«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордада автобәйге өтті

0 102

Көлікті жылдам, көздің жауын алардай әрі жол жүру ережесіне сай жүргізе білу қолыңыздан келе ме? Онда демалыс күндері Астанада «шумахерлер» арасында өткен автобәйгеден хабардар болыңыз.

Автослаломнан «TRI MIRA Time Attack» Астана қаласы Кубогының 3-кезеңі Мәңгілік ел даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында ұйымдастырылды.
Оның шарты бойынша көлікті тек жылдам әрі түрлі әдісте мәнерлеп жүргізе білу қажет. Ал мұндай сынның басты мақсаты – елорда тұрғындары арасында салауатты өмір салты мен спорт мәдениетін қалыптастыру, әуесқой автомобильшілердің осы спорт түріне қызығушылығын арттыра түсу, жол ережесіне сай сауатты әрі жылдам жүргізуді насихаттау.
Автослалом «Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы», «Астана – есірткісіз қала» және «Біз жол жүру қауіпсіздігі үшін» атты шаралары аясында өтті. Мұндай шараны өткізуді Астана әкімдігінің қолдауымен «Астана қаласы Автомотоспорт федерациясы», «TRI MIRA» жеке кәсіпкерлігі, т.б. қолға алды.
Елорда тұрғындары мен қонақтары өткен сенбі-жексенбі күндері үздік жүргізушілердің өнерін тамашалап, таңданыстарын жасыра алмады. «Жұрт «Форсаж» фильмін көргеннен ке­йін ирелеңдетіп, әдемі жүргізуге қызығатын. Енді оны да іс жүзінде жүзеге асыра алатын мүмкіндік туып отыр. Бұл спорт түрін дамытуды ары қарай жалғастыру керек деп ойлаймын» деді Рауан Досжан есімді көрермен.
Екі күнге созылған автобәйгеде астаналық Дамир Нұрпейісов пен Диас Жолдыбаев және Жезқазғаннан келген Павел Свидерский үздіктер қатарынан көрінді.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды