Вторник, 25 Июль 2017
-->

ЕЛОРДА ТОЙЫ – ЕЛ ТОЙЫ

Төрткүл дүниені төріне шығарған Астананың әр күні онсыз да мерекемен басталып, әр кеші көңілді концерттермен жалғасуда. Бұған Астананың тойы тұспа тұс келіп, мерейлі мерекеміз еселенді.

Бұл күндері қаланың қай бұрышына барсаңыз да әуелеген әсем ән құлағыңыздың құрышын қандырып, сұлулықтың сансыз сырларын ашты. Қала қонақтары мен тұрғындары қала күнінде қаншама қызықты шаралардың куәсі болып, бала біткен мәз-мейрам болды. Төрт күн бойы әлемнің таңғажайыптарынан түрлі тарту жасалынып, шат-шадыман той өтті. Соның біразын назарға алған болатынбыз…

Көшпенділер қалашығына қош келдіңіз!
Жыл сайын дәл осы күні көпшілік өздерін Хан-Шатыр ойын-сауық орталығы маңындағы көшпенділер қалашығының күтетінін жақсы біледі. Биыл да солай болды. Халық алдымен осы жерге қарай ағылды.

Балалар жағы есік алдында тұрған түйелерге мініп, батыр­лардың киімін киіп мәре-сәре болысып жүргенде, қалашық ішіндегі думан да басталып жатты. Көз алдыңа көшпелі өмірдің көріністерін әкелетін жоба керемет ұйымдастырылыпты. Хан сарайы көрсетіліп, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Аңырақай, Бұланты, Шаған шайқастарының уақыттары жазылған жалаулар көтерген көш хан сарайынан сахнаға қарай шеру тартты. Ән дүлдүлі Әміре Қашаубаевтың 1929 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде ән салған сәтін сахналық қойылым арқылы көрсетті.

Дүйім жұртпен бірге қалашықтың ашылуына Астана әкімі Әсет Исекешев қатысып, қала тұрғындарын елорданың мерейлі мерекесімен құттықтады. «Құрметті Астана қаласының тұрғындары және қонақтары! Баршаңызды Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бәріңізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Астанамыз көркейе берсін. Мереке құтты болсын!» деді шаһар басшысы.

Қала әкімі кешеннің аумағындағы қайнаған тіршілікпен танысып, мерекелік қойылымдарды тамашалады. Бірі жүн түтіп, бірі ұршық иіріп кешеннің көрігін қыздырып отырған әнші әжелердің әндерін тыңдады. Шеберлер жәрмеңкесіне барып, ағаштан түйін түйген ісмерлерден естелікке ұлттық нақыштағы кәдесый сатып алды. Ақшаңқай үйге бас сұғып, ұлттық тағамнан да дәм татты.

Қалашықтың ішінде түрлі көрмелер мен жәрмеңкелердің ұйымдастырылып, ісмерлер мен ұсталардың қолынан шыққан тұрмыстық жабдықтар сатылымға қойылды. Ақ жаулықты әжелер ән айтып, он саусағынан бал тамған ісмерлер жиналғандарға ұлттық бұйымдарды жасаудан шеберлік сыныптарын өткізді.
Екі ай бойы дайындалған көшпенділер қалашығын енді ел 10 қыркүйекке дейін тамашалай алады.

Естен кетпес ерекше туындылар
Астаналықтардың мерекеде күтетін тағы бір айтулы шарасы – «Astana Art Fest» xалықаралық өнер фестивалі. Биыл да мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленген фестивальдің бас кураторы Яна Малиновскаяның айтуынша, қатысушылар саны екі есеге артыпты. Негізінен, көшпелі мәдениеттің құндылықтарын негізге алып жасаған туындылар қатысатын ашық байқауға 10 елден 70-ке тарта өнер иесі қатысты. «Елордадағы «Нұржол» желекжолында қойылған әрбір туынды өте ерекше болды. Суретшілер мен мүсіншілер көбіне экология мен әлеуметтік тақырыптарға мән берді. Әсіресе, француздық және жопондық өнерпаздардың туындылары көпшіліктің қызығушылығын тудырып жатыр» деді ұйымдас­тырушылар.

Көпшілік қызыққан туындылардың ішінде бос пластик бөтелкелермен толтырылған субұрқақтар, киіз үй түріндегі автобус аялдамасы, металл қаңқа мен әйелдердің ескі халаттары мен шапандарынан, бас орамалдарынан құрастырылған «Great халат» туындылары бар. Тағы бір ерекше инсталляцияның бірін француздық Ламин М есімді өнерпаз жасапты. «Шекарасыз көші-қон» деп аталатын бұл туынды заңсыз көші-қон мәселесін көтеріпті. Осындай түрлі тақырыптарды көтерген туындылар адамдарды кәдімгідей ойландырады, әлеуметтік маңызы бар мәселелерге бей-жай қарамауға шақырады.

«Әу» демейтін қазақ жоқ
Сахнаға шығып, күнде әуелетіп жатпаса да ән айтуды көп адам жақсы көреді. «Бәрі ән айтады» атты караокемен ән айту байқауы музыкалық білімі жоқ, бірақ саханаға шығуды армандайтын жандарға үлкен мүмкіндік сыйлады. Қала әкімдігінің қолдауымен «Жастар» сарайы ұйымдастырған ән жарысына 18-ден асқан дарынды жастар қатысты. Еліміздің әр өңірінен келіп, байқауға қатысуға ниет білдірген 200 адамның 78-і іріктеу сынынан өтті. Іріктеу кезеңдерінде қатысушылар «Ретро», «Мультфильм әндерінен үзінді» аталымдары бойынша әндерді орындады.

Музыкалық жобаға «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников, «Голос» жобасының қатысушысы Арчи Пурцеладзе, Астана мемлекеттік филармония­сының солисі Татьяна Хасьянова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рахметжан Шамұратов, дизайнер Қайролла Әбішев қазылық етті. Екі күн бойы өзінің ерекше дауысымен көзге түскен 20 жасар студент қыз Нарғыз Күдренова жеңімпаз атанып, қала әкімінің кубогін иеленді.

Әлемдік цирктің үздік жетістіктері
Елорда күнін мерекелеу аясында цирк өнерінің мерейтойлық оныншы «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалі де өтті. Бұл да астаналықтардың асыға күтетін ерекше шарасы. Әлемдік цирктің үздік жетістіктерімен танысуға мүмкіндік беретін фес­тивальде 12 мемлекеттің, атап айтқанда, Беларусь, Мысыр, Қырғызстан, Монако, Ресей, Түркменстан, Өзбекстан, Украина, Эфиопия, Қытай және Қазақстанның үздік әртістері өнер көрсетті.

Ежелгі өнер түрлерінің бірі болса да заманға сай дамып, өркендеп келе жатқан цирк өнерін заманауи технологияларды қолдана отырып дамытып отырған елдер Х «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалін бұрынғы классикалық дәстүрлі түрде емес, жаңа форматта өткізді.Әлемдегі жалғыз манеж-трансформер, субұрқақтар каскады, күмбезден жауған жаңбыр, 600-ден аса субұрқақ, лазерлік анимация, заманауи арнайы эффектілер көрерменді бей-жай қалдырмады.

Ақ отау төріне қонды
Елорданың туған күнінде астаналық жас отбасылардың саны 38 жұпқа көбейді. Он жылдан бері қалыптасқан игі дәстүрді жалғаған жастардың некесі Бас байрақ алаңында салтанатты түрде қиылды. Астана қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырған бұл игі шараның аясында осы кезге дейін 500-ге жуық отбасы шаңырақ көтеріпті.

Бас байрақтың бауырына жиналған жұптар өмірлеріндегі ең маңызды, ең бақытты сәттерін Астанамыздың туған күнімен бірге тойлауды жөн көрген. Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығы Рыскүл Қауғабаева «Бүгін – ерекше күн. Биылғы неке қию рәсімі ЭКСПО көрмесімен сәйкес келіп отыр. Жастарға көрмені тамашалауға арналған билеттер берілді. Бұл күн түрлі ерекшеліктермен есте қалады» деді.

Жас отбасыларға бағалы сыйлықтардан тұратын ойындар ойнатылып, бас жүлдеге – Түркия мен Бурабайға жолдама және теледидар берілді. Оған қоса жас жұбайлар дәстүр бойынша өздерінің арман-мақсаттарын 2008 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан тілектер кітабына жазды. АХАЖ қызметкерлері шара соңында жас жұбайларға неке қию туралы куәліктерін табыстады.

P.S. Қала күнінің құрметіне ұйымдастырылған шаралардың негізгілеріне ғана тоқталдық. Бұл күндері қаламыз бойынша жүздеген шара ұйымдастырылды. Балаларға арналған шаралардың, ойындардың, түрлі кештердің де куәсі болдық. Олардың қатарында «Шаттық» халықаралық балалар фестивалі, «Алып субұрқақтар» шоуы бар. Міне, осылай, Астана тойы еңселі елордамыздың абыройын одан сайын асқақтатып, асырды. Биылғы тойды көрмеге келген шетелдік қонақтар тамашалап, оң бағаларын беріп кетті!

Гүлжан  РАХМАН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*