«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда туризмінің ертеңі

0 49

Туризмнің барлық саласын дамытуға мүмкіндігі бар елімізде Арқа төсіндегі ару қала Нұр-Сұлтанның туризм шаруашылығын жандандырудағы ықпалы мол. Себебі тоғыз жолдың торабына орналасқан жаңа астананың жұрт назарын аударатын жерлері аз емес. Оның үстіне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, ЕХРО көрмесі сияқты халықаралық маңызы зор шаралардың өткізілуі бас қаланың беделін биіктете түскен.

Сондай-ақ дүниежүзілік турис­тік ұйымның жаһандық саммиті биыл қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Сегізінші мәрте өткізілгелі отырған бұл форум Орталық Азияда тұңғыш рет
ұйымдастырылатындығын ескерсек, Нұр-Сұлтанның туризм саласындағы әлеуеті тіптен арта түскелі тұр.
Нұр-Сұлтан қаласының инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының санағына қарағанда, 2019 жылдың бірінші тоқсанында елордадағы туристік орындарға 186 мың турист келген. Оның 30 пайызын шетелдік туристер құраса, ел ішінде де елордаға саяхаттай келетіндердің саны өткен жылғы осы мезгілдерімен салыстырғанда арта түскені байқалады. Әрине, алты ай қыс болатын астанамыз­да қаңтардан наурызға дейін ауа райының қолайсыз екенін ескерсек, 3 ай ішінде 200 мыңға жуық туристің келуі – қуанарлық жағдай.
Жалпы Қазақстан жөнінен алғанда, туризм – енді жанданып келе жатқан сала. Үкімет осыдан он шақты жыл бұрын туризмді дамыту жоспарын жасағанымен, оның өнімі ойдағыдай болған жоқ. Тек соңғы жылдары бұл түйінге баса назар аударылып, ел туризмін елордадан бастап екпін алдыру күн тәртібіне қойылғалы біраз жұмыстар істелді. Мұның жанды мысалы ретінде үкіметтің осыдан бірнеше жыл бұрын елордада туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы жобасын жасағанын атауға болады. Осы жоспарда Нұр-Сұлтанда медициналық туризмді дамыту қажеттілігі де қарастырылған еді. Себебі Қазақстан 2016 жылы медициналық туризм бойынша ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейін үздік үштіктің қатарынан көрінді. Оның үстіне, бас шаһарда заманауи медициналық орталықтар көбейіп ғана қоймай, кардио, онко және нейрохирургиялық көмек көрсету ісі қарқынды дамып келеді.
Халықаралық Medical Tourism Index қоғамдық ұйымы және халықаралық медициналық туризм қауымдастығының өкілдері 2025 жылға қарай медициналық туризм­нің айналымы үш триллион доллар болады деген болжам жасады. Қазақстанның да бұл саладан өз үлесін алуына қажетті мүмкіндіктері бар екенін ескерген еліміздің құзырлы орындары ең әуелі астанамыздағы денсаулық сақтау саласының артықшылықтарын анықтап, отандық және шетелдік пациенттерге ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын саралаған болатын. Медициналық орталықтарда көрсетілетін қызмет түрлерін мейлінше сапалыландырудың тетіктері де тексеруден өткізген еді. Нәтижесінде 2018 жылы еліміздегі 25 клиникалық орталықта Өзбекстан,
Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей сияқты көрші елдерден келген 2500-ге жуық шетелдік емделген. Мұның басым көп сандысы Нұр-Сұлтан қаласында ем алғанын ескерсек, бас қаланың медициналық туризмді дамытудағы мүмкіндігі барған сайын жоғарылап бара жатқаны байқалады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бас қаладағы медициналық туризм орталығы болуына барлық мүмкіндігі барын, өзге өңірлерден келіп, елордада ем қабылдайтындардың қатары да молайып келе жатқанын айрықша атап, бас қалада медицинаның сапасын арттырып, оның қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде қала әкіміне тапсырма берді. Демек, ендігі жерде елорда туризмі күннен-күнге жандана түспесе, тоқырамайтыны анық.
Қаладағы туристік ұйымдардың дерегіне сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласына келген туристер небәрі бір жарым күн ғана аялдайды екен. Оған қаладағы туристерді баурайтын маңызды туристік орындардың аздығы себеп болып отырған көрінеді. «Нұр-Сұлтан қаласына саяхаттай келгісі келетін турис­тер көп. Алайда алыстан ат терлетіп жеткенде бір күнге жетпей елорданың барлық жерін аралап болады. Бәйтерекке шығып, ЕХРО көрмесін аралайды. Хан шатыр­ға, Әзірет сұлтан мешітіне барады. Одан өзгеше ештеңеміз жоқ. Қазақ ұлтының тұрмысына, әдет-ғұрпына қатысты тамашалайтын орын да аз. Керек десеңіз, қала ішінде қымыз ішіп, демалып қайтатын киіз үй де жоқ. Қала күнінде тігілетін киіз үйлердің қалған кезде қайда кететінін білмейсің» дейді «Алтын көпір» халықаралық саяхат серіктестігінің директоры Амантай Тұрсынұлы. Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бастығы Ерлан Орынбасарұлы қазіргі таңда турис­тердің қалада аялдау уақытын 3 күнге ұзартудың тәсілдері қарастырылып жатқанын айтады. Әзірше бас қаламыз бұл жөнінде қандай әдіс қолданатыны белігісіз. Бірақ мейлі, қалай болса да, Нұр-Сұлтанда өзіндік ерекшелікке ие, басқа қалалардың туризміне ұқсамайтын жаңа жоба керек. Бір реттік шарамен немесе мерекелік кештермен тұрақты түрде турист тарту қиын. Оның үстіне қысы ақтүтек боран болатын астанамыз маусымдық туризмнің ықпалынан әлі де арыла алмай тұр. Оның да жалғыз жолы – Нұр-Сұлтан қаласының қысқы туризмін дамыту. Өкінішке қарай, бас қалада жаз бойы өтетін мәдени шаралар арқадан құс қайта сап тыйылады. Сосын да қытымыр қыс­тың құшағында тыныш жатқан қалаға турис­тер де ат басын бұра ­қоймайды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды