«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда елтаңбасы өзгерді

0 15

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов қатысқан отырыста депутаттар маңызды үш мәселені бірауыздан мақұлдады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне, жалпы алғанда 71 адамға Жеңіс күніне орай қосымша әлеуметтік көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Биыл бұл үшін жергілікті бюджеттен қосымша 25 млн 900 мың теңге бөлінді. Соған сәйкес соғыс ардагерінің әрқайсысы 9 мамыр қарсаңында 519 мың теңгеден алады.
Елордада қазақ театры, жаңа мектептер мен жолдар құрылысы үшін мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдері сатып алынады. Аталмыш жобамен Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алексей Миткин таныстырды.
Оның айтуынша, 14 нысанды салу үшін жалпы көлемі 7,1 гектарды құрайтын, жалпы құны 1,84 млрд теңгеге жететін 95 жер телімін сатып алу туралы шешім шығарылды.
Соның ішінде 23-15 көшесінде, А.Байтұрсынұлы мен Ж.Нәжімеденов көшелері ортасындағы жер телімі қазақ театры құрылысына арналады. Ал Тұран даңғылы мен №24 көше және А 16 мен А 34 көшелері қиылыстарында жаңа мектептер салынады. М.Жұмабаев даңғылындағы А.Байтұрсынұлы көшесінен бастап № 44 көшеге дейін жол құрылысы жүреді. Осындай жұмыс Ә.Жангелдин, Асан Қайғы көшелерінде де атқарылады.
Бұған қоса, Есіл өзенін қайта құру, көппәтерлі тұрғын үйлерді салу, инженерлік желілерді, атап айтқанда, жылу магистралін салу, кіші айналма жолының құрылысын жалғастыру үшін де жер телімдері сатып алынады.
Елорданың Елтаңбасында өзгеріс болады. Бұл қандай өзгеріс екенін Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев айтты.
Баяндамашының сөзінше, ел астанасының атауы өзгергендіктен, қала Елтаңбасындағы «Астана» жазуы латын қарпіндегі «Nur-Sultan» жазуына ауыс­тырылады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды