«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елді елең еткізген

0 10

ВАШИНГТОН ИРАНҒА ЖЕҢІЛДІК БЕРДІ

Вашингтон Иран мұнайын импорттау үшін 8 мемлекетке рұқсат беру туралы шешімге келісті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Әзірге бұл тізімде Жапония, Үндістан және Оңтүстік Корея елдерінің бар екені анықталды. Есесіне бұл елдер «қара алтын» құнының артуына себеп болмас үшін импорт көлемін азайтуы тиіс.
Осы жылдың мамыр айында Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иранның ядролық келісімінен шығатынын мәлімдеген болатын. Осыдан кейін бұл елге қарсы санкция­ның жаңа түрі қабылданды. Тамыз айында шектеудің алғашқы кезеңі күшіне енді. Ол ең алдымен Иранның автомобиль құрастыратын саласын қамтып отыр. Сонымен қатар, алтын секілді өзге де металл түрлерін сатып алуға шектеу қойылды. Ал санкцияның келесі легі осы айда күшіне енеді.

ҚАРУЛЫ БОСҚЫН ҚАУІПТІ

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка жерінен 20 мыңнан аса босқын қарулы күйде Еуропа жеріне кіруі мүмкін. Бұл туралы Австрияның Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Заңсыз мигранттар Босния-Хорватия шекарасы арқылы Германия мен Скандинавия жеріне кіруді көздеп отыр. Kronen Zeitung басылымының мәліметінше, аталған тұсқа арнайы жасақ қойылып, жағдай бақылауда тұр. Дегенмен босқындардың пышақ ұстаған күйде шабуыл жасауы мүмкін екендігі туралы қауіп бар.
Белгілі болғандай, мигранттардың арасында Сириядан шыққандар жоқ. Олардың басым бөлігі Пәкістан, Иран, Алжир және Марокко елдерінен қашып келіп отыр.

СУ АСТЫНА КЕТТІ

Жапонияда аралдардың бірі толығымен су астына кетті. Эсанбэ Ханакита Кодзима аралы Хоккайдоның солтүстік жағалауына жақын жерде орналасқан.

The Guardian басы­лымы Жапонияның жағалау күзеті Эсанбэні соңғы рет 1987 жылы зерттегенін хабарлады. Ол кезде аталған арал су деңгейінен 1,4 метр ғана көтерілген. Ал өткен айда жағалау күзеті аралдың жоғалып кеткенін жақын маңдағы елді мекен тұрғындары хабарлағаннан кейін барып зерттеуге кіріскен.
Айтарлығы, бұл аралда ешкім тұрмайды. Сол себепті апатты жағдайда қоныс аударғандар жоқ. Енді Жапония ау­мағының қандай кө­лемде қысқарғаны анық­талмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды