«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 38

Әскери төңкеріс жасай жаздады

Габон елінде республикалық гвардия сарбаздары әскери төңкеріс жасамақ болды. Euronews-тің хабарлауынша, мемлекеттік радиостансаны жаулап алған сарбаздар қолға түсті.

Сарбаздар халықты қазан айынан бері Мароккода ем алып жатқан ел президенті Али бен Бонго Ондимбаға қарсы шығуға шақырған. Габон халқы президентті тек 31 желтоқсан күні телеарнадан құттықтауы арқылы көрген. Ал Али Бонго жаңа жылдық құттықтауын Марокко елінен жолдапты. Көтеріліске шыққан әскерилер мемлекет басшысының бұл әрекетіне наразылық білдіріп, халыққа қорған болуды көздеген.
Али Бонго Габон елін 2009 жылдан бері басқарып келеді. Ол осыған дейін 42 жыл президент болған әкесінің орнын басқан. Ал 2016 жылы қайта сайлануын сол тұста оппозиция тарапы жалған әрекетке балаған.

Тастанды үйлер 8 млн-ға жетті

Жапонияда тастанды үйлердің қатары артып барады. Japan Times басылымы соңғы 5 жылда олардың қатары 8 миллионға жеткенін хабарлады.

Мұндай қарқынмен алдағы 25 жылда елдегі тұрғын үйлердің үштен бірі қаңырап бос қалуы мүмкін. Оған халықтың қартаюы, табиғи апаттардың жиілеуі, сондай-ақ адам қайтыс болған үйде өмір сүрмеу туралы жұрттың ырымы басты себеп болып отыр.
Бұл мәселені шешу үшін Токио арнайы бағ­дарлама ұйымдас­ты­рып, оның аясында бос қалған үйлер аз қаржыға сатылады, тіпті тегін тарату ісі де қарастырылып отыр. Оны жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер де сатып ала алады. Алайда тастанды үйлердің бір кемшілігі, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді немесе сүріп тастап, жаңа баспана салуды талап етеді.

Король тағынан бас тартты

Малайзияның королі Мухаммад V тақтан бас тартты. Ол енді Келантан штатына сұлтан болып бармақ.

Экс-корольдің бұл әрекетінің себебі әзірге белгісіз. Алайда қараша айында медициналық себептерге байланысты өз міндетін толықтай атқара алмағанын айта кеткен жөн. Мухаммад V корольдік міндетіне 2016 жылы қайта сайланған болатын. Bernama сайтының хабарлауынша, Малайзияның жоғарғы кеңесі жаңа корольді сайлау уақытын 24 қаң­тарға белгілеп отыр.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды