«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордада жұмыс табу қиын емес

0 147

????????????????????????????????????

Астанада екі қолға бір кү­рек табу қиын емес. Ай сайын өте­­тін бос жұ­мыс орындары жәрмеңкесінде кадр бөлімінің қыз­меткерлері жұмыссыздарды өздері іздеп шығады. Мәселен, күні кеше М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайына жиналған 600-ге жуық қала тұрғыны бірнеше жерге түйіндеме қалдырып, жұмыс берушілермен тікелей тілдесуге мүмкіндік алды.

Бұл – жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен жетінші жәрмеңке. Мұнда білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары, құрылыс фирмалары, ішкі істер органдары мен қызмет көрсету компаниялары секілді 50-ден аса жұмыс беруші 500 вакансия ұсынды. Аталмыш шараның еңбек нарығына қосар үлесі баршылық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, алдыңғы жәрмеңкелердің арқасында 222 азамат тұрақты жұмысқа тұрыпты.

????????????????????????????????????

Бос орынның көбі құрылысшыларға, мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілеріне, дәрігерлерге тиесілі. Мысалы, жаңадан ашылған өндіріс орны техникалық мамандарға сұраныс білдіріп отыр. «Бір сағат ішінде шамамен 30 адам келді. 15 шақты түйіндеме қызықтырып үлгерді. Басты талабымыз – жоғары білім. Ал технолог, инженер-құрылысшылардың өндіріс орнындағы еңбек өтіліне міндетті түрде қараймыз» дейді Раушан Сейтқалиева есімді кадр бөлімінің қызметкері. Оның айтуынша, жәрмеңкеге жарнама жетіспейді. Яғни, жұмыссыз жүрген кәсіби білікті мамандарды көптеп тарту үшін қандай мамандық бойынша бос орындар барын астаналықтарға алдын ала хабарлау керек деген тілегін білдірді.
Ал, әскери билеті бар және заң саласына қатысты жоғары білім алған азаматтар бұл күні Астана қаласы Ішкі істер департаментінің үстеліне кезекке тұрды. Оларға полицей, кинолог, жүргізуші, учаскелік инспектордың көмекшісі, тергеуші, криминалист, жедел уәкіл сынды қызметкерлер қажет екен. «Осы жерден қабылдай салмаймыз. Әуелі әңгімелесуге шақырамыз. Құжаттарын түгендейміз. Дәрігерлік тексеруге жібереміз. Физикалық дайындығын, білімін сынаймыз. Қорытындыға қарап конкурстық негізде таңдаймыз. Егер еңбек өтілі жоқ жас маман болса, 3 ай тағылымдамадан өтіп, бастапқы дайындық бағдарламасын 2 ай оқиды» дейді қадр бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Марат Қонақбаев.
Жұмыспен қамту орталығы хабарлағандай, бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің нәтижесінде 223 адам әңгімелесуге жіберілді. Жалпы, биыл 3 710 адам жұмысқа орналасқан. 1079-ы қоғамдық жұмысқа кірісті, 540 адам кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұдан басқа, 284 адам жастар практикасына, 101 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды