«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Elorda Aqparat» көш бастады

0 32

Доп тебетін, дөп теппесе де доп додасына әуес журналистер қауымын апта сайын бір алаңда жинайтын БАҚ лиганың қысқы маусымы барған сайын қыза түсуде. Оның бір дәлелі – екінші турдың орталық ойыны болған турнирдің басты фавориті «Хабар» мен былтырғы «Б» лигасының чемпионы «Elorda Aqparat» командаларының кездесуі.

«Хабардың» аты – «Хабар». Қанша дегенмен төрт рет чемпион болған адуын команда. Бұған бір қарсы тұрса, «Қазмедиа» тұрады деген жұрттың долбары бірінші турда-ақ тас-талқан болды. Сондықтан ешкімге дес бермейтін «Хабарға» елеусіз «Elorda Aqparat»-тың сес көрсетуін көбі сенсацияға балады. Дегенмен сенсация деп сәнін түзеуге де келмес. Себебі «Elorda Aqparat» екі жыл бұрын «Хабарды» дәл осы турнирде жеңіп, бірақ маусым соңында бір ғана ұпай айырмасымен екінші орынға түсіп қалғаны есімізде.
Хош, сонымен бұл ойын бұрынғыдан өзгерек болды. Екінші минутта күтпеген жерден «Elorda Aqparat» есеп ашты. Және бұл голды Мәди Ысқақовтан ешкім күтпеген шығар. «Хабар» қазір күшіне мінеді деп отырғанда қарымта шабуылға ден қойған «елордалықтар» екінші голын салып кетті. Көзге түскен – Бексаттар Саттар. Бірінші таймның соңына таман Әлішер Келгенбай есеп айырмасын бір голға қысқартты.
Ал екінші таймда екпіні күшейген «Хабар» таразы басын теңестірді. Ерекшеленген тағы да сол – Әлішер. Чемпион есепті еселейміз деп екіленген ұрымтал тұста «елорданың» қақпашысы Азамат Нұрматовтың ортаны қақ жарып, тіке тепкен добы Айбек Қабылшаның қақпасына топ ете қалды. Осы есепті қанағат тұтқан «Elorda Aqparat» қақпа маңына барынша «жатты». Ал «Хабар» қақпашысын алып тас­тап, қарсыласын қатты қыса түсті. Бірақ иесіз қалған қақпаға Аян Әбдуәли тағы бір допты тоғытып, ойынның ­нүктесін қойды.
Осылайша екі ойын қатарынан жеңіске жеткен «Elorda Aqparat» турнир кестесінде жеке-дара көш бастады. Қалған ойындарға келсек, «Qazaqstan TV» «Спорт 59» командасын 4:1, «Хабар 24» командасы «Егемен Қазақстанды» 6:4 есебімен ұтты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды