«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда жұлдыздары

0 42

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақстан астанасы болып жарияланды. Осы күні елорда Алатау баурайынан Арқа төсіне көшірілді. Бұл атаулы күнге орай биыл Астана әкімдігі «Елорда жұлдызы» сыйлығын тағайындады. «Астана» концерт залында бұдан былай жыл сайын тапсырылатын аталмыш сыйлықтың алғашқы иегерлерін марапаттау салтанаты өтті.

Кейінгі төрт-бес жылда елордада «Astana Ballet», «Астана Опера» театрлары бой көтерді. Бұл өнер ұжымдары қазір Астананың даңқын алысқа асырып отыр. Алғашқысы Мәскеу, Санкт-Петербург, Бейжін, Париж, Вена, Сеул, Будапешт, Баку, Нью-Йорк сынды әлемнің ірі астаналары мен қалаларында табысты өнер көрсетті. Екіншісі жуырда ғана Италия халқын өнерімен тамсандырып, «Абай» операсымен Мемлекеттік сыйлықты иеленді. «Елорда жұлдызы» сыйлығы алдымен осы театрлардың басшыларына тапсырылды.

«Биыл Астананың 20 жылдығы аясында көптеген шараларды өткіздік. Олардың басы бір жыл бұрын осы «Астана» концерт залында басталды. Жыл бойы өткен шараларды бүгінгі кешпен тү­йіндеп отырмыз. Бұл кештің бір ерекшелігі осындай. Елбасының астананы көшіру туралы тарихи шешімінің маңызы баршаңызға мәлім. 20 жыл ішінде елордамыз шағын облыс орталығынан әлем астаналарымен иық тірестіретін қалаға айналды. Осы уақыт аралығында қалада Астана бренді болатын ұжымдар ашылды. «Елорда жұлдызы» сыйлығы елорданың дамуына үлес қосып келе жатқан ұжымдарға тапсырылады. Қала әкімі ретінде осы сыйлықты тапсыру мен үшін зор мәртебе. Осыдан 20 жыл бұрын мен де жас маман ретінде пойызға отырып, боранды таңда Ақмолаға келдім. Содан бері қалада көп дүние өзгерді» деді Астана әкімі Бақыт Сұлтанов.

Халқымыздың бұлбұл әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға алғашқы лекте «Астана қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бибігүл Ахметқызы өз өнерімен әлі күнге дейін еліміздің, елорданың мерейін тасытып келеді. Биыл 6 шілде күні Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап бас қалада концертін өткізді. «Мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін» аталымында «Елорда жұлдызы» сыйлығы даңқты әншіге тапсырылды.
Былтыр Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі дүрілдеп өткені мәлім. Үш айдың ішінде көрмені 178 елден 4 миллионнан астам турист тамашалады. Оның ішінде 20 мемлекеттің басшылары болды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы да лауреат атанды.
Назарбаев университеті Астананың ғана емес, Қазақстанның ұлттық брендіне айналды. Білім саласындағы «Елорда жұлдызы» сыйлығы осы жоғары оқу орнына бұйырды.
Медицина саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қазір елордадағы 6 заманауи медицина орталығы медициналық кластерді құрап отыр. Астанаға ем алу үшін өзге өңірлерден келетін пациенттер үлесі өткен жылы 60 пайызға жуықтады. Әлемнің 30 мемлекетінен келген емделушілер саны 400-ден асты. Осы саладағы сыйлық «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақовқа тапсырылды.
Спорт саласындағы «Елорда жұлдызы» сыйлығын «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы және «Астана» велокомандасы иеленді. Өткен жылы 10 жылдығын атап өткен «Жастар» театры мен Мәскеуде өткен Көңілді тапқырлар клубының жоғары лигасы ойындарына қатысып, чемпион атанған «Спарта-Номад Астана» командасы аталмыш сыйлықтың иегері атанды. Салтанатты шарада лауреат атанған өнер ұжымдарымен қатар Қайрат Баекенов, ағайынды Жүгінісовтер, т.б. өнерпаздар өнер көрсетті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды