«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЭЛЕОНОРА ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

0 64

ERA_0048

Сәуірдің 29 күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында тағы бір жаңа кітаптың тұсаукесері болды. Бұл жолы қазақ топырағында өсіп-өнген белгілі неміс жазушысы Элеонора Хуммельдің қазақ тіліне аударылған «Берлин балықтары» атты романы көпшілікке таныстырылды. 1000 данамен басылып шыққан роман Алматы қаласындағы «Мерекенің баспалар үйі» қолдауымен жарық көріп отыр.

Аз-кем анықтама

ЭлеонораХуммель1970 жылы бұрынғы Целиноградқаласындаөмірге келген. Ол 10 жасында ата-анасымен бірге тарихи отанынақоныс аударды. Жазушылыққа бала кезденәуестенген автордың туындылары 1995 жылдан беріәртүрліәдеби журналдарда жарық көріп келеді.

Элеонора Хуммель 2006 жылы «Штейдль/Геттинген» баспасынан шыққан осы романыүшін Роберт Бошқорының Адельберто фон Шамиссо атындағы ынталандыру сыйлығын алса, «Die Venus im Fenster» кітабының арқасында Саксония мәдениетқоры стипендиясының иегері атанды.

ERA_0034Романның тұсаукесеріне арналған бағдарламаны белгілі жазушы Мереке Құлкеновтің өзі жүргізіп, автордың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Кешке жиналған оқырмандар Элеонора Хуммель мен кітаптың аудармашысы Рауза Мұсабаеваға сұрақтарын қойып, Германия мен Қазақстанның арасындағы ортақ құндылықтарға қызығушылық танытып жатты.

Кітапта қазақ топырағына көшірілген неміс өкілдерінің соғыстан кейінгі өмірі бейнеленген. Қазақстанда туып-өскен Алина есімді кішкентай қыздың өмірі және атасының өткен ғұмырындағы беймәлім тағдырының жұмбақ тұстары туралы баяндалады. Ол атасының соғысқа қатысып батыр болмағанын, сондай-ақ Сібірде балық аулап рақат тірлік кешпегенін кейін түсінеді.

Романнан үзінді

avatar_137_71

Қыста анам үлкендеу етіп сатып әперген жылы киімдерімді киетінмін. Тері тон мен жылы қолғап, пима маған әлі бес жыл киюге жарайды. Мен жіпке оранған жібек құртындай қорбиып қымтанып алатынмын. Құндыз бөркім көзіме сырғып түсе беретін. Кей күндері тақтайдай теп-тегіс көшемен жүгіре жөнелгенде бас киімімді үлкен ғып таңдап алған анама іштей ренжитінмін.
Аяғымның астында аппақ қар сықыр-сықыр етеді. Өкшесі дөңгеленген пимаммен жүрген кезімде өзімді домалап бара жатқандай сезінетінмін. Құлап кетпей тепе-теңдікті сақтау үшін жиі адымдап тез жүргім келгеніммен, сыртқы түрім ұсқынсыз екенін білемін. Бірақ қысты күні көшеде маған қарай қоятындай адам аяғы сирек. Қоршаудың арғы бетіндегі қабаған иттердің менімен ісі болмайтын.
Атауы жиі өзгерсе де, байырғы халық «Ақ мола» деп атайтын қала қысты күні қатты суық.

***

Үйге соңғы елу метр қалғанда жүрісімді жылдамдататынмын. Кешікпеуім керек. Бір үйде тұрып жатса да атам мен әжемнің бастары сирек қосылатын, алайда, екеуі дастарханға бір мезгілде келіп отыруды тәртіпке айналдырған. Алдымен ыстық сорпа ішіліп, сосын екінші тамақ желініп, соңынан ыстық шайға кезек келеді. Тамақтың бәрі оттың қызуындай күйіп тұруға тиісті болатын. Атамның кесесіндегі шайға байқамай ерінімді күйдіріп алсам, ол сәл жымиып, таңдайын қаңылтырмен қаптап қойған жандай ыстық шайын асықпай сораптай түсетін.

***

Ол бертінге дейін өзі салған пешін мақтан ететін. Ешкім оған қол тигізбеуге тиіс болатын. Жылуды ұзақ сақтайтын пеш салудың өзі өнер дейтін. Атам қаладағы ең шебер пеш салушы атанды. Зейнеткерлікке шыққан соң қол қусырып бос отырды. Сақылдаған сары аязда сыртқа аттап баспайтын. Қаусаған сүйектерім жылуды сүйеді дейтін.
Әжем сүт фабрикасында жұмыс істейтін. Кешке үйге келгенде үстінен жаңа ғана дайындалған қаймақ пен майдың тәтті иісі шығып тұрады. Әжем сүт фабрикасында істейді дегенімде құрбыларымның көздерінде қызғаныш оты маздайтын. Мектепте бар мақтанарым осы болды.
Енді сегіз, жеті, алты адымнан кейін үйге де жететінмін. Жаураған иттің қыбыр етуге шамасы жоқ, үнсіз жататын. Ол үйшігінің ішінен, маған қабағының астымен мөлие қарайтын. Қасынан зу етіп өте шыққанымда мұз қатқан шынжырының сылдыры да естілмейтін.
Қырау басқан есік тұтқасына қол тигізбей тұрып аяғымның қарын қақтым. Қыраулы терезенің ар жағында мені атамның күтіп тұрғанын сездім. Ол арқамнан қағып, үйге кіргізді. Қашан келсең де, осылай. Кіреберіс дәлізден әлгінде ғана жарылған ағаштың хош иісі аңқиды. Үйдің жылуы бетімді шарпиды. Тоңған аяқ-қолдарымды пешке жылыттым.

***

«Сосын?» деп сұрадым мен.
«Сосын не болушы еді.» Атам иығын қиқаң еткізді. «Кез келген қатты қыс та әйтеуір бір кезде ілбіп өтіп кетеді ғой. Менікі он бір жылға созылды, алайда, ол да өтті. Соғыстан кейін көз көрген жанды іздеп, тауып алудың сәті түсті. Соғыс бейбіт елдің берекесін алды. Мені ұмытпаған адамдар таныды… бағым бар екен. Мені әжең кім екенімді сұрамастан, жазбай таныды… бәрін есіне түсірді. Қарашы, бір балық қармаққа ілінді».

***

Ата-анамның екеуара әңгімелері көбіне-көп жолға шығатын күн төңірегінде өрбіді, бұл басқа елге қоныс аударар алдындағы уақытша аялдайтын қалаға баратын сапар еді, ал түпкілікті тұратын жеріміз туралы айтуға әлі ерте болатын. Үйді сатып алушы табылған бойда, бәлкім бүрсігүні, не болмаса келесі аптада, тіпті, екі айдың ішінде қаладан тезірек қарамызды батырар едік. Күн өткен сайын қаланың өзіндік ерекшелігін еске сақтап қалуға бекіндім. Бірақ есте қалатын ерекшелік таба алмай қиналдым. Қала көрінісі ішіңді пыстырады, қыста ақ қарға оранған ақ молаға ұқсайды, жазда шаңнан көз ашқызбайды. Анда-санда үй-ішімізбен сейілдеуге шыққанда қала шетіндегі бұлаққа баратынбыз, жағалауы ақ қабыршықтанып кеткендіктен, ел оны Тұздыбастау деуші еді. Бұлақтан қайта оралған кезде апамның денесінің ақтаңдақтанып кететініне таң қалып, не болғанын сұрайтынмын. Сөйтсем, тұз жердің бетіне шығып кеткендіктен, тұзды бұлақтың жағалауына қылтанақ та өспейді екен. Бірде жағалаудың ағараңдаған қабыршағын тырналап алып, тіліме тигізіп көрдім. Ешқандай ащы дәм білінген жоқ. Осы туралы атама айтқанымда, балықтарға тұзды судың ешқандай зияны жоқ деді.

***

Күндіз олар әр үйге баса көктеп кіріп, үй иесінің алдына бір парақ қағаз бен қалам қойып: «Бізге он халық жауының атын жазып бересің, егер тізімге тоғыз адамның атын ғана жазсаң онда оныншысы өзің боласың» дейтін. Ешкім оныншы болғысы келмеді. Олар он, он екі, жиырма есім жазылған парақтарды жинап алып, түннің бір уағында сол тізім бойынша іске кірісетін. Кейде мен қораның есігінің саңылауынан олардың көршілердің бірін төсектен жұлқылай оятып жатқандарын көретінмін. Олар комодтарды тінтіп, шкафтарды аударып-төңкеріп, іш киімдерді лақтырып, арасынан қылмысты айғақтайтын қайдағы бір жоқ құжаттарды іздейтін. «Қара қарға» деп сұсты көлік халық жауын алып кеткенде, есік алдында әйелі мен балаларының көлеңкелері көлбеңдейтін. Ұсталып кеткен үйдің адамдары дыбыстарын шығармайтын. Айқайдан қайран жоқ, үнсіздік те құтқарып қалмайтын. Қара қарға алып кеткендердің кейбіреуі ғана кері оралып жатты. Ол кезде бұл әркімнің басына түсетін іс дегеннен басқа түсінік болмайтын. Адамдардың көбін еш негізсіз, құр күдікпен тұтқындайтын. Жұрт әлгі қамауға алынған адам соттаған кезде оның халық жауы, контрреволюционер, сатқын болып шыққанын бір-ақ біліп жататын. «Қоғам ондайлардан тазартылуы тиіс» деген ұран тасталатын. Құрт-құрмысқаларды, зиянды шыбын-шіркейлерді қырып-жоюшылар арамтамақ, азғындаушылармен күрес кезіндегі адал еңбектері үшін орден алып, марапатталатын. Атуға күнде бұйрық беріліп, «қара тарақандарды» қайта тәрбиелейтін лагерьлер салынып, қайтып келгендердің тізімі жасалды.

***

Егер де Алойс Метцгер деген адамның көзі тірі болса, онда іздеп жүріп тауып алар едім. Бұл соншалықты қиынға соқпауға тиіс. Өткен өмірін енді қайтып еске алмас үшін отбасының фотоальбомын көшіп кеткен үйінің шатырына тастап кеткен талай Алойс Метцгер сияқтылар болған шығар? Әрине, егер ол әлі тірі жүрсе менің атамның, оның ұзақ жыл айнымас досы болған адамның дүниеден озғаны туралы хат жазып жіберер едім. Көшеден өтіп, саябаққа бұрылдым. Күзгі ағаштардың сыңсыған жапырақтары шуын саябырлатып, сыбдыр қағады. Құлағыма жаңбырдың тырсылы келді. Жол мені суының бетін жеп-жеңіл тербеген көлге алып барды. Судың жағасынан талшын ағаштары көрінбеді, тек жөке ағаштары мен емендер, бұтақтары жағалаудан суға асылған талдар ғана көмкеріп тұр.
Жиналмалы орындықта екі балықшы қаз-қатар отыр. Екеуі де плащ кигенімен, бірі екіншісінен ересек екенін аңғару қиын емес, әкелі-балалы шығар.
Кідіре бердім, екі балықшы атамның айтқандарын есіме салды. Оның балық аулау туралы әңгімелерінен қандай ауарайы кезінде қармаққа қандай жем салғанда қай балық түсетінін айтқанын есіме түсіруге тырыстым. Ол маған көп әңгімесін айтуға үлгермей қалды. Атамнан енді қайтып сұрай да алмаймын-ау…

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды