаршы метр үйдің кілтін алдық. Ары қарай Екiбастұзда тəттi бəлiштер, дəмдi самса пiсiрсем деген ойым бар. өзiм дəмдi тағамдар əзiрлегендi ұнатамын» дейдi көпбалалы Жанар Есқожанова қуаныштан көзiне жас алып.
Осы орайда біз бағдарлама аясында Екібастұзға 5 мамырдағы алғашқы көшпен келген Алмагүл Жүсіповамен әңгімелескен едік. Ішіндегінің бәрін жайып салды.


«8 баламмен аядай ғана бөлмеде тұрып қиналып жүр едім. Бір күні Нұр-Сұлтан әкімі көпбалалы аналарды жеке-жеке қабылдап жатыр дегенді естіп, қабылдауына жазылдым. Әкімге жағдайымды айтып, мұңымды шаққанда «Нұр Ертіс» бағдарламасы туралы түсіндіріп берді. «Үй беріледі, тұрақты жұмысың болады. Жағдайың жақсарады. Екібастұзға көшесің бе?» деді. Екі сөзге келмей бірден келістім. Міне, арада көп уақыт өтпей баспаналы болып отырмын. Бақыт Сұлтановқа алғысым шексіз» деді ол.
Балалы үй базар… Енді бұл үйдің ауласында баланың күлкісі мен шуы ғана естіледі. Нұр-Сұлтан – жұмыс күші жеткілікті қала. Сондықтан бас қаламызды ғана емес, іргелес жатқан аймақтарды да дамыту – кез келген қазақстандықтың борышы. Игілігі мол осындай үрдіс жалғасын таба берсін демекпіз.

Нұр-Сұлтан – Екібастұз

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды