«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 72

АҚШ пен Ресей келісімнен шықты

АҚШ орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен (ОКҚРШ) шегініп шыққаннан кейін, Ресей де бұл келісімнен шығатынын жариялады.

1987 жылы АҚШ пен Кеңестер Одағы «Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою» ке­лі­сіміне қол қойған болатын. 1 ақпан күні АҚШ президенті Дональд Трамп зымыран жою келісімін тоқтататынын мәлімдеген. Келесі күні Ресей президенті Владимир Путин де «америкалық әріптестер келісімнен шығатынын жариялады, біз де солай істейміз» деп мәлімдеме жасады.
Бірер күн өткеннен кейін бұл мәселені қайталай ауызға алған АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Қытайды қамтыған бірнеше елмен ОКҚРШ-на қатысты жаңа келісім жасау мүмкіндігін қарас­тыруға дайын екендігін мәлімдеді.

Гуайдоны қолдайтындар көбейді

Еуропа одағының көптеген елі Венесуэла парламентінің спикері Хуан Гуайдоны аталған елдің уақытша басшысы деп хабарлады BBC.

Бұдан бұрын АҚШ, Канада, Бразилия сынды бір қатар елдер оған қолдау білдірген болатын. Олар Гуайдоны Венесуэлада кезектен тыс сайлау өткізуге кепіл болатын және демократия қалпына келгенге дейін елді басқаратын уақытша президенті деп танитынын ресми түрде мәлімдеген. Алайда Ресей бастаған елдер «бұл Венесуэланың ішкі ісіне араласу» деп қатаң наразылық танытқан.
Венесуэладағы жағдай ушыққаннан кейін Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия елдері мәлімдеме жасап, Николас Мадуродан 3 ақпаннан бұрын елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді талап еткен.

Жасанды қол үміт жалғады

DeTop біріккен еуропалық зерттеу жобасының шеңберінде Integrum AB компаниясы мен Чалмерс технологиялық институтының (Швеция) ғалымдары доктор Макс Ортис Каталанның басшылығымен ерекше қол протезін жасап шығарды.

Бұл протез арнайы электродтар арқылы нервтер мен бұлшықеттердің сигналдарды қабылдауға қабілетті. Ол пациенттің қолына тікелей қондырылады. Сезімтал жасанды қол қимыл-қозғалысқа кәдімгідей икемді.
Сальгренск университетінің ауруханасында осы протезді орнату бойынша алғашқы ота сәтті жасалып, бір адамның қолын «ұзартты». Имплантант пациенттің шынтақ сүйектеріне біріктірілген титан сабағынан және тері астында жүйке ұшына қосылған 16 электродтан тұрады. Бұл қол қимылын ыңғайлы етіп қана қоймай, жеңіл-желпі салмағы бар затты ұстап немесе көтеруге қауқарлы.

Қалиақбар ҮСЕМХАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды