«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Электроавтобустар жүйткитін күн жақын

Әлемдегі ірі қалалар мен мегаполистер электроавтобустарды пайдалануға көшіп жатыр. Bloomberg агенттігінің мәліметі бойынша 2025 жылға қарай әлемдік автобустар паркінің жартысына жуығы электрмен жүретін көліктерді пайдаланады. Бір қуанарлығы, бас қаламыз да осы трендтен қалмай, «жасыл» экономикаға көшеді. Соның бір дәлелі, елорда автопаркін жаңалау үшін қала әкімдігі жылдың соңына дейін 100 электро­автобус сатып алатын болды. Бұл жаңалықты көлік қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау кезінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жария етті.

0 17

Қоғамдық көлік 70 пайызға жаңарды
Қала басшысы жолаушылар көлігінің тұрақты жұмыс істеуі халықтың жайлы өмір сүру деңгейінің бір көрсеткіші болып табылатынын атап өтті. «Жолаушылар мен автокөлік жүргізушілері өздері тұратын қалада қолайлы, жайлы өмір сүруі үшін жыл сайын автопаркіміз жаңарып отырады. Мәселен, бас қаланың қозғалмалы құрамы 70 пайызға жаңарды. Мамандар автобустарды дер уақытында жөндеп, тексерістен өткізеді» деді Алтай Сейдірұлы.
Қалалық акселератордың шеңберінде құрылған жұмыс тобы қоғамдық көлікті одан әрі жетілдіру жұмыстарымен айналысуда. Осы мәселені тілге тиек еткен әкім Нұр-Сұлтанның «жасыл» экономикаға көшетінін жеткізді. «Жыл сайын қала тұрғындарының саны өсіп келеді. Халық көбейген сайын автокөліктердің саны да ұлғаюда. Қоршаған ортаға таралатын қалдықтарды қысқартуға ұмтылып жатырмыз. Осыған орай, жылдың соңына дейін 100 электроавтобус сатып аламыз. Және онымен шектеліп қалмаймыз» деп мәлімдеді А.Көлгінов.

Сервистің сапасына шағым көп
Қазіргі таңда елорданың жолаушылар көлігі саласында 3 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Күн сайын 900 автобус жолға шығады, оларда 1700 адам еңбек етеді. Бұл саладағы дамудың бір көрсеткіші – жаңа көліктер. Мысалы, соңғы 5 жылда қала билігі 700-ден аса жаңа автобус сатып алған. Жолаушыларға қызмет көрсететін көліктердің барлығы заманауи бейнебақылау жү­йесімен жабдықталған. Жаңа автобустардың бәрінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тасымалдауға арналған пандустар бар. Бұған қоса, жергілікті билік автобустардың қолайлы жағдайда жүріп-тұруы үшін көшелердегі тасжолдарға үнемі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізеді.
Қала басшысы қоғамдық көліктің басымдығын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Бас қалада автобустарға арналған Bus Lane арнайы жол жолақтарының пайда болуы автобустардың қозғалу жылдамдығын арттыра түсті. «Егер де адамдар қоғамдық көлікті көбірек пайдаланатын болса, бұл қала дамуының бір көрсеткіші болып табылады. Қазір Bus Lane енгізілгеннен ке­йін жолаушылар діттеген жеріне жеңіл автокөліктерден жылдамырақ жететін болды. Бұған қоса, билет сатуды электрондық жүйеге көшіру автопарктердің табысын 40 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік туғызды» деп атап өтті А.Көлгінов.
Алайда елордадағы қоғамдық көліктегі қызмет көрсетудің деңгейіне халықтың көңілі толмай отырғаны рас. Бұл мәселені ашық айтқан әкім нақты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, биыл қоғамдық көліктегі қызметке қатысты әкімдікке келіп түскен шағымдар 60 пайызға (2018 жылы – 13 мың, 2019 жылы – 21 мың) дейін ұлғайған. «Егер 2018 жылы қызмет көрсету сапасына қатысты 13 мың шағым түссе, биыл оның көлемі 21 мыңға дейін өсіп отыр. Бізге бұл санды түзету керек. Біз қазір қоғамдық көлік саласына қатысушылардың бәріне қолайлы жағдай туғызу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету» деп түсіндірді мәселені әкім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды