«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елдік бастама

0 63

Елбасы Парламент палаталарының біріккен отырысында жария еткен «Бес әлеуметтік бастаманы» білім-ғылым саласы, соның ішінде жоғары мектеп зор ықыласпен қабылдады.

Бұл тосын да жаңашыл үндеу – әрбіріміздің тағдырымыз туралы. Еліміздің ширек ғасырдағы нәтижелі еңбегінің маңызды кезеңі жөнінде. Әлеумет пен әлеует баяны – жарқын істерді жалғастырудың көзі мен тетігі туралы.
Иә, бұл үндеудің аты – «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы».
Бұл – Елбасының жүз ойланып, жүз толғанған ел еңсесін тіктететін, елдіктің баянды мұраттарын көрсететін нақты іс жоспары.
Тіпті «бес бастама» дегеннің де рәмізді мәні бар. Мұнда бірлік пен тірліктің, жұмылу мен серпілудің сипаты аңғарылады.
Әр отбасы жеңілдікпен пәтерлі болып жатса, салық жүйесі одан сайын оңтайланса, жоғары мектепке деген мемлекеттік ынта-ықылас арта түссе, несие негізі нәсіп айналса, әлеуметтің яки халықтың қуанышы еселене түседі. Әлеуметтік бастаманың әлеуеті де – осында!
Жалпы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жемісін, бұйырса, Қазақстанның бар өңірі, барша азаматтары бір кісідей көреді. Үндеудің өн бо­йында Елбасы әлеуметтік серпіліс пен ел бірлігін қатар айтып отырды. Әсіресе, «Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жіге­рімізді жанып, нақты іске кірі­сетін сәт. Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз. Мемлекет осындай түбегейлі шараларды қолға алады. «Қазақ­стан – біздің ортақ үйіміз» деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс» деген ойда қаншама терең мағына бар.
Мемлекет басшысы қашанда еліне сенеді, ел Елбасы сөзінің әбден байыпталып, таразыланып, зерделеніп айтылатынын біледі. Сондықтан үндеудегі: «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын» деген жолдар айрандай ұйыған халқымызды одан сайын топтастыра түсті.
Әлеуметтік 5 бастаманың бір бастамасы жоғары білім саласына арналғаны жастардың Отанға деген сенімі мен үмітін тереңнен сезіну деп білеміз. Бұл ретте Елбасы: «Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағ­дай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет» деді. Мемлекеттік білім грантын – 20 мыңға, Студенттер үйіндегі жатын орынды 75 мыңға арттыру нақты жұмыстардың бір парасы ғана. Бұл аяда елге қажетті мамандықтардың сұранысы мен талабын құнттау, жатақхананы саламаттылық пен бірліктің құтханасына айналдыру сынды мәнді жұмыстар күтіп тұр. Мұны да Мемлекет басшысы қадап тұрып айтты. Жастарды білімді де білікті ету ісін «адам ресурстарына салынатын үлкен салым» деп атап көрсетті.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» – Елбасының ақылы, парасаты, табандылығы, шеберлігі, қажыр-қайраты, мейірімі, арманы, үміті. Мұның бәрі Мәңгілік ел мұратымен, рухани жаңғыру жолымен, әзіз тәуелсіздігіміздің талабымен тұтасады.
Біріншіден, бұл үндеу – ұлттық дамудың жаңа бағдарламасы.
Біз, білім саласының маман­дары, тәуелсіздік жылдар­да­ғы Елбасының, елшіл азамат­тарымыздың, тату хал­қымыз­дың маңдай терін, ізгі ниетін көрдік. Талай сынға төтеп бердік. Мына бес бастама – әлемдік экономикалық дағдарыстың сын-қатеріне Қазақстан жолы­ның жауабы.
Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев – жай ел басшысы емес, құрушы, жасампаз, көреген Президент. Сондықтан Астананы дер кезінде тұрғызғандай, әлемдік ЭКСПО көрмесін жайқалтқандай, болатынды кейінге қалдыратын уақыт жоқ. Ендеше, бұл әлеу­меттік әлеуетті бастамалар – жаңа Қазақстанның тұла бойына одан сайын қан жүгір­тетін, еліміздің төрт тарабын бір ырғақпен серпілтетін жасам­паздық жолы.
Үшіншіден, Елбасы тәуелсіздік жылдары әркез «Біздің өз жолымыз бар» деп мәлімдеді. Бұл бас­тамалар – Қазақстан жолының батыл тәжірибесі, Қазақстан жолының бірлік эпопеясы болғалы тұр.
Қазақстан мемлекетінің әр­бір белесті кезеңіне куә болу – замандастарымыздың асқақ арманы. Біз бәрі ойдағыдай болатынына сенімдіміз.

Ерлан СЫДЫҚОВ,
Астана қалалық мәслихатының депутаты,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
ректоры, академик

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды