«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 20

ТРАМП ҚЫРЫМДЫ МОЙЫНДАЙ МА?

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Қырымның Ресейдікі екенін мойындауы мүмкін екенін айтты.

Ақ үйдің қожасы Ук­раинаға қарасты түбектің Ресейге қарап кетуіне өзіне дейінгі президент Барак Обаманың кінәлі екенін мәлімдей отырып, өзі Қырымның енді Ресей құрамында екенін мо­йындап қалуы мүмкін екенін ауызға алды.
«Көрерміз» деді ол Қырымның мәртебесі туралы қойылған сұраққа жауап беріп тұрып.
Украинаның түбектен айырылып қалуына Барак Обаманы айыпты деп тапқан Трамп тү­бектің қайтарылуы қиын екенін де білдірді. Ол журналистермен кездесу кезінде Ресейге қарсы санкциялар жөнінде де ой қозғады. Сөзінде оның алынуы ықтимал екенін жоққа шығармады. «Біз Ресейдің не істейтініне қараймыз» деді ол.
Негізі, Дональд Трамп пен Владимир Путин 16 шілде күні Хельсинкиде кездесетін болып отыр.

КАНАДА АҚШ-қа ҚАРСЫ САНКЦИЯ ЕНГІЗДІ

Канада өзі үшін бұрын-соңды болмаған қадамға барып, АҚШ-тан әкелінген азық-түлік өнімдерінен 1 шілдеден бастап баж салығын салды.

Үйеңкі жапырақты елдің қаржы министрлігі жариялаған мәлімдемеде мәселе Құрама Штаттардан жылына келетін шамамен 12,6 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі импортқа салынатын баж салығы туралы болып отырғаны айтылған. Канада мұны Дональд Трамп әкімшілігінің болат пен қалайыға салған салы­ғына жауап ретінде жасап отыр.
АҚШ баж салығын Трамптың сайлау алдында берген уәделерін жүзеге асыру есебінде енгізген еді. Ол елге келетін бүкіл темір, болат және оның құймасы сияқты металдардың 25 пайызын қамтиды. Бұлардың қатарына тұрба, рельс, сым секілді заттар да кіріп кетті. Баж салығы бұдан басқа қалайыдан жасалатын көптеген өнімдердің 10 пайызын шарпыды. Ал азық-түлік өнімдері арасында виски, йогурт, кофе, үйеңкі шырыны, құлпынай джемі, пицца, қияр, қыша, майонез, сорпа, шоколад, сиыр етінен жасалған дайын астар бар. Тізімге барлығы 128 атаулы зат енгізілген.
«Канадада осыдан басқа жол қалған жоқ» деді елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Христя Фриланд.

АСТРОНАВТАРҒА РОБОТ СЕРІК БОЛАДЫ

«Ұшқыш ми» халықаралық ғарыш станциясына АҚШ-тың Флорида штатындағы Канаверал мүйісінен аттанды. Оны орбиталық бекетке SpaceX компаниясының Dragon кемесі жеткізеді.

Ақ түсті домалақ робот жалғыз емес – станцияда оның германия­лық астронавт досы бар. Старттан кейін 10 минут өткенде, Dragon капсуласы Falcon 9 ракетасының екінші сатысынан сәтті ажырады. Жоспар бойынша, ғарыш кемесі діттеген жеріне шілденің 2-де жетуі керек. Оның бортына станция­ның роботталған шынтағына жалғайтын қосымша қол, өсімдіктер бойындағы стресті өлшейтін құрал және ракты емдеу туралы жаңа зерттеу материалдары тиелген.
Бұған дейін Илон Масктің аэроғарыштық SpaceX компаниясы
НАСА-мен 1,6 миллиард доллардың келісім шартына қол қойды. Сол құжатқа сәйкес, Dragon халықаралық ғарыш станциясына осымен 15-ші рет жүк әкетіп отыр. Бұл жолы оған 2700 келі зат тиелген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды