«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Елін сүйген ер көңілді ол бір сері»

0 55

Ұлттық академиялық кітапханада бір басына сан түрлі өнер тоғысқан қарымды қаламгер Баянғали Әлімжановтың «Сырыңды айтшы, дүние…» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешті белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев жүргізді. Шара барысында Парламент Мәжілісінің депуататы Сауытбек Абдрахманов Әлімжановтың азаматтық келбеті мен өнері жайында салмақты сөз қозғаса, профессор Серік Негимов кеш иесінің жас күнінен алғыр, өжет, сұңғыла болып өскендігін әңгімеледі.
– Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Бұл нақыл Баянғалидың тұлғасына шақ келмейді. Ол – «сексен сырлы, тоқсан қырлы» жігіт. Баянғали атақты Біржал сал туған топырақта өмірге келген. Осы киелі жерде он жеті би-шешен ғұмыр кешіпті. Солардың бүгінгі жұрнағы Баянғали деп білемін. Оның манасшыл болуы да бекер емес. Кезінде Шоқан оқыған Омбы кадет корпусының ұстаздары шәкірттерін жазғы демалыста Жетісу, Іле және Қырғыз Алатауына жіберіп, эпостық жырлардың үлгілерін жинатқан. Кейін ол 1840 жылы кітап болып жарық көрді. Яғни, біздің Көкшеге де Манас жыры сол кезден тараған. Баянғалидың бала күнінде сол көне жырды білетін қариялар бар еді. Манастың рухы оған солардан дарыды деп ойлаймын» деді ғалым. Ақын Қорғанбек Аманжол досы туралы ізгі лебізін білдіріп: «Біржанның домбырасын қалған ұстап, Ел сүйген ер көңілді ол бір сері!» деп арнау өлең оқыды. Сондай-ақ қаламгердің өлеңдеріне жазылған әндер орындалып, балалардың автордың туындыларындағы кейіпкерлерді бейнелеген сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Кеш барысында сөз зергерінің 13, 14, 15, 16 том шығармаларының таныстырылымы болды. Бұл томдыққа автордың «Әй, әртістер-ай!», «Бақытсыз болғың келмесе…», «Балқан байдың айымдары», «Қарыз бен Қаспақ» комедиялары мен балаларға арналған «Алпамыс батыр мен алып монстр» пьесасы және «Батыр болмақ сойдан-дүр…» атты қызықты зерттеуі және басқа да мақалалары топтастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды