«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЭЛЕКТРОБУС – КЕЛЕШЕКТІҢ КӨЛІГІ

0 22

Электро­автобустың тиімділігі неде?

Еуропадағы өндірушілер мұндай автобустарды қуаттаудың тиімді жолын тапты. Электробустарға аса қуатты конденсатор орнатылады. Мұндай жағдайда электроавтобустың аккумуляторы 20 шақырымға дейін жол жүруге жарайды. Алайда бір кемшілігі – қызмет көрсету құны қымбатқа түседі, қосымша жабдық сатып алу қажеттілігі тағы бар.

Қытай өндірушілері электробустарға литий құйылған аккумулятор орнатып, көліктің қуаттаусыз жүретін уақытын ұзартты. Ондайда автобустарды тәулігіне бір рет – түнгі мезгілде қуаттау қажет. Мұндай шешім инфрақұрылымға салынатын инвестицияларды барынша қысқартып, электр тоғын түнгі арзан тарифпен қолдануға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті пайдаланған Қытай екі жыл бұрын 385 мыңға жуық электроавтобустарды сынақтан өткізді. Қазір қытайлық бұл өнімдерді Нидерланды үкіметі сатып алуда.

Украинадағы электромобильдер нарығына қатысушылар қауымдастығының жетекшісі Арсений Абдураимовтың айтуынша, жай автобус пен электробус­тың шығындарында айтарлықтай айырмашылық бар. «Біз қалалық бағдардағы электроавтобустың, троллейбустың және автобустың пайдалану көрсеткіштерін салыстырдық. Көліктің үш түрі де күніне бірдей деңгейде табыс әкеледі. Алайда автобус пен элетробус­тың шығындарын қарасақ, электробустың тиімділігі жоғары. Отыннан көп үнемделеді. Мысалы, көлікті электро­бустарға ауыстырсақ, жылына 1,6 миллион гривен үнемдейміз» деп түсіндіреді А. Абдураимов.

Украиналық мамандардың пікірінше, электроавтобус­тарды іске қосуға қосымша инфрақұрылым қажет емес. Қаладағы қоғамдық көлік депосының бірін қуаттайтын станция етіп жабдықтау жеткілікті. Жұрттың көпшілігі электроавтобус пен ­троллейбустың айырмашылығын білгісі келеді. Бұл жерде негізгі артықшылық – электроавтобусқа инфрақұрылым керек емес.

 

Экологиялық көлікпен жүру – арзан

Ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін азайту үшін Қытай билігі Шэньчжень қаласында ғажайып жобаны іске асырды. Бұл жанар-жағармаймен жүретін автобустардан толықтай бас тартқан әлемдегі жалғыз қала. Ресми дерек бойынша, 2017 жылы Шэньчженьнің барлық аудандарына қатынайтын 16 400 электробус жолға шықты. Қала билігі 2020 жылы барлық такси қызметін электр қуатына көшіруді жоспарлап отыр.

Шэньчженьнің қоғамдық көлігін электрлендіруге жұмсалған шығындарды Қытай үкіметі жария етпеді. Бір анығы, қаланың инфрақұрылымына ауқымды өзгерістер жасалды, көліктерді қуаттайтын көптеген стансалар бой көтерді. Қытайлар алдағы уақытта бұл жобаны елдегі бірқатар ірі қалаларда жүзеге асырмақшы. Атап айтарлығы, Шэньчжень тұрғындары қаладағы ауаның керемет тазарғанын сезінуде.

2019 жылдың қаңтарынан бастап Норвегияның астанасы – Ослода жолаушыларды «жасыл» көліктермен тасымалдауға көшті. Өзгелерден бір ерекшелігі, ­Ослодағы электроавтобус­тардың жүргізушісі жоқ. Таң қаларлығы, жүргізушісі жоқ көлікке 12 жолаушы сыяды, ол жылдамдығын сағатына 20 км/сағатқа дейін жеткізе алады. Одан да ғажабы, кез келген жолаушы арнайы қосымшаның көмегімен автобусты шақыруға болады. Норвегияның көлік ­мини­стрі мемлекет 2025 жылға дейін елдегі жанар-жағармаймен жүретін барлық автобустарға тыйым салынатынын мәлімдеді.

 

Нұр-Сұлтанда электроавтобус сынақтан өтті

Осыдан екі жыл бұрын, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде елордада электроавтобус­тардың жүргенін көзімізбен көріп едік. Биыл ақпан ­айынан бастап, қанатқақты жоба іске қосылды. Отандық мамандар келешектің көлігінің қатты аяздарға төзімділігін сынап, оның тиімділігіне көз жеткізді. Айтпақшы, сынақ ақпан айындағы -45 градустық аязда жасалды. Электроавтобусты ашық аспан астына 24 сағатқа қалдырып, ертеңіне жолға шығарды. Таң қаларлығы, көлік ешқандай ақаусыз отталып, 240 шақырым жол жүрді. Төменгі температура электрлі қозғалтқыштың жұмыс істеу қабілетіне ешқандай жағымсыз әсер етпейтіні анықталды.

«СарыарқаАвто Өнеркәсіп» ЖШС-нің «Электро­көлік» жобасының үйлестірушісі ­Роман ­Кривопаленконың ­пайымдауынша, қазіргі кезде электроавтобус жолау­шылар тасымалдаушының барлық талаптарына сәйкес келеді. «Негізінен, электроавтобустар -50ден +50 градусқа дейінгі температурада жұмыс істеуге қабілетті. Сынақ осыны дәлелдеді. Біз автобусты электр жетегімен сынақтан өткізіп жатырмыз. Жылу жүйесі де тестілеуден сәтті өтті. Біз далада -40 градус болғанда, қатты жел соққанда жолау­шылардың тоңбайтынына көз жеткіздік. Автобусты сынақтан өткізу мерзімі 30 күнге созылды» дейді ­­Р. Кровопаленко.

Мамандардың анықтағанындай, электробустың дизельмен жүретін автобусқа қарағанда көптеген артықшылығы бар. Біріншіден, қоршаған ортаға зиянды заттар таратпайды. Екіншіден, ғажайып автобусқа техникалық жағынан қызмет көрсету өте арзанға түседі: май, фильтр, ременьдері ауыстырылмайды. Жөндеу жұмыстарының да шығыны аз. Көлік қозғалмаған жағдайда электр қуаты жұмсалмайды. Демек, жанар-жағармаймен жүретін көлікпен салыстыр­ғанда 3-4 есеге арзан.
Тест-драйв кезінде электр­мен қуаттайтын станса №1 автобус паркінің аумағында орнатылды. Айта кетерлігі, автобус батареясының көлеміне қарамастан қуаттауға 1,5 сағат уақыт жұмсалады. Бұл қуат ауа баптағыштар қосылып тұрған уақытты қоса есептегенде 240 шақырымға дейін жетеді. Елордада бағдарлардың орташа қашықтығы 25-40 шақырымды құрайды. Яғни, бір рет қуатталған электробус толық бір ауысымға қыз­мет ете алады.

Сынақтан өткізуші мамандар электробустың электр қуатын тиімді пайдалануына талдау жасады. №1 автобус паркінің электро­бустарды пайдалануға беру жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Жомарт Байбеков мұндай электроавтобустардың үнемділігі кәдімгі дизельдік автобустан 6 есеге дейін жоғары екенін айтады. «Мұны түсіндіріп берейін: электроавтобус орташа есеппен 1кВт/шақырым электр қуатын жұмсайды. Бізде 1 киловатт 18 теңге тұрады. Егер дизельдік отынмен салыстырсақ, оған 1 шақырымға шамамен 650 грамм жанар-жағармай жұмсалады. Оның бағасына шақсақ, 196-208 теңгеге әр литріне 126 теңге кетеді» деп түсіндірді Ж. Байбеков.

Көп ұзамай, бас қала «жасыл» экономикаға, соның ішінде, тиімді электроавтобустарға көшеді. Елорда автопаркін жаңалау үшін қала әкімдігі жылдың соңына дейін 100 электроавтобус сатып алатын болды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде осындай жаңалықты жария етті. «Жыл сайын қала тұрғындарының саны өсіп келеді. Халық көбейген са­йын, автокөліктердің саны да ұлғаюда. Қоршаған ортаға таралатын қалдықтарды қысқартуға ұмтылып жатырмыз. Осыған орай, жылдың соңына дейін 100 электроавтобус сатып аламыз және онымен шектеліп қалмаймыз» деп мәлімдеді А. Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды