«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елінің жоғын жоқтап, мұңын айтқан

0 17

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туғанына сексен жыл толды. Ақынның туған жері – Атырауда басталған мерекелік шаралар көрнекті ақын елорда Алатаудан Арқаға қоныс аударғанда ұлы көшпен бірге келіп, өмірінің соңғы жылдарына дейін тұрған бас шаһарда жалғасын тауып, дүбірлі шараға ұласты.АҚЫНҒА КӨШЕ БЕРІЛДІ

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Фариза апамыз тұрған Есілдің сол жағалауындағы еңселі үйге ескерткіш тақта қойылған еді. Енді, міне, дәл осы сол жағалау­дан ақынға көше берілді. Алдымен игі шараның басы жаңа көшенің ашылуынан бастау алды. Оған қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен және зиялы қауым өкілдері мен алыс-жақыннан келген қонақтар қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған әкім орынбасары бүгінгі шараның орны бөлек екендігіне тоқталды.
– Халқымызда «Жақсының есімі ешқашан ұмытылмайды» деген жақсы сөз бар. Бүгін біз қазақтың дана қызын, дара қызын еске алып, елордада есімі берілген көшеге жиналып отыр­мыз. Бұл игі іс – апамыздың аруағына деген үлкен құрмет. Жас ұрпақ бұдан өнеге алады деп ойлаймыз. Бала күнімізден ақын өлеңдерін жаттап өстік. Ол кісінің айтқан өрелі сөздері де жұрт жадында қалды. Парламент депутаты болып елдік істерге де араласты. Сондықтан Фариза апамыздың көшесі құтты болсын! – деді ол.
Көшенің ашылу лентасын Бақтияр Мәкен мен ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов кесті.
Одан кейін белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың ­лауреаты Алдан Смайыл ақынның жан-жағын қоғамдастырып жүретіндігін айтып, жылы естелік өрбітті.– Фәкең жай ақын болған жоқ, ақиқаттың ақыны болды, өмір бойы шындықты айтып өтті. Шындықты айтудың өзі ерлік. Шындықты айтқан адам әркімге жаға бермейді. Бірақ ол кісі ешкімнің көңіліне қарамай елдің мұңын күйттеп өтті. Оған деген халықтың махаббаты шексіз екендігін ақын дүниеден озғаннан бері көріп келеміз. Фариза заманымыздың абызы атанған Әбіш Кекілбайұлының туған қарындасындай еді, кейде екеуін егіз көретінбіз. Әбекең ол кісіні өмірбақи еркелетіп өтті. Шын мәнінде, Фәкең – қазақтың қызы бола отырып, халықтың ұлы бола білген адам, – деді қаламгер.
Бұдан кейін жиылған жұрт Ұлттық пантеондағы Фариза апамыздың бейітіне гүл шоқтарын қойып, дұға бағыштады. Содан соң «Radisson Hotel Astana» қонақүйінің мейрамханасында ақын аруағына ас беріліп, құран оқылды. Бұл тағылымды шараға қала басшысы Алтай Көлгінов қатысып, сөз сөйледі. Сонымен бірге аяулы жанмен өмірде жақын сыйласып, араласқан зиялы азаматтар да естеліктер айтты.

«АҚЫН АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ АШСАМ ДЕЙМІН»

Ұлттық академиялық кітапханада Фариза Оңғарсынованың «Шілде» және «Полдневный жар» атты қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптарының таныстырылымы болды.
Бұл кітапқа ақынның тұтас бір дәуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған туындылары енген. Жинақты орысшаға ақын, әдебиеттанушы Татьяна Фроловская тәржімалаған.
Таныстырылымда ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай ­Жолдасбеков ақын туралы естелігімен бөлісті.
– Әбіш пен Фаризаны бөлу қиын. Екеуі де бөлінбейтін тұлға. Мен екеуімен де жұбымыз жазылмай бірге жүріп, талай сапарлас, дәмдес болдым. Фариза қазақ қыздарының қамқоршысы болды. Солардың жағдайы мен мұң-мұқтажы дегенде жанын шүберекке түйіп, бар жұмысын тас­тап жүретін. Аға сыйлай білетін, әдепті, текті еді, – деді. Белгілі әдебиеттанушы Ермек ­Аманшаев та ақынның шығармашылығы туралы толымды сөз қозғады.Сонымен бірге ақынның баласы Алмас Оңғарсынов жаңа кітаптың жарыққа шығуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын айтып, болашақта атқарылатын жоспарымен бөлісті.
– Былтыр анамның естелік кітабы шықты. Ал бүгінгі екі кітаптың жарық көруінің тарихы бар. Осы жинақты шығаруға қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығымды білдіремін. Және көмек көрсеткен азаматтарға алғыс айтамын. Негізінде, өткен ғасыр­дың 70-80-жылдары ақынның жыр жинақтарын оқырмандар іздеп жүріп оқыды. Қазіргі жастар оны көбінесе ғаламтордан оқиды. Осы кітапты да­йындауға анамның жан досының бірі, аудармашы Татьяна Фроловскаяның сіңірген еңбегі зор. Өкінішке қарай, бұл кісіден бір апта бұрын айырылып қалдық. Анамыздың есімін мәңгі есте сақтау мақсатында біраз жұмыстарды қолға алдым. Мен үшін ең маңыздысы, көкейімде жүрген арман – ақын атындағы мұражай ашу. Бұл жұмысты екі жыл бұрын елордадан бастап кеттім. Мүмкіндік болса, болашақта ашылады деп ойлаймын. Сол үшін біраз елдердегі белгілі адамдардың музейлерін араладым. Оған анамның тұтынған заттары мен қолжазбаларын қойғым келеді. Сондықтан осы арманымды жүзеге асыруға бар күшімді жұмсап жатырмын, – деді ол.
Сондай-ақ «Жастар» театрын­да Алматы мен Мәскеуде қо­йылған жазушы-драматург Роза ­Мұқанованың «Фариза» спектаклі жұртшылыққа ұсынылды. Басты рөлді «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты ­Назгүл Қарабалина сомдады. Қойылымды тамашалауға елорда басшысы Алтай Көлгінов қатысып, сөз сөйледі:
– Бүгін ерекше күнде бас қосып отырмыз. Өйткені ақын, қоғам қайраткері, халқының сүйікті қызы Фариза ­Оңғарсынованың 80 жасқа толған мерейтойына арналған «Фариза» спектакліне жиналдық. Елбасы – Тұңғыш Президентіміз ол кісіні «Қазақ поэзиясының падишасы» деп айтқан. Бүгінгі іс-шаралар Президентіміз Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың тапсырмасы бо­йын­ша жүзеге асырылып отыр.
Фариза апамыз – халықтың адамы. Ол кісі қаламның ұшымен халықтың жоғын жоқтап, мұңын айтты, – деп жиналғандарға ізгі лебізін білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды