«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары талқыланды

0 24

Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалында «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевт­ың 10 міндеті: мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары» атты дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына саяси партиялардың, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауымның өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, Nur Otan партиясы «Жас Отан» жастар қанатының елордалық филиалының белсенділері қатысты. Басқосу барысында жиналған қауым Президенттің жанынан құрылатын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын ұйымдастыру, оны дамытуға қатысты тұшымды ой-пікірлерін, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Осы жиында айтылған парасатты пікірлер мен орамды ойларды ықшамдап жариялап отырмыз.

Сәрсенбай МЫҢБАЕВ, Байқоңыр аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Қазір билік пен бұқараның арасы сәл алшақтап кетті. Негізі, алшақтық болмау керек. Билік халықпен етене араласып, қоғамдағы күрмеуі шешілмеген мәселелердің барлығының түп-тамырына үңіліп, оңтайлы шешу жолдарын қарас­тырғаны абзал. Президенттің 10 міндетінің ішіндегі ең бастысы – әлеуметтік мәселелер. Біздің қоғамда әлеуметтік мәселелер рет-ретімен шешілуде. Бірақ оны әркім әртүрлі түсінеді. Мен бір мысал келтірейін. Осыдан 20 жыл бұрын елордада жедел жәрдем шақырсаң, дәрігерлер: «Екпеңіз бар ма, салып берейін» дейтін. «Ауруханаға жататын болсаң, ыдыс-аяғыңды, жаймаңды өзіңмен ала кел» деген сөздерді өз құлағымызбен естідік, көзімізбен көрдік. Жуырда бір оқиғаның куәсі болдым. Елорданың №2 ауруханасына бір адамды апардым. Науқастың жанына бір дәрігерді ілестіріп, 2 сағаттың ішінде барлық тексерістен өткізіп, қандай ем-дом қабылдайтынын анықтады. Әрі таңғалдым, әрі қуандым.

Төлеген КҮНӘДІЛОВ, Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары:
– Елімізде жыл сайын 1,5 мың адам өндірісте жарақат алады. Соның ішінде 200 адам көз жұмады. 2018 жылы елордада осындай 58 оқиға тіркеліп, соның ішінде 15-і мерт болған. Қайғылы 15 оқиғаның 12-сі құрылыста тіркелген. Бұл жағдайдың себептерін зерттей келе анықталғаны, «БАЗИС-А», «BI Group» сияқты ірі-ірі бас мердігерлер әртүрлі жұмыстарға ұсақ құрылыс бригадаларын тартады екен. Халықтың арасында «жабайы бригада» деп аталатын мұндай ұжымдар көбінесе еңбек шартын жасаспайтын, білімі таяз адамдардан құралады. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша өндірістегі жарақат алу оқиғаларының дені таңертең болады екен. Сондықтан қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қалалық кәсіподақтар орталығы спорттық-сауықтыру кешенін ашты.

Бағдәулет ЖАНДІЛДАЕВ, Nur Otan партиясы «Жас Отан» жастар қанатының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы:
– Биыл – Жастар жылы, келесі жылы – Еріктілер жылы. Мемле­кет жастарды жан-жақты қолдау­ға ерекше көңіл бөлуде. Меніңше, Президенттің жанынан құрыла­тын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жастар өкілдерін көбірек тарту қажет. Өйткені олар ой-­ұсыныстарын ашық айтады. Мысалы, «Жас Отан» жастар қанатының елордалық филиалының «Еркін пікір» атты пікірсайыс платформасы бар. Осы алаңда жастар өзде­рін толғандырған барлық тақырыптарға қатысты ой-пікірлерін, ұсы­ныс-тілектерін ашық жеткізіп жүр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды