«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 8

Қытай «жасанды күн» жасайды

Қытайлық «жасанды күн» деген атауға ие болған плазма 100 миллион Цельсий градусқа дейін қыз­дырылып, сынақтан өтті.

Hi-news басылымы оның жұмысымен Қытай ғылым академиясының плазма физикасы институтының ғалымдары айналысқанын хабарлады. Сонымен қатар аппаратты құруға 35 мемлекеттің мамандары қатысты. Сынақ нәтижесі бойынша болашақ стационарлық термо­ядролық реакторды құру үшін қажетті физикалық жағдайларды алуға болатыны анықталды. Қазіргі уақытта ғалым­дар «жасанды күнді» жасап қана қоймай, энергияны сақтаудың жаңа жолдарын да қарастырып жатыр.

Экологиясы ерекше қала

АҚШ-тың Флорида штатында ерекше қала бар. Deutsche Welle басылымының хабарлауынша,
Бэбкок-Рэнч тұрғындары күн энергиясы арқылы ғана күн көреді.

Мұнда қазіргі уақытта 20 мыңға жуық үй бар. Бұған қоса Бэбкок-­Рэнчтің экологиясына зиян келмес үшін электрлі көліктен өзгесінің жүруіне тыйым салынған. Ал алғашқы тұрғындары осы жылдың қаңтар айында көшіп барыпты. АҚШ-та шуақты қаланы салу оңайға түспепті. Кеткен шығынның орны толатынына көпшілік күмәнмен қараған. Қазір бәрі жоспар бойынша жүзеге асып жатыр. Ал осы жылдың соңына дейін мұнда 50 мыңға жуық адам көшіп келеді деп болжанып отыр.

Косово сауда соғысын жариялады

Косово Сербия мен Босния және Герцеговинаға қарсы сауда соғысын жариялап, осы елдердің барлық тауарларына 100 пайыз кедендік баж салығын енгізді.

Кедендік баждарды көтеру туралы шешім Косово билігі Интерполдың Бас ассамблеясының сәтсіздікке ұшыраған сәтінен бірнеше сағаттан кейін шықты. Косовоның ұйымға кіруіне бұл елдің тәуелсіздігін мойындамаған мемлекеттер кедергі келтірді. Бұған тіпті Батыстың қолдауы да көмектеспеді. Косовтар 68 елдің дауысын жинағанмен, бұл да жеткіліксіз болды. «Сербия мен Босния және Герцеговинаға ғана емес, баж салығы Косовоға жаман көзқарастағы кез келген мемлекет үшін де осындай көлемде болады» деп мәлімдеді осы елдің Сыртқы істер министрі Беджет Пацоли.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды