«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордада қоғамдық монша неге аз?

0 31

Бірде басқа қаладан келген қонағым: «моншаға барайық» деген өтініш айтты. Екеуміз базардан сыпырғыш сатып алып, М.Әуезов көшесіндегі «Рахат» моншасына келдік. Кіреберістен моншаның қызмет көрсету құнын көрген қонағым шошып кетті. «Не деген қымбат монша? Мысалы, Қарағандыда моншаға кіру құны – 1000 теңге. Әрі кеткенде 1200 теңге. Мыналарың монша емес, хауыз ғой!» деді ол таңданысын жасыра алмай. Алайда үш сағат жуынып шыққан соң, ол «Рахаттың» Қарағандының Майқұдық ауданындағы кеншілердің моншасынан ешқандай артықтығы жоқ екенін айтты. Қош делік.
Қымбат баға дегеннен шығады, расында да, елордадағы моншалардың құны қымбат. Қарапайым адамдардың қалтасы көтере бермейтін жағдайлар да бар. Өйткені бас қалада біз «арзан» дейтін қоғамдық моншалардың саны көп емес. Жыл сайын елорда халқының саны өсіп келеді. Соған сәйкес, қолжетімді, қолайлы моншаға деген сұраныс та артуда. Алайда қоғамдық моншалардың орнына хауыздардың саны көбейіп барады. Кез келген адам ғаламтордан бас қалада монша іздесе, кіру құны «секіріп» тұрған хауыздар жыпырлап шыға келеді. Осынау әлеуметтік мәселеге шағын зерттеу жүргізіп көрдік.

«Рахаттың» құны тағы қымбаттайды

Ең алдымен, қаладағы бірнеше моншаларға бас сұқтым. Алғашқы барған жерім – М. Әуезов көшесіндегі «Рахат» моншасы. Мекеменің әкімшілігі 2019 жылдың 1 маусымынан бастап қызмет құнының қымбаттайтынын хабарлап, қағаз іліп қойыпты. Жұмыс күндері ересектер үш сағат жуынғаны үшін бұрынғыдай 2300 емес, 2500 теңге төлейді. Демалыс және мереке күндері – 2700 теңге. 7-11 жас аралығындағы балаларға – 1300 теңге, 7 жасқа дейінгі балаларға – 800 теңге. Таңғаларлығы, осы монша қызмет құнын жыл сайын өсіреді. Оған шектеу қойып жатқан ешкім жоқ. Моншаның әкімшілігіне кіріп, төрдегі азаматшадан мән-жайды білмек болдым. Оның тілдесуге де ниеті жоқ екен. Ешқандай ақпарат бермеді. «Бәрін жазып, кіреберіске іліп қойдық. Содан оқып ал!» деді немқұрайдылықпен үн қатып.
Одан кейін Сәкен Сейфуллин көшесі, 4/1 үйдегі «Арасан» моншасына бардым. Бұл моншаның екі сағаты – үлкендерге 1500 теңге, балаларға 750 теңге екен. Зейнеткерлерге сағат 18.00-ге дейін жеңілдік беріледі. Соғыс ардагерлері екі сағатқа 700 теңге төлейді. «Бұл – елордадағы арзан моншалардың бірі. Қалтаға соншалықты салмақ салмайды. Соғыс ардагерлеріне кіру құны – 700 теңге. Мұндай бағалар еш жерде жоқ. Қызмет көрсету деңгейі де өте жақсы» деді Дидар атты бізбен әңгімелескен монша қызметкері. «Елордаға қоғамдық моншалар керек пе?» деген сұрағымызға ол: «Қазір қалада моншалар жеткілікті. Әркім қалауына қарай таңдайды. Бірақ өз басым қоғамдық монша керек пе, жоқ па деген сауалға ойланып көрмеппін» деп жауап қайырды.
Ақиқатына келсек, Нұр-Сұлтандағы қоғамдық моншалардың ұзын-саны – 13. Оған «Береке», «Батыр», «Саламат», «Арман қала», «Мехколонна 56», «Демалыс», «Ақсу», «Сарыарқа», «Жетісу», «Алтын бу», «Көктал», «Жадыра» және біз сөз еткен «Рахат» пен «Арасанды» жатқызуға болады. Атап айтарлығы, бұлардың ішінде құны арзаны да, қымбаты да бар. Мәселен, Республика даңғылы, 52/5 үйде орналасқан «Берекеге» бір сағат шомылсаңыз, 500 теңге төлейсіз. Ал «Арман қала», «Жадыра», «Сарыарқа» сауықтыру-монша кешеніне бір сағаттың нарқы – 1800 теңге.

Қоғамдық моншалар қажет

Көшедегі кездескен адамдарға: «Қалада қоғамдық моншалар неге аз?» деген сұрақ қойдым. Жұрттың көбі жауап беруден қашқақтады. Себебі түсінікті. Моншаға баруды, қандай моншаны таңдауды әркімнің жеке шаруасы деп ойлайтындар көп. Алайда «Рахат» моншасының алдынан ұшырасып, бізбен ой-пікірімен бөліскен Кенжеболат аға мұндай ұстаныммен келіспейді. Оның пайымдауынша, монша мәселесі бір қарағанда жеке адамның шаруасы сияқты болып көрінгенімен, шындап келгенде бұл – үлкен әлеуметтік, қоғамдық мәселе.
Кенжеболат аға айтады:
– Бұл мәселені өте орынды көтеріп отырсыздар. Монша дегеніміз – адамның салауатты өмір сүруінің бірден-бір кепілі. Моншадан шыққан адамның бір сәтте болса да ойы, жаны, бойы тазарады. Осы орайда моншаның жеке адам үшін, қоғам үшін алатын орны, әлеу­меттік мәні өте зор. Қазір біздің қоғамда тұрмысы төмен адамдардың саны көбеюде. Осы тұрғыдан келгенде, бізге қоғамдық моншалар өте қажет! Ондай моншалар бас қаланың әр ауданында болуы тиіс. Қаланың бір шетінде тұратын адам екінші шетіндегі арзан моншаға сабылып жүрмеуі керек. Бұл мәселені коммуналдық меншік мекемесі арқылы да шешуге болады.
Мысалы, мен 20 жыл бойы осы «Рахат» моншасына келемін. Бұл – сонау 1989 жылы, кеңес заманында соңғы үлгіде салынған монша. Адамның тазалануына, демалуына барлық жағдайлар жасалған. Әркімнің мүмкіндігіне, қажеттілігіне қарай қандай қызмет түрін аламын десе, бәрі бар. Маған зейнеткер ретінде жеңілдік беріледі. Ересектерге кіру құны – 2300 теңге, ал мен 1800 теңге төлеймін. Бұл – бас қаладағы зейнеткерлерге жасалып отырған әлеуметтік көмектің бір түрі. Қай жағынан алсақ та, осы монша көңілімнен шығады. Осындай моншалар қаланың әр ауданында болғанын қалаймын.
Тағы бір моншаның жанынан жолыққан Қайрат аға да зейнет­кер. Оның пікірінше, қоғамдық моншаны жеке кәсіпкерлер салуы керек. Қала басшылығы арзан монша салуға кәсіпкерлерге жеңілдік бергені жөн.
Қайрат аға айтады:
– Әрине, әр ауданға монша салу керек. Қоғамдық монша деген сөзді жұрттың көбі дұрыс түсінбейді. Қазір қоғамда әлеуметтік ахуалы төмен адамдар бар. Олар да моншаға баруды қалайды. Бірақ қалтасы көтере бермейді. Тағы бір айтарым, қазір кейбір адамдар монша дегенде тыжырына қарайды. Оны лас жер деген де таяз түсінік қалыптасты. Мәселен, хауызды алайық. Хауыз дегеніміз – ем-домның бірнеше қызмет түрін (жуыну, булау, уқалау) көрсететін жер. Яғни хауызды ем-дом ретінде қолданған жөн. Ал бізде қалай? Хауыз деген көңіл көтеретін, көп табыс табатын жер деген ұғым қалыптасқан. Қалтасында ақшасы барлардың бәрі хауызға барады. Сол жерде көңіл көтереді. Жас қыздар тәнін саудалайды. Әрине, бұл жеке адамның кәсібі шығар. Бірақ жөні сол екен деп, бетімен қоя бермеу керек.

Елордада неге хауыз көп, монша аз?

Шынын айтсақ, ғаламтордан монша іздеген адамның алдынан жыпырлаған хауыздардың жарнамасы шыға келеді. www.astana.bani.kz деген сайтқа кірсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Елордадағы хауыздардың саны – 517. Олардың орташа кіру құны 5 мың теңгеден бастап 25000 теңгеге дейін кете береді. Оның ішінде ағашпен жағылатын монша, инфрақызыл хауыз, уқалаушы маманы бар хауыз, SPA, арзан хауыз, элиталық хауыз, түрік моншасы, фин хауызы, жапон моншасы, орыс моншасы деп бөлінеді. Сонда қараңыз: 1 млн-нан асатын халқы бар қалада бар-жоғы 13 қоғамдық монша, 500-ден аса хауыз бар.
Айтпақшы, осы хауыздар тән саудасының, түнгі қылмыстың да ордасы болып табылады. Ғаламтордан іздесеңіз, «Сауна с красивыми девочками», «Ты мне, я тебе» дегендей жарнамалар қаптап шығады. Бізбен пікірін бөліскен Кенжеболат аға да бұл мәселеге салиқалы көзқараспен қарауымыз керектігін айтады. «Хауыз дегенге өте мұқият қарау керек. Өйткені оны адамдар кейде жуыну емес, өзінің нәпсісін қанағаттандыру үшін пайдаланады. Сол хауыздарда небір көңілге қонымсыз дүниелерді жасап жататыны жасырын емес. Тіпті кейбір дөкей «ағаларымыз» да сондай жерлерге барып «демалады». Ондай демалыстарының басқаша бір сипат алып кететіні рас. Мұндай жағдайды БАҚ-тан оқып, естіп жүрміз. Хауыз біреудің жеке меншігі болып саналады. Дейтұрғанмен, заңдық тұрғыдан бұл мәселені қайта қарап, реттейтін кез келді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, осы саланың мамандары жиналып, ой-пікірлерін ортаға салып, нақты бір шешімге келсе, нұр үстіне нұр болар еді» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды