«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда – Елбасының ерлігі

1 59

Арқаға ең алғаш қоныс аударған өнер адамдарының бірі – Кенжеғали Мыржықбай. Астана Ақмолаға көшеді деген бас­тама көтерілгенде, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Амангелді Құсайынов­тың шақыруымен Кенжеғали аға Ақмолаға қоныс аударады. Сол тұста Ақмоланың рухани ортасы қалай қалыптасты? Ең алғаш қандай қиындықтар болды? Осы жөнінде Кенжеғали Мыржықбаймен әңгімелескен едік.

– Кенжеғали аға, сонау 1996 жылы Ақмолаға алғаш қоныс аударған өнер адамысыз. Ол кездегі жағдай қалай еді?
– Ол кезде Ақмола үлкен ау­дандық масштабтағы иқы-жиқы, алқам-салқам талғамсыз соғылған қала еді. Басқалардың мысы басым қалада қазақтардың рухы басылып қалған. Қазаққа қазақша сөйлесең, бетіңе бажырая қарайды.
Бірде мынадай жағдай болды. Автобуста келемін. Кенет шетте отырған қазақ жігітін көзім шалды. «Ассалаумағалейкум, атың кім?» дедім әлгі жерде. Содан танысып жатырмын. Есімі Марат екен. Екеуміз қазақша сөйлесіп кеттік. Сөйтсем, топырлап тұрған орыстың бір жігіті гүж ете қалды: «Эй, вы, кончайте там гр-гр. Говорите по-человеческий». Жанымдағы қазақ жігіті үндеместен аялдамадан түсіп қалды. Менің де көңіл-күйім түсіп кетті. Қайдан ғана келдім деп ойлап қоямын іштей. Иә, сол жылдары Ақмолада қазақ өте аз еді. Бар-жоғы 20 пайызға жетер-жетпес қана. Тіпті осы облысты қазақ басқарып көрмеген. Бұрынғы әкімдері Морозов, Гартман, Браун дейтіндер еді. Ұлтжанды азаматтардың өзі саусақпен санарлық. Амангелді Құсайынов, Алдан Смайылов, Смағұл Рақымбек, Нұрғожа Ораз, Табыл Құлияс… Ат төбеліндей ғана еді. Қазір, Аллаға шүкір, көшеде де қазақ, көлікте де қазақ. Қала тұрғындарының саны миллионнан асты. Мегаполис қалаға айналды. Ішің жылиды, көзің қуанады. Мен бұлай болады деп ойламадым.

«Ақмоланың өнері өксіп тұр»

– Рухани орта әлі қалыптас­паған кезде кімдермен жиі араластыңыз?
– Мен Ақмолаға кетемін дегенде, Алматыда бәрі қарсы шықты. Операда бас партияны енді кім орындайды, ол жақта не істемексің, Ақмола Астана болу үшін кемінде 50 жыл керек деп айт­қандар көп болды. Содан Мұхтар Мағауинге бардым. Жағдайды айттым. Құптады. «Ақмолаға барсаң, жазушы, ұлтжанды Алданға Смайылға бар, арқа сүйеуге болатын азамат» деді. Ол кезде Алдан облыстық телеарнада директордың орынбасары болып жұмыс істейді екен. Өзі «Тіл және мәдениет» қоғамын басқарады. «Не сұмдық, қазақ жерінде тұрып қазақ қоғамын басқару?!» деп ашуым келетін. Сол Алдан Смайылдың «Сәрсенбінің сәтіндегі» деген телебағдарламасына жиі шығып тұрдым. Суыртпақтап бәрін сұрайды. Ақтарылып, ішімде­гінің бәрін жайып саламын. «Қазақ әншілерін неге шақырмайды? Концерттердің бәрі неге орысша? Астана болуға кімдер қарсы?» дегендей. Ал көңілім құлазып, рухани орта аңсағанда марқұм Жақып Омаров басқарған қазақ театрына, Жомарт Әбдіқалық басқаратын «Арқа ажарына» және бас редактор Кенже Жұмағұлов істейтін «Ақмола ақиқатына» барамын. Ал тұңғыш келген ғалымдардан Дихан Қамзабекұлын ерекше айтар едім. Жүгіріп жүріп түрлі семинарлар, конференциялар ұйымдастырып, сықиып қалған ортаны қазақыландыруға бір кісідей атсалысты.
– Ақмолаға келгеннен кейін алғаш рет филармония құрғаныңызды білеміз. Сол кезде әр­тіс­терді қалай жинадыңыз?
– Ақмолаға келгеннен кейін екі-үш ай дайындалып, консер­ваторияны бітірген пианист Гүлзада Құсайынованың рояльде сүйемелдеуімен концерт бердім. Ол кезде сайрап, жайнап тұрған кезім. Өзім жүргізуші, өзім әнші, өзім режиссер. Бұл ерекше концерт болды. Себебі осы уақытқа дейін ешкім келіп қазақша концерт қоймаған. Тіпті «Казправданың» бірінші бетіне «Первая ласточка будущей столицы» деген мақала шықты.  Елдің бәрі құлақтанды. Амангелді Құсайынов ағамыз риза болып, ЕҰУ-дың профессоры атағын беріп жіберді.
Сөйтіп жүргенде, 1997 жылдың шілдесінде Ақмола облысына жаңадан мемлекет қайраткері, ұлтжанды әкім Жәнібек Кәрібжанов келді. Бір күні мені шақырып алып: «Сенің өнеріңе Алматыдан қанықпын, радио, телеарналардан естіп жүрмін. «Ақмоланың өнері өксіп тұр» деп мақала жазыпсың, ол рас. Облыстық филармония құрсаң қайтеді?» деді. Бірден келістім. Сөйтіп, бұрыннан келе жатқан «Целинный» кинотеатрын 9 ай филармонияға лайықтап жөндеп, 60 адамнан тұратын қазақ ұлт аспаптары оркестрін құрдым. Музыкалық ұжымды басқаруға Павлодардан марқұм Мырзағали Айдаболовты шақырдық. Алматыдан Базаралы Түсіпжанов, Мұхтар Исабаев, Батыр Темірәлиев, Жанар Жүсіпова, Арқалықтан Анар Мұздаханова, Тұрар Әліпаев, Шолпан Тұрмағамбетова, Көкшетаудан Гүлдана Тасболатова, Құралай Шонаева, Ирина Серікбаева, Асқар Қалкенов, Салтанат Бексейітова, Ақмоладан Бақыт Нұрпейісова, Жанарбек Мұхамеджанов, Берік Коскин, Қайрат Кәкенов, Дулат Әбілдинов, Асқар Жүсіпов, Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартетінің әншілері Гүлнар Хамзина, Ғалия Байғазинова, Нұрай Танабаев, Гүлмира Сарина және тағы басқа музыканттарды ша­қырдық. Сөйтіп, 1998 жылдың сәуір айында тұңғыш рет Ақмо­лада оркестр мен хордың қатысуымен Ғалия Байғазинова екеу­міз «Біржан–Сара» айтысын сахнаға шығардық.

Газет таралымы бір айда аспандап кетті

– Рухани орта іздегенде газет редакцияларын жағалапсыз. Сонда қазағы аз өңірде қазақ газеттерінің таралымы қандай болды?
– Бір күні әкім Жәнібек Кәрібжанов жиналыс жасайтын болды. Келген бойда «Мемлекеттік тілде сөйлеңіздер» деді. Сол-ақ екен, Алдан Смайыл, Жомарт Әбдіқалықтар бірінен кейін бірі қазақша сөйлей бастады. Орыс басшылар аң-таң. Сонда «Арқа ажары» газетінің тиражы тым аз екені айтылды. Аудан әкімдерінің бәрі отыр. Тып-тыныш. Сонда әкім: «Казправда», «Егемен Қазақстан» – Президентская газета, «Арқа ажары», «Ақмола ақиқаты» – наша газета» деді. Бітті. Артық ештеңе айтпады. Бір айдың ішінде газет тиражы бірнеше есеге артты. Айтты, орындалды.
– Астанаға алғаш келген өнер адамы ретінде Елбасының қабылдауында болдыңыз. Сол кезде айтқан ұсыныстарыңыз бүгінде қаншалықты орындалды?
– 1998 жылы Астанада алғаш Қазақ ұлттық музыка академия­сы ашылды. Ректоры Айман Мұсақожаева «классикалық ән айту» кафедрасының меңгеру­ші­сі қызметіне шақырды. Сонда шәкірт дайындадым. Аманжол Бөлекпаев, Әділбек Жақсыбеков, Сансызбай Есілов бастаған осы қаланың азаматтары қазақ өнеріне жанын салып көмектес­ті десем, артық айтқандық емес. Сөйтіп жүргенде, 2004 жылы Президент қабылдауында болдым. Онда үш мәселе бойынша сөйлестік. Біріншісі Ұлттық музыка академиясына дарынды
балаларды оқыту және олар­ға қолдау көрсету жайында жеке әңгіме болды. Екіншісі – «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, үшіншісі Астананың өнер адамдары мен мәдени ғимараттар төңірегінде өрбіді. Елбасы алғаш келгеніме, концерттер беріп жүргеніме алғыс айтты.
Ауыл баласы демекші, академияға дарынды балаларды жинау үшін ауыл, аудандарды аралап, концерт бердім. Арасында «Музыкаға бейімі бар балалар болса, концерттен соң маған жолықсын» деп хабарлап қоямын. Сонда балаларын оқуға жіберейін десе, кейбір ата-аналардың ақшасы жоқ. Оқуға қабылданғандардың бәрі музыкалық академияның интернатында жатып оқыды. Әлі күнге дейін алғыс айтатындар көп. «Болашақпен» оқып келгендері қаншама!
Айтайын дегенім, сол кезде Елбасының алдында айт­қан ар­мандарым бүгінде орындалды. Аллаға шүкір, Астана балет жә­не опера театры бар. Елорда төрінде «Қазақ­стан» концерт залы ашылды. «Жастар театры», «Цирк», «Қобыз сарайы» жұмыс істейді. Күні кешеге дейін кісі есігінде жүрген филармония қазір «Астана концерт» залына өз алдына жайғасты.

«Жаяу Мұсаның мұңы»

– Бір кездері арқалы ақын Серік Тұрғын­бекұлы сізді сыртыңыз­дан мінеп-сынағандарға жауап ретінде өлең арнап шығарған деседі. Осы оқиға  туралы айтып беріңізші…
– Арқаға 1998 жылы ақын Серік Тұрғынбекұлы келді. Екеу­міз дос­­пыз. Сықиған ортадан шаршап, рухани орта іздейміз. Менің мойным салбырап, оның шашы жалбырап, алқам-салқам болып көшеде жүреміз. Сол кезде сыр­тымыздан әңгіме айтатындар көп болған екен. Әсіресе, мен үнемі жаяу жүремін. Таң атпай жүгіремін. Бір күні сыртымнан көрген «жұлдызсымақтар» күлген екен «Әні, Мыржықбай жаяу Мұса кетіп барады» деп. «Жаяу Мұсаның мұңы» деген өлең солай дүниеге келді. Жалпы, сол кездегі «жұлдыздар» елорданың өнеріне ешқандай да жаны ашып келгендер емес. Олардың кейбірі шенеунік болып келіп, үй-күйін жасап алып, кейіннен бәрі тайып тұрды. Бұл туралы уақыты келгенде айтатын боламын. Ал өлең былай басталады:
Мен жаяумын, жаяумын,
Жүрегімде қаяу-мұң.
Жаяу жүрген жан ғой деп,
Керегі не аяудың?
Әттеген-ай, әттеген,
Сыртын берді бақ деген.
Кім қазылған көріне
Кіреді екен атпенен.
Дос болмадым әлдімен
Қас болмадым малдымен.
Ат мінгендер жұмаққа
Барар ма екен алдымен.
Қинап адал жанымды,
Қайнатады қанымды,
Бәрін-бәрін аларсың,
Ала алмайсың әнімді.
Ән шырқаған кезімде,
Күйіп жанам сезімге,
Алсаң ал атымды,
Абыройым өзімде.
Қайда мейлі бармайын
Өз үйімдей төр дайын.
Жаяу жүрген адамдар
Ояу жүрер әрдайым.
Танылады әр істе,
Сөзі шықпас теріске.
Жаяу жүрген пенденің
Жан жолдасы періште.
Әнім артық малыңнан,
Таяқ артық талыңнан.
Жаяу жүрген кезімде
Жан адамға жалынбан.
Кейін өзімнің жеке концерттерімде «Ақ сисаны» орындар алдында осы өлеңнің тарихы туралы айтып беріп жүрдім. Елдің бәрі риза болады. Осындай өлең шығарған ақынға өзім де ризамын.
– Қазір елорданың ең беделді университетінде игі жақсылардың басын қосып, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігін жүргізесіз. Қандай жоспарларыңыз бар?
– Осы уақытқа дейін елуден астам кездесу ұйымдастырдық. Алматыдан Исраил Сапарбай, Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет, Астанадан Әкім Тарази, Сұлтан Оразалин, Серік Тұрғынбекұлы, Көпен Әмірбек, Әкім Ысқақ, Несіпбек Айтов, Кеңес Дүйсекеев, Алмас Алматов, Жеңіс Кәкен, Атыраудан Ілья Жақанов, Оралдан Ақұштап Бақтыгереева, Қарағандыдан Серік Ақсұңқарұлы, сонымен қатар Болат Аюханов­тың балеті, «Астана Опера» театрының симфониялық ор­кестрі, Достоевский атындағы драма театры, Ақтаудан «Ақ­жол» жастар театры, «Қаламқас» ән-би ансамблі және тағы басқа өнер адамдарын шақырдық. Университет қабырғасында Еркеғали Рахмадиев пен Кәкімбек Салы­қов­тың соңғы кездесуі өтіп, бүгінде тарихқа айналды.
Жалпы, мен келген кездегі сары дала бүгінде алып шаһарға айналды. Жасым алпыстан асты. Шын ниетіммен келген едім. Әлі күнге дейін осындамын. Аллаға сансыз шүкір айтып отырамын.

Сұхбаттасқан Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

  1. Әдемі :

    Кенжегали ағайдың сұхбатынан соң керемет ойда қалдым… Өнер – мәңгілік, дүние – жалған екендігіне тағы да көз жеткізiп, ағайдың еңбегіне сүйсіндiм, қазақ деп соққан жүрегінің дүрсілін сезіндім… Сол кездегі Ақмола мен Астана жермен көктей ғой… Өнер туралы айтпаганда… Ендеше, ағайдың еңбегі ұмытылмау керек… Авторға үлкен алғыс

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды