«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 29

АҚШ-КХДР саммитіне қауіп төнді

Алдағы 12 маусым күні Сингапурде АҚШ пен КХДР лидерлері арасында болуға тиісті кездесудің өтпей қалу қаупі төніп тұр.

Бұған АҚШ президен­тінің киберқауіп­сіз­дік жөніндегі кеңесшісі Руди Джулианидің Израильде өткен инвес­тициялық конференция­да КХДР басшысы Ким Чен Ын тізерлеп тұрып, АҚШ президентінен саммит өткізуін сұрады, деп мәлімдеуі себеп болды.
Кейін Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Джулиани та­ғы «бұған АҚШ президентінің еш қатысы жоқ, бұл оның өз жеке пікірі» екенін айтып ақталды. Алайда бұл жөнінде Трамптың ләм-лим деп ауыз ашпауы жұртты таңғалдырып отыр.
Ал Ким Чен Ын Сингапурге бару бағытынан таймаса, Қытайдың екі истребителі оның ұшу кезіндегі қауіпсіздігін сақтау үшін қоршап апаратын болды. Сонымен бірге, мемлекет-қалада оның қауіпсіздігі үшін шамамен 34 оққағар жауап береді.

Гректер Македонияны өзгеге қимайды

Маусымның 6-сы күні кешке Грекияның 23 қаласында «Македония дегеніміз – Грекия» деген ұранмен шеру өтті.

Наразылық шарасын ұйымдастырушылар әуелгіде оны, Афина мен Салоникиді қос­па­ғанда, 13 қалада өткізуді жоспарлаған. Кейін олардың қатары тағы 10 қалаға ұлғаяды. Соның ішінде 3-5 мың адамды құраған ең ірі шерулер Пелла мен Верия елді мекендерінде орын алды.
Көрші мемлекеттің «Македония» деп аталуына қарсылық біл­дірген шерушілер биліктен бұл туралы Скопьемен жасалғалы тұрған келісімшартқа қол қоймауды талап етті. Шеру кезінде полиция қызметкерле­рімен арада болған қақ­тығыс салдарынан бірнеше адам кішігірім жарақат алды. Бірнеше жасөспірім ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Шеру кешкі сағат 10-да аяқталды. Келесі ірі наразылық шарасы 8 шілдеде Афинадағы «Синтагма» орталық алаңында өтетін болды. Оны Скопье қаласындағы гректер құқықтарын қорғау комитеті ұйымдастырмақ.

Қырғызстанда қамауға алу басталды

Қырғызстанда бұрынғы президентке ең жақын лауазымды тұлғаларды тұтқындау басталды.

Осыған байланысты бұрынғы премьер-министр Сапар Исақовтың, Бішкектің экс-мэрі және мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Кубанычбек Кулматовтың, парламент депутаты Осмонбек Артыкбаевтың және Джалал-Абад қаласының экс-мэрі Салайдин Авазовтың үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Бұлардың алдыңғы екеуі бұрнағы күні тергеу амалдары аяқталғанша оқшау ұсталатын болып, құлып астына алынды.
Елдің бұрынғы пре­­зиденті Алмазбек Атамбаевтың ең жақын адамдары болып саналатын бұл тұлғаларға ірі кө­лемде пара алуды ұйымдастырды деген күдік таңылып отыр. Айталық, Сапар Исаков 2014 жылы қаланың жылу-электр орталығын жаңғыртуда жемқорлыққа ұрынған. Сол кезде шаһарды басқарған Кубанычбек Кулматов осы жұмыс үшін бөлінген 2 млн долларлық грантты талан-таражға салған.
Әлбетте, Алмазбек Атамбаев жақтастарының қылмыс жасағандарына келіспей, бұған бірден «саяси тапсырыс», «кек қайтару» деген баға берді.

Дайындаған
Гүлбарам ҚҰРАҚ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық

университетінің
2-курс студенті

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды