«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордада атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады

0 52

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы 1648 отбасыға қатысты оң шешім қабылданса, 363 отбасы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) ала бастады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылардың шоттарына төлемдер осы жылдың 26 сәуірінен 4 мамырына дейін түсіру жоспарланып отыр» деп мәлім етті қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина. 1 сәуірден бастап АӘК тағайындау үшін 9725 отбасы өтінім берген, оның 2483-іне атау­лы әлеуметтік көмек тағайындау үшін шешім қабылданған, 2417 өтініш аудандық округтік комиссияларға жолданды, 1909 отбасыға қатысты аудандық комиссиялар оң шешім қабылдады. Тұтастай алғанда, жаңа форматтағы АӘК-пен 2500 отбасын (11 мыңнан астам адам) қамту жоспарлануда. Нұр-Сұлтан қаласындағы АӘК-ті алатын отбасылардың әр баласына (18 жасқа толмаған балаларға) 21572 теңге сомасында кепілдік төлем немесе күнкөріс минимумының 70 па­йызы төленеді. Отбасының ересек адамдары үшін AӘК мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегі арасындағы (21572 теңге) айырмашылық ретінде есептеледі.

Осы жылдың 26 сәуірінен бас­тап 4 мамырына дейін алу­шы­лардың шоттарына төлемдер жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Еске салайық, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті алу тәртібі же­ңіл­­детілді. Ал атаулы әлеуметтік кө­мек көрсету критерийінің мөлшері күн­көрістің ең төменгі деңгейі­нің – 50-ден 70 пайызға дейін артты. АӘК бойынша кеңесті E-халықтың деректер базасында оқыған ХҚКО мамандарынан, сонымен қатар аудандық әкімдіктерде де алуға болады. 2018 жылдан келе жатқан мәліметтерді ескере отырып, 481 отбасыға, 2915 адам АӘК шартты ақшалай жәрдем 1 сәуірге дейін төленді. 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін жоспарланған 363 шартты ақшалай көмек алушыға, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап әлеуметтік ке­лісімшарттың аяқталуына дейін шартты ақшалай жәрдемақылар сомасы қайта есептелді.
АӘК тағайындау кезінде төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалып төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға тағайындалып төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы немесе бұған дейін бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға тағайындалып төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедектігі бойынша балаға таға­йындалатын жәрдемақы, стипендия, жергілікті бюджеттен төленетін біржолғы төлемдер есепке алынбайды. Әкім­діктің хабарлауынша, 1 сәуірден бастап АӘК алу жеңілдетілген. Ол үшін тек АӘК тағайындау туралы өтініш пен жеке басты куәландыратын құжат керек (әрбір отбасы мүшесінің), ал қалған ақпараттарды Е-халық дерекқорынан алуға болады. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмектің әлеуетті алушылары үшін «жедел желі» жұмыс істейді. 111 бір­ыңғай байланыс орталығының тегін нөміріне қалалық телефон арқылы да, Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы да қоңырау шалуға болады. Атаулы әлеуметтік көмек (AӘК) – тұрмысы төмен отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен аспайтын адамдарға немесе отбасыларға берілетін ақшалай жәр­дем­ақы. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың І тоқсанындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 30817 теңгені, 2019 жылдың ІІ тоқсанындағы кедейшілік шегі 21572 теңгені құрады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды