«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елордада 21 жекеменшік мектеп бой көтереді

0 22

Елорда әкімдігінің қолдауымен бас қалада «Tamos Space School» атты жекеменшік мектеп құрылысының алғашқы кірпіші қаланды. Ол білім беру саласында 25 жылдан аса уақыт бойы танымал «Tamos» бренді бойынша жұмыс істейтін астанадағы алғашқы мектеп болмақ. Жалпы, бүгінгі таңда қалалық әкімдіктің, Білім және ғылым министрлігінің, «Қаржы орталығы» АҚ және «Astana Invest» мекемесінің бірлесуімен 21 жекеменшік мектептің құрылысы жоспарлануда. Төмендегі мақалада солардың бірқатарына шолу жасаған едік.

Сабаққа стимул беретін smart-up технологиялар қолданылады

Жоғарыда аталған «Tamos Space School» мектебі 800 оқушыға арналып салынады. Жаңа білім ордасының ашылуы 2020 жылғы 1 қыркүйекке жоспарланған. Оған физика-математика бағыты бо­йынша 4-сыныпқа дейінгі оқушылар қабылданады. «Tamos Education» мектебінің негізін қалаушы Дәурен Қаупынбаевтың айтуынша, мұнда балалар PBL, яғни Problem Based Learning әдісі арқылы физика, математика және химия пәндерін бір-бірінен бөлмей тереңдете оқиды. Сондай-ақ ғарыш технологияларына бағытталған сабақтар мен Ғарыш орталығы өкілдерінің дәрістері де өтеді. Тіпті «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы тарапынан қандай да бір мамандарды даярлауға тапсырыстар да түсуі мүмкін.
– Шәкірттердің сабақ оқуына стимул беретін smart-up технологиялар қолданылады. Сонымен қоса, олар әрбір жұмыстың капитализациялануы керектігіне үйренеді. Мәселен, бала мектепке келіп, ежелгі қалаларға виртуалды саяхат жасағанда, белгілі бір тапсырмаларды орындағаны үшін драхмаларға ие болады. Мұндай ежелгі грекиялық тиындар оған оқу қауымдастығында белгілі бір статус береді, – дейді мектеп басшысы.

ХХІ ғасырға керекті негізгі қабілеттерді игеріп шығады

Есіл ауданындағы Ә.Бөкейханов, Ұлы дала және №38 көшелердің қиылысар тұсында келер жылғы нау­рызға дейін Seed School атты тағы бір жекеменшік мектептің кеңейтілген құрылысы басталады. Seek (ізденіс), Explore (зерттеу), Experiment (тәжірибе), Discover (ашу) деген ұранды негізге алған бұл мектепте оқушылар математиканы, тілдерді, ІТ-технологияны және іскерлік білімді тереңдете оқиды.
– Мектепте 0-сыныптан бастап билингуалды оқыту жүйесі қолданылады. Балалардың тұлға ретінде жан-жақты дамуы үшін негізгі сабақтармен қатар, спорт үйірмелері (футбол, тхэквондо, хореография, би), интеллектуалдық үйірмелер (шахмат, қаржылық және заңи са­уаттылық, іскерлік білім), тілдік курстар (қазақ, ағылшын және неміс тіліндегі журналистика, қытай тілі), шығармашылық (вокал, бейнелеу өнері, дизайн, модельдеу, аспаздық өнер) және сауықтыру процедуралары секілді қосымша шаралар енгізілген. Бұлардың арқасында бала ХХІ ғасырға керекті негізгі қабілеттерді игеріп шығады, – дейді «Math-Language SEED School» мекемесінің директоры Гүлсім Егізбаева.

Сингапурлық білім жүйесіне сүйенеді

Жақын жылдары елордада бой көтеретін инновациялық мектептердің бірі «Singapore International School Kazakhstan» деп аталады. Дүние жүзі бойынша 15-ке тарта елде бөлімдері бар бұл білім мекемесі енді кішкентай нұр-сұлтандықтарды да сапалы біліммен сусындатуды көздейді. Сингапур инвесторлары салғалы жатқан бұл жобаның басты ерекшелігі – оның оқушыларға арналған қалашық ретінде ашылатынында: яғни оқу корпустарынан бөлек, кампуста жатақханалар да тұрғызылады. Жалпы көлемі 3,04 млрд теңге инвестиция құйылған мектеп 2021-2022 жылдары пайдалануға берілуі мүмкін. Хусейн Бен Талал көшесі мен №38 көшенің қиылысынан қоныс тебетін мектепте 1200 бала оқиды деп күтілуде. Олар сингапурлық білім беру жүйесіне негізделген бағдарлама бойынша білім алады.
Сингапурлық білім жүйесіне сү­йеніп оқытатын тағы бір елордалық мектептің құрылысын келер жылы «Smart Astana» ЖШС компаниясы бастамақшы. Шамамен 6 млрд теңгеден аса инвестиция құйылатын бұл мектеп 600 балаға шақтап салынады. Онда 1-сыныптан бастап математика, информатика, технология, дизайн және өнер пәндері ағылшын тілінде жүргізілетін болады.

Түлектері әлемдегі 100 үздік ЖОО-ға шақыртулар алады

2018 жылы ашылған «Astana Garden School» мектебі кеңейіп, енді тек жоғары сынып оқушыларын ғана емес, бастауыш сынып шәкірттерін де оқытпақшы. Толық циклды жаңа мектеп 900 баланы қамтиды. Ол Мәңгілік ел мен Ұлы дала көшелерінің қиылысында орын тебеді. Жобаның инициаторы – ­Оксфорд мен Кембридж университеттерінің түлектері құрған «Central Asia Garden Schools» компаниясы, олар он жылға тарта қазақстандық нарықта табысты жұмыс істеп келеді. Табыс­тылығы сол, мектепті бітірушілер әлемнің 100 үздік ЖОО-ға шақыртулар алады.
Отандық инвесторлар есебінен бой көтеретін жаңа мектептердің қатарында Alpamys School да бар. Бұған дейін аталған мектеп 6-сыныпқа де­йінгі оқушыларды ғана қабылдайтын. Енді ол одан әрі кеңейіп, қосымша 900 шәкіртті қамтитын болады. Жалпы көлемі 4,5 млрд теңге инвестиция құйылған білім ордасы Ұлы дала мен Тұран көшелерінің қиылысында орналасады. Ерекшелігі сол, онда балалар сағат таңғы 8-де кіргеннен кешкі 6-ға дейін сабақтарын оқып қана қоймай, қосымша үйірмелерге де қатыса алады.

60,7 млрд теңге инвестиция тартылған

– Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі күні елордада 180 мыңнан аса бала мектепке барады. 2020-2021 жылдары бұл көрсеткіш 210 мыңға жуықтайды деп күтілуде. Өйткені қаланың аумағы да өсіп жатыр, сондай-ақ астанаға көшіп келушілер де көбеюде. Осының салдарынан туындайтын мектептердегі орын жетіспеушілік мәселесін шешуде жоғарыдағы инновациялық білім ордаларының көмегі көп болады деп ойлаймын, – дейді «Astana Invest» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Мұхамед Кабульдинов.
Аталмыш мекеменің Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Дәурен Байдүйсеновтің айтуынша, қазіргі таңда білім саласына 21 жоба бойынша жалпы көлемі 60,7 млрд теңге инвестиция тартылған, оның ішінде 5 жобаны іске асыру үшін келісімшарттар жасалған. «Бұл Нұр-Сұлтан қаласының шетелдік және отандық инвесторлар үшін ыңғайлы орта екенін көрсетеді. Инвесторлардан түсетін табыс та өз кезегінде елорданың экономикасына жағымды әсер ететіні сөзсіз» дейді компания өкілі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды