«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда Екібастұзға ел толтырды

0 24

Өткен сенбі күні елорда мен Павлодар облысы әкімдіктері бірлесіп, жүзеге асырып жатқан «Нұрлы Ертіс» тұрғын үй бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың төртінші легі Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұз шаһарына қоныс аударды. Көшуге ниет танытқан отбасыларды елорда әкімдігі көлікпен қамтамасыз етті.

«Мамыр айынан бері бас қаладан Екібастұзға 54 көпбалалы отбасы, барлығы 337 адам көшті. Оларға үш бөлмелі пәтерлер берілді. Бүгін тағы 10 отбасыны, отбасылар мүшелерін барлығын қосқанда 59 адамды қабылдап, аттанғалы отырмыз. Олар да пəтермен қамтылады. Бұл отбасылардың жұмысқа жарамды азаматтарына жұмыс ұсынылады. Бала-шағасы балабақшалар мен мектептерге орналастырылып, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Балалар мен отбасының бір ересек мүшесі қоғамдық көлікте тегін жүреді. Балалар спорттық секциялар, əртүрлі үйірмелерге тегін қатыса алады» деді Екібастұз қаласының Жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Шабекова.
Екібастұзға көшкен отбасылардың бірі – төрт бала өсіріп отырған Нұрлыбек Ысқақов пен Толқынай Оспанованың шаңырағы.
«Сыр елі – жыр елінің тумасымын. Қызылордадан алдымен Түркістан қаласына, одан кейін бала-шағаның болашағын ойлап, елордаға қоныс аудардық. Осында тұрғанымызға да он жылға жуықтады. Баспанадан көп қиналдық. Алла тағала нəсіп етіп, осы күнге жеткізді. Үйі­міз болатынына өзіміз де, бала-шағамыз да қатты қуанып жүр. Əрине, астанамыз­дан кеткіміз келмейді, оны қимаймыз. Бірақ бала-шағамыз үшін, үй беріледі дегеннен соң көшуге бел байладық. Негізі, экономистік оқуды бітірдім. Алайда мамандығым бойынша жұмыс істемей, асабалықпен айналысамын» деді Нұрлыбек.
Толқынайдың мамандығы тарих жəне география пәндерінің мұғалімі екен. Елордада ол №29 мектепте еңбектенді.
«Екібастұздан үш бөлмелі пəтер береміз, мамандығыңыз бойынша жұмысқа орналастырамыз деді. Төрт баламен пəтерге ешкім алғысы келмейді, жатақхананың қуықтай бөлмесінде тұрдық. Сосын «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы туралы естіп, өтініш бердік. Рақмет, бəрі тез арада жүзеге асты. Елорда əкімдігі көлік бөліп, жүкшілерді жіберіп, алдымен заттарымызды тиеп алып кетті. Енді өзіміз жолға шыққалы отырмыз» деді Толқынай.
«Нұрлы Ертіс» бағдарламасы елорда әкімдігінің кезегінде «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға арналады. Бұл бағдарламаға қатысуға өтініш бергендер Екібастұз қаласына көшіп, баспаналы болады. Берілетін пәтер саны – 122. Әзірге солардың жартысы иелерін тапты. 3 бөлмелі пәтерлердің әрқайсысы – 78-80 шаршы метр. Аталған баспананы алу үшін бастапқы жарна қажет емес. Ай сайынғы жалға алу бағасы бір шаршы метрге 99 теңге, бұл шамамен 7722 теңгеден 8000 теңге аралығында. 5 жылдан кейін көпбалалы отбасы пәтерді жекешелендіре алады. Баспананы алуға үміткер бағдарламадан өткен жағдайда 120 000 теңгеден кем емес жалақылы жұмысқа орналастырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды