«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордада – қаламгерлер аллеясы

0 24

Азия елдері ақын-жазушыларының I форумы аясында елордадағы Абай көшесінің бойынан Қаламгерлер аллеясы ашылды.

Мәдени шараға қала әкі­мінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов және форумға келген қонақтар қатысты.
Аллеяның ашылуында елорда басшысының орынбасары Бақтияр Мәкен қаламгерлерді елімізде алғаш өтіп отырған айтулы форуммен құттықтап, бас қаланың дамуы мен алдағы жоспары жайында сөз қозғады. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет қаламгерлер аллеясының Абай атамыздың көшесінің бойында орналасуы да тегін емес екенін айтты.
«Бұл көшенің бойындағы Қаламгерлер аллеясында келе жатқан ақынның шабыты тасып, көмейінен өлең төгілері хақ. Аллея Нұр-Сұлтан қаласына нұр қосып, тұрғындардың жүрегіне жыр қоса берсін» деді Ұлықбек Есдәулет.
Абай көшесінде орналасқан Қаламгерлер аллеясы «Егемен Қазақстан» газеті көшесіне дейін созылып жатыр. Аллея аумағы 1,2 гектарды қамтиды. Оның 5,7 мың шаршы метріне тас төселсе, 4,2 мың шаршы метрі абаттандырылған. Сонымен бірге 50 шырша егіліп, 428 жарықшам орнатылған. Аллеяға Абай атамыздың сөзі жазылған мәрмәрдан жасалған кітап қойылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды