«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордадағы кезегі жоқ емхана

0 120

g35a0106

ХХІ ғасыр – қолжетімді медицинаның ғасыры. Қазіргі кезде басы ауырып, балтыры сыздаған адам дәрігерге қаралу үшін емханаға сабылып, ол жерде бірнеше сағат кезек күтпейді. Өйткені дәрігердің қабылдауына кез келген қолжетімді және барынша ыңғайлы тәсілмен жазылуға болады. Мысалы, науқас адам үйінде отырып-ақ қалта телефонының көмегімен дәрігерге жазылатын заман келді. Электрондық тіркеу жүйесі енгізілген соң ауруханалар мен емханалардағы ұзын-сонар кезектер келмеске кетті.
Бір қуанарлығы, осындай технологиялар елордамыздағы – №4 қалалық емханада сәтімен іске асырылуда. Бұлай дейтін себебіміз, осы дәрігерлік мекеме 2011 жылы «Кезегі жоқ емхана» атты республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Ал 2012 жылы аталған емхана еліміздегі медициналық ұйымдардың рейтингінің жүлдегері болды. Атап айтарлығы, бұл емхана өзгелерден үш түрлі инновациямен ерекшеленеді. Емхананың базасында республикадағы тұңғыш және жалғыз Зертханалық технологиялар орталығы мен Гепатологиялық орталық ұйымдастырылған. 2014 жылдан бастап Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға медициналық қызмет көрсететін бөлімше ашылған.
Сонымен қатар, емхананың үлкен жетістіктерінің бірі – қарт адамдарға арналған жеке тіркеу бөлімінің қызмет етуі болып табылады. Мұндай жаңашылдық елорданың да, еліміздің де әлі ешбір емханасында жоқ.

Инновациялық бағдарламаның игілігі
Бүгінгі технология мен инновация заманында денсаулық сақтау саласына жаңалықты қалай енгізуге болады? Кезегі жоқ емхана – осының нақты мысалы. Жыл сайын Қазақстан халқының, соның ішінде елорда тұрғындарының саны күрт өсіп келеді. Ал қарапайым халық үшін медициналық қыз­меттердің қолжетімділігін қалай жүзеге асыруға болады? Осыған тоқталайық. Негізгі мақсат – емханадағы «тірі кезек» мәселесін оң шешу. Бұған қоса науқас та, дәрігер де алтын уақытын үнемдей алады. Емхана басшылығы мекеме жұмысының онлайн бейнесін жедел бақылап отырады.
Енді елордадағы №4 қалалық емханада толығымен енгізілген «кезегі жоқ емхана» инновациялық бағдарламасы туралы егжей-тег­жейлі әңгімелеп көрейік. Осыдан бірер жыл бұрынғы ахуал қан­дай еді? Дәрігердің көмегіне жүгінгісі келген әр адам әуелі емханаға баратын-ды. Ол жердегі екі кезек: тіркеу бөліміндегі және дәрігердің бөлмесінің алдындағы кезек әр науқастың жүйкесін жұқартты. Көп жағдайларда бірінші өтініш білдіргеннен дәрігердің қабылдауына жазылу мүмкін болмады. Ол уақытта науқастар дәрігерге кіретін кезегін күтіп, кем дегенде 30-40 минут тұратын.
№4 қалалық емхана басшылығы бұл мезгіл мәселесін қалай шеш­ті? Медициналық қызметті тұтыну­шылар емханаға көбінесе не үшін барады? Әрине, қан тапсыруға және флюорографиялық суретке түсуге барады. Міне, осы екі бөлмеге келушілерге электрондық тіркеу жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мынадай тізбемен жұмыс істейді: алдымен науқас емханадағы терминалға келіп, «Қабылдауға жазылу» деген түймешені басады. Сол жерден қан жинау мен флюорография бөлмесін таңдайды. Сонымен қоса, ол бөлменің нөмірін, дәрігерге келетін күнді, кезек нөмірін және жазылу тәсілін (аты-жөнін теру арқылы немесе жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы) таңдайды. Осы айтылған мәліметтер мониторға енгізілген соң, жүйенің өзі мағлұматтарды тексеруге шығарады. Содан соң дәрігердің қабылдау талоны шығарылады. Онда дәрігерге келетін күн, уақыт көрсетіледі. Бұл мәліметтер бір мезетте қабылдаушы дәрігердің компьютеріне жеткізіледі. Яғни, ол қаралуға кім жазылғанын біліп отырады. Айта кетерлігі, терминалдан әр адам дәрігерлердің жұмыс кестесін, қабылдауға жазылуды, ақылы қызмет түрлерін, нұсқаулықты және әр науқастың өз учаскесін тексеріп, көре алады.
Жаңашылдықтың тағы бір түрі – науқас өз еркімен дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Ол үшін емхананың ғаламтордағы сайтына кіруі керек. Онлайн тәсілмен жазылудың бір тиімділігі, қанша науқасты қабылдай алатынын нақты білетін дәрігерлер өз жұмыс уақытын барынша тиімді пайдаланады. Бұған қоса, барлық медициналық қызметкерлердің жұмыс тиімділігінің деңгейін көтереді. Мысалы, дәрігердің қабылдауына жазылғыңыз немесе оны үйге шақырғыңыз келеді делік. Мұның төрт түрлі жолы бар: терминал көмегімен, емхананың сайты арқылы, қалта телефонымен немесе емхананың е-mail поштасына хабарлама жазасыз. Бұдан кім не ұтады? Науқастың ұтатыны мыналар: қабылдауға ғаламтор немесе терминал арқылы жазыла алады, ғаламтор арқылы дәрігерді үйіне шақыра алды, дәрігердің бөлмесінен шықпай-ақ келесі қабылдауға жазыла алады. Ал дәрігер үшін медициналық құжат толтыру уақыты қысқарады. Сондай-ақ, бұл жағдай науқас пен дәрігер арасындағы мәліметтерді жедел алмасуға көмектеседі.

Қамкөңіл қарттарға қамқорлық – бірінші кезекте
Мақаламыздың басында емхана­ның үлкен жетістіктерінің бірі – қарт адамдарға арналған жеке тіркеу бөлімінің қызмет етуі екенін айттық. Әрине, біз көрген өзгелер қызығарлық жетістіктер емханада өздігінен іске асып жатқан жоқ. Бұл еліміздегі ең үздік медицина қызметкері (ҚР-ның Денсаулық сақтау ісінің үздігі кеуде белгісімен марапатталған), алдыңғы қатарлы жаңа технологиялардың бастамашысы, №4 қалалық емхананың бас дәрігері – Серік Әменұлы Шаймерденовтің қазақша айтқанда табан ақы, маңдай терінің жемісі. Емхана туралы мақала жазардан бұрын, біз Серік Әменұлының өз мамандығын, туған елін сүйетін нағыз патриот екенін естіп-білдік. Айтпақшы, ол науқас қарттарды – Ұлы Отан соғысы ардагерлерін және зейнеткерлердің үйін аралап, ем-дом жасайтын елордадағы жалғыз бас дәрігер.
Қабылдау бөлмесінде ұзақ күткен жоқпын. Жүзі жарқын, болмысы қарапайым ақ халат киген бас дәрігер бөлмесінің есігін өзі ашып, ішке шақырды. Бөлмесі тап-тұйнақтай. Өз ісін сүйетіні көзге көрініп тұр. Көп кідірмей, алғашқы сауалым қарттарды үйіне барып емдеуі туралы болды.
«Өз басым қарт ақсақалдың немесе ҰОС ардагерінің үйіне барып, қал-жағдайын сұрап, ем-дом жасауды жұмыс деп санамаймын. Қамкөңіл қарттарға деген қамқорлығымызды ешқашан аямауымыз керек. Әрбір қариямен қарым-қатынас орнатып, керек кезінде қол ұшын созу – бәріміздің міндетіміз. Бір жолы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасымен Ұлы Отан соғысының қатысушысы В. Толомосовтың үйіне пластика терезе орнатып бердік. Бұл көмегіміз үшін ардагердің отбасы үлкен алғыс айтты» деп сыпайы әңгімеледі бас дәрігер. Одан әрі екеуара әңгімеміз сәтімен «сабақталып» жүре берді.

– Серік Әменұлы, қарттарға арналған жеке тіркеу бөлімін ашу да Сіздің ноу-хауыңыз ба?
– Осы емханаға мені бас дәрігер етіп тағайындаған кезде бірінші көзіме түскені – ұзын-сонар кезектер, емхананың әр бұрышындағы жүздері жабырқаған, белі бүкірейген қариялар болатын. Содан көп ойланып, қарттарға және оларды емханаға әкелетін адамдарға қолайлы жағдай туғызу мақсатымен қарияларға және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған жеке тіркеу бөлімін аштым. Холл бөлме DVD-қондырғысы бар теледидармен жабдықталған. Одан саламатты өмір салтын ұстануға, дұрыс тамақтануға қатысты ұсыныстар айтылатын бейнероликтер көрсетіледі. Денсаулық сақтаудың ортақ ақпараттық жүйесі шеңберінде тіркеу бөлімі емханаға бекітілген халық туралы мәліметтер базасы бар компьютерлермен жабдықталған. №4 емхана­да науқастардың ағынын бөлуге және кезектерді азайтуға мүмкіндік бере­тін 6 тіркеу бөлімі жұмыс істейді.

– Айтыңызшы, электрондық тіркеу жүйесі емхана жұмысы­ның жақсаруына қаншалықты әсер етті?
– Тізбелей берсек, нәтижелер көп. Бірнешеуін мысалға келтіріп көрейін. Біріншіден, бұрынғыдай емханаға міндетті түрде келудің қажеттілігі жоқ. Екіншіден, емханадағы кезектер 50 пайызға дейін қысқарды. Сағат таңертеңгі 08-ден түскі 14.00-ге дейінгі кезек 75 пайызға дейін күрт азайды. Үшіншіден, халықтың мекеме қызметі мен оның жұмысына қанағаттануы 87 пайыздан 92,6 пайызға дейін артты. Электрондық тіркеудің негізгі жетістіктерінің бірі – адамдардың денсаулығына кері әсер ететін біреумен дауласу, жанжалдасу жойылды. Сонымен қатар, дәрігерлердің жұмыс жағдайлары жақсарды. Біздің емханадағы тағы бір жаңалық – бас дәрігердің блогы жұмыс істейді. Емхананың сайтындағы менің блогымды науқастар белсенді пайдаланады. Мысалы, 2016 жылдың бірінші жартысында халықтан 53 өтініш-хат келіп түсті. Олардың әрқайсысына толық жауап қайтардық.

– 2016 жылдың 1 шілдесіндегі статистикалық деректі оқып отыр­сам, емханаға бекітілген 82393 адамның 57741-і – үлкен­дер, 24652-сі балалар делінген. Бір ауысымда 500-ден 800-ге дейін адам қабылдай алатын мекемеге қаралатын жандардың дені үлкендер екен. Сіздердің емханада егде және жас науқастардың арасында өзара қарым-қатынас бар ма?
– Бұрын емханада кезекте тұрған адамдар бір-бірімен дауласып жататын-ды. Біздің емханада ондай дауласу деген атымен жоқ. Себебі, ұзын-сонар кезек жоқ. Бірінің артынан бірі тұрған 4-5 адамдікі кезек емес. Бұған қоса, біз ұрпақтар сабақтастығын үнемі назарда ұстаймыз. Оның дәлелі, «Рауан» атты жастар орталығы және «Золотые годы» деп аталатын қарттар клубы жұмыс істейді. Сізге бір құпиямызды ашайын, біздің емханамызда арттерапия бөлмелері бар. Ол жерде қаламыздағы жалғыз кәсіби суицидолог маманнан анонимдік кеңес алуға болады. Ал қарттарымыз «Золотые годы» клубында бір-бірімен араласып, мерекелерді бірге атап өтеді. Клуб мүшелеріне арнайы әскери фильмдер жиынтығын сатып алдық. Клуб мүшелері «Рауан» орталығының жастарымен де тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз өміршең инновациялық технологияларды үнемі өз қызметімізге қолдануға тырысамыз. Мәселен, «Золотые годы» клубы да – сәтімен іске асырылған инновациялық технологиялардың бірі. Клубтың міндеті: денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерді интеграциялау, қамкөңіл қарттар­дың өмір сүру сапасын жақсарту. Бізде жоғарыда сөз болғаннан басқа да инновациялық технологиялардың жобасы бар. Атап айтар болсам, алдағы уақытта «Астана қаласында алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек базасында 0-3 жастағы баладан бас тартудың алдын алу жө­ніндегі кеңестік қызмет», «Солнышко» жас аналар мектебі және «Анашым» атты болашақ ана­лардың денсаулық мектебі сияқты жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

P.S. Жұмысы жинақы, басшысы білікті, ұжымы тату мемлекеттік мекемеде біз сөз еткеннен басқа да, жаңашылдықтар жетерлік. Оның бәрі бір мақаланың ауқымына сыймады. Бастысы, халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуде инновациялық жаңалықтарды енгізуден көшбасшы атанған емхананың ертеңінің нұрлы екенін көріп қуандық.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды